Жаз мезгілі келісімен балалардың демалысын ұйымдастырып, түрлі сауықтыру ұйымдарына жіберіп жатамыз. Жазғы сауықтыру ұйымдары санитариялық- эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болғанда ғана балалар мен жасөспірімдердің сауықтырылуы және демалуы тиімді болады. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерге әрбір баланың денсаулығына және балалардың жазғы демалысының күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруда үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Балаларды сауықтыру ұйымдарын ашу алдында кенеге қарсы өңдеуді және кеміргіштерге қарсы күрес бойынша іс- шараларды уақтылы ұйымдастыру және жүргізу қажет.
Балаларды қабылдау денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама болған жағдайда жүзеге асырылады. Балаларды сауықтыру ұйымдарының жұмысшылары медициналық тексеруден толық өтуі қажет.
Күн тәртібі балалардың жас ерекшелігіне байланысты құрылады. Балаларды сауықтыру ұйымдарында балалардың гигиеналық тәрбиесі медициналық және педагогикалық қызметкерлерімен өткізіледі. Бұл жұмыстың ұйымдастырылуы санитарлық-ағарту жұмыстарынан және салауатты өмір сүру насихатынан құрылады және келесі мәселелерді қамтиды.
Олар:
– улы саңырауқұлақтар, өсімдіктер, жидектер мен улану жағдайларының алдын алу ;
– балалар жарақатының алдын алу, қауіпсіз жағдайда бірінші көмек көрсету ережелері бойынша оқыту;
– темекі шегудің, спирттік ішімдіктің, нашақорлықты пайдаланудың зияндығы туралы түсіндіру;
– жеке бас гигиенасын сақтау, тері- мерез, ЖИТС ауруларының алдын алу сияқты тақырыптарды ұйымдастыру.
«Ас – адамның арқауы» дегендей, дұрыс тамақтану әрі ас дайындаудағы тазалықты сақтау – адам денсаулығының кепілі. Әсіресе, жазғы мезгілде балалардың демалыс орындарында тазалық сақтау міндетті. Жазғы демалыс мекемелерінің жұмысын бастамас бұрын олардың санитарлық жағдайын қалыпқа келтіру шаралары жүргізілуі тиіс. Ол үшін материалдық- техникалық базаны дайындау, сумен қамту, кәріз жүйелерін жақсарту, технологиялық және мұздатқыш қондырғыларының дұрыстығын қадағалау қажет. Бұл жұқпалы ішек аурулары мен тамақтан уланудың алдын алады. Балаларды сапалы және қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге жағдай жасалынуы тиіс.
Лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындықтары мен алдын ала медициналық тексеруден өтуі де бақылауда ұсталуы қажет.
Инфекциялық және жаппай уланудың пайда болуын және таралуының алдын алу мақсатында майонез қосылған күрделі салат өнімдерін тамақ рационында болмауын қадағалау қажет. Жазғы сауықтыру мекемелерінде балалардың сапалы ауыз сумен қамтылуына, медициналық қызмет көрсетілуіне, балалардың құнарлы тамақтануына мекеме басшылары және лагерь жетекшілері жауапкершілікпен қарап, аса мән беруі керек.
С.ҚАБАЗОВА,
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы