Қызылша жұқпасының адам ағзасына келтіретін зардабы орасан, сондықтан да, қызылша жұқпасы туралы тұрғындарды жиі ақпараттандырып отырамыз.
Қызылша — жедел жұқпалы ауру. Дене қызуының көтерілуі, қызылшаға тән теріде бөртпелер, көздің қызаруы, тыныс ағзаларының зақымдалуы аурудың алғашқы белгілері болып табылады. Этиология – қызылшаны тудырушы вирус көлемі 120-250 нм (polinosa morbillarum). Вирус қыздырғанда, күн сәулесінен, залалсыздандыратын химиялық қоспалардан өліп қалады. Эпидемиология - ауру тек науқас адамнан жұғады. Аурудың жасырын кезеңінің екінші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қарым- қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса, не егілмеген жағдайда өзіне жұқтырады.
Қызылшаның жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммуноглобулин алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл (пятнистая) бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді. Сыртқы түріне қарағанда бұл бөртпелер «манна» түйіршігіне ұқсайды. Теріде қызылшаның бөртпелері пайда болғанда Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері кетіп қалады. Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Бөртпелер көлемі 2мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді дегенмен әрбір бөртпелер арасында таза тері, көрініп тұрады. 3-4 күннен кейін бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршақтар қалады (ұнның ұнтағындай). Қызылшаға көздің қызарып қабынуы, ірің шығып, таңертең кірпіктерін ашудың қиындығы, мойын артында, қолтық бездерінің үлкеюі, ұстағанда ауырсынуы тән. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін.
Қызылша асқынғанында ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Диагнозды аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский- Филатов-Коплик ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді. Басқа ұқсас аурулардан ажырату үшін зертханада РСК, РТГА талдауларын жасайды.
Жұқпаның жеңіл түрінде үй жағдайы қанағаттанарлық болғанда яғни кішкентай нәресте, балалар болмаса науқастар үйде емделеді. Ешкімге жұқпау үшін жұғу кезеңінде бөлек төсекте жатады. Көзіне күн жарығы түспейтіндей жағдай керек, тамағын шайқап, көзін тазалап, 2% сульфаций натрий сұйығын көзге 3-4 рет тамызады. Науқасқа мол құнарлы сұйықтықтар беріледі. Шағымына байланысты жазылғанша дәрігер бақылауы қажет. Қызылша ауруының алдын алу үшін уақытылы егу жұмыстарын жүргізу, үйде қызылшамен ауырған науқас болғанда қарым-қатынасты шектеу қажет.
К.ӘЖДЕНҒАЛИЕВА,
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы