Қоршаған ортаны таза ұстап, туған өлкені түлету – әрбір азаматтың парызы. Сондықтан «Жасыл ел» еңбек жасағына отансүйгіш, жанашыр жастар тартылған. Биыл аудан бойынша 140 жас жұмыспен қамтылады. Олар үш ай бойы туған жерді көгалдандырып қана қоймай, тиісті еңбекақысын да алады.
«Жасыл ел» бағдарламасы жазғы маусым кезінде жастарды жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Жоба аясында жұмыссыз жастар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері жұмыспен қамтылады. Бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасағы мәдени-демалыс орындары мен саябақтарды көгалдандырып, белгіленген аумақтарды қоқыстан тазалау шараларын жүргізуде.
– Қазіргі уақытта бізде «Трэштэг» акциясы өтіп жатыр. Апта сайын өтіп тұрады. Сарбаздар «Демалыс саябағындағы» қаулап өсіп кеткен шөптерді жұлып, орындықтарды сырлау жұмыстарын атқарып жатыр. Бұл жерде 16-35 жас аралығындағы жастар қызмет атқарады. Жұмыстан бос уақыттарын тиімді өткізіп, ширату мақсатында түрлі жаттығу түрлері мен спорттық жарыстар мен мәдени-тынығу шаралары да өткізіліп тұрады,- дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының координаторы Нұрай Сүйеуқызы.
Жасақ сарбаздары арнайы киіммен, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. 18 жасқа толмаған жасөспірімдер ата-анасының рұқсатымен қатынасуда. Солардың бірі – биылғы мектеп түлегі Айбол Сағынбаев.
– Осы еңбек жасағына мен өз еркіммен, өзімнің туып – өскен ауылымның өте керемет, таза болуына үлес қосу үшін кірдім. Сонымен қатар осы жылы біздің мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасыл ел» туралы айтқан болатын. «Жасыл ел» еңбек жасағына іліккеніме бірінші жыл. Бірінші лекке ата-анамның рұқсатымен құжаттарымды тапсырып, кірдім. Ең бірінші мақсатым – ата- анама қолғабыс ету болды. Бұл саябаққа іні- қарындастарымыз, ата-анамыз келеді. «Келген кезде бәрі таза болсын» деп көмектесіп жатырмыз,- дейді жасақ сарбазы.
Бүгінде «Жасыл ел» сарбаздарының күшімен орындықтары сырланып, арамшөптерден тазаланып жатқан «Демалыс саябағы» жөндеуді қажет етеді. Субұрқағы істен шыққан, ойын алаңдарының да сапасы төмен. Жауаптылар биыл бәрі ретке келетіндігін айтты.
– «Демалыс саябағы» ауыл тұрғындарының кешкісін шығып, демалатын бірден-бір орын саналады. Жазғы уақытта балалар, тұрғындар келіп демалады. Бүгінде саябақ жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Жақында ішіндегі жарық шамдардың бәрі ауыстырылды,- дейді Махамбет ауылы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Н.Сапаров.
«Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында басталған болатын. Жалпыұлттық жоба 2005 жылдан бері маусымға сай жұмыс істеп, қатарына жас белсенділерді топтастырып келеді. Аталған жобаны жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десек болады. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар өз туған ауылдарын көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ