2025 жылғы 10 шілдеден бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі егер несие отбасының мүддесі үшін берілмесе, жұбайының келісімінсіз кепілсіз тұтыну банкі несиесін (микрокредит) беру мүмкін емес екенін еске салды. Соңғы кездері елімізде онлайн несие рәсімдеуші алаяқтардың саны артып, арты отбасылық жанжалға алып келуде. Әзірге агенттік заңда болатын өзгерістерді әзірлеп, талқылау үстінде.
ҚАРАЖАТ ШОТЫҢЫЗҒА ТҮСУ ҮШІН 24 САҒАТ КҮТУ КЕРЕК
Бірінші кезекте, онлайн түрде кепілсіз рәсімделетін тұтынушылық несиелер бойынша жаңа талап енгізілмек. Егер несие сомасы 150 айлық көрсеткіштен (2025 жылы бұл 589 800 теңге) асып кетсе, банк немесе МҚҰ (микро қаржылық ұйым) қаражатты қарыз алушыға шартқа қол қойылғаннан кейін кемі 24 сағат өткен соң аударады. Сонымен қатар несие алушы да бұл шешімге келісімін растауы керек. Осы уақыт аралығында өз еркімен несие алушы немесе алаяқтың құрбаны болып отырған адам одан дер кезінде бас тартып, ойлануға мүмкіндігі болады.
БІР КҮНДЕ БІРНЕШЕ
МИКРО НЕСИЕ АЛУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛАДЫ
Егер азамат бір күнде бірнеше несие рәсімдеп, олардың жиынтық сомасы 150 АЕК-тен асып кетсе, келесі несиені беру уақытша тоқтатылады. Бұл да несие тұзағына түспеуге, алаяқтарға тосқауыл қоюға бағытталған қадам.
АЛҒАШ РЕТ ІРІ КӨЛЕМДІ НЕСИЕ РӘСІМДЕУ ҮШІН БАНККЕ БАРАСЫЗ
Яғни, 150 АЕК-тен жоғары сомада несие рәсімдеу онлайн емес, тікелей бөлімшеде жүзеге асады. Әсіресе, алғаш рет мұндай көлемді қарыз алушылар банк немесе МҚҰ менеджеріне аяқтай барып, сізге қажетті соманы бөлімшеде рәсімдеп қана саналы түрде ешкімнің ықпалынсыз алып жатқаныңызға көз жеткізуі қажет.
ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІ ДЕЕСКЕРІЛЕДІ
Несие рәсімдеудің жаңа талаптарына сәйкес, қарыз алушы 21 жасқа толмаған немесе 55 жастан асқан болса, 150 АЕК-тен жоғары сомадағы несиені тек қосымша растаумен, арнайы келісім арқылы алады. Бұл- қаржылық шешім қабылдау кезінде осал топтарды қорғауға көзделген әдіс.
ЖҰБАЙЫНЫҢ ЖАЗБАША КЕЛІСІМІ ҚАЖЕТ
2025 жылы елімізде 1000 АЕК- тен (шамамен 3,9 млн теңге) асатын кепілсіз тұтынушылық несие алатын азаматтар жұбайының келісімін ұсынуы тиіс. Яғни, күйеуі әйеліне немесе әйелі күйеуіне келісім беруі керек. Алайда, бұл талап жұбайы қоса қарыз алушы болған жағдайда немесе ішкі қайта қаржыландыру мақсатында алынған болса, қолданылмайды.
Жоғарыда аталған өзгерістер күн сайын алаяқтардың арбауына түсіп жатқан мыңдаған адамды негізсіз қарыз алудан сақтандырады. Бұл ретте тек қана екінші деңгейлі банктер емес, МҚҰ-ның да жауапкершілігін арттырып, бір немесе бірнеше қаржылық ұйымнан қарыз алушыларға белгілі бір шектеу салуға, ойлануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар несие мен қарыздың салдарынан туындап жатқан отбасылық мәселелерді азайту үшін де мұндай маңызды қадамға екі адамның келісімі сұралмақ.
А.САТАЕВА