БАРЛЫҚ БАЛА АТАУЛЫНЫҢ АСЫҒА КҮТЕТІН ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ АЙЫН АРТҚА ТАСТАП, БЕЛ ОРТАСЫНА ДА ЖАҚЫНДАДЫҚ. ҮШ АЙҒА СОЗЫЛАТЫН ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ БАРЫНША ТИІМДІ ӘРІ КӨҢІЛДІ ӨТКІЗУ – БАРЛЫҚ БАЛАНЫҢ АРМАНЫ ДЕСЕК, ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕРДІҢ РӨЛІ ЗОР. БИЫЛ АУДАНЫМЫЗДАҒЫ 16 БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА КҮНДІЗГІ, БЕЙІНДІК ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН.
Білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Гүлнар Хасанқызының айтуынша, үш айлық демалыста 5442 баланы жазғы лагерьлермен қамту жоспарланған екен. Өткен жылы 5491 бала қамтылды.
- Аудан бойынша оқушылардың жазғы каникул кезіндегі демалыс, сауықтыру және бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 16 білім беру ұйымында (15 мектеп, 1 өнер мектебі), ауданның 1-10 сынып оқушылары арасында 5442 баланы жазғы лагерьлермен қамту жоспарланды. Оның ішінде, 1440 бала Д.Төленов, Қ.Қалыбеков, Есбол, Қосарал, А.Байтұрсынұлы, Алға, Жалғансай, Ақтоғай орта мектептерінде тамақтандырылатын күндізгі лагерьмен қамтылып отыр. Қазіргі таңда Д.Төленов, Қ.Қалыбеков, Есбол, Қосарал, Ақтоғай орта мектептерінде тамақтанатын лагерьлер өз жұмысын аяқтаса, Жалғансай, А.Байтұрсынұлы, Алға орта мектептерінде 3-4 кезең бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, 4002 оқушы мектеп жанындағы бейіндік лагерьмен қамтылды. Атап айтсақ, 7 мектепте бейіндік лагерь, 7 мектепте дебаттық лагерь, 12 мектепте тілдік лагерь, 9 мектепте ІТ лагерь (ақпараттық технология), 2 шатырлық лагерь, 10 мектепте көгалдандыру бойынша, мәдени–тарихи орындарға танымдық саяхаттармен демалыс лагерьлері, 14 мектепте «Киіз үй» лагері, 8 мектепте «Жас Ұлан» көшбасшылар мектебі, 13 мектепте құрылыс-жөндеу бригадалары, 6 мектеп жанынан агрожасақ құру арқылы бау-бақша алаңдарының қызметі және «Өнер» мектебі жанынан күндізгі лагерь ұйымдастырылды. Жазғы сауықтыру лагерьлеріне оқушылардың баруы ата-аналардың өтініші мен әр мектептің қамқоршылық кеңесі шешімінің негізінде жүзеге асырылатындығын атап өткім келеді, - дейді Г.Хасанқызы.
Білім беру ұйымдарындағы міндетті оқу қоры есебінен ұйымдастырылатын облыстан тыс лагерьлерге шілде – тамыз айларында 250 баланы жіберу жоспарланған болатын. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 99 млн. 687 мың теңге қаражат қаралған. Тамақтанатын лагерьге – 35 млн. 280 мың және жалпы білім беру ұйымдарындағы міндетті оқу қоры есебінен ұйымдастырылатын лагерьлерге – 50 млн теңге және білім беру ұйымдарындағы ұйымдастырылатын лагерьлерге керекті жабдықтар алу үшін 14 млн. 407 мың теңге жұмсалып отыр.
Бұдан басқа Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына маусым айында 42 оқушы демалып келсе, тамыз айында тағы 42 оқушы демалатын болады. Одан басқа тамыз айына Орал қаласындағы «Атамекен» демалыс лагеріне 21, Шымкент қаласы Түлкібас ауданындағы «Delve camp» демалыс лагеріне 30 оқушы жіберілетін болады.
Жалғансай ауылындағы «Арай» жазғы демалыс лагерінде 200 баланы қамту жоспарланып, мұнда күні бүгін 3-ші кезең бойынша 50 бала демалысын тиімді өткізуде.
- Лагерьде балалардың әр күнін қызықты өткізу үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы бағдарламаға сәйкес, оқушыларды зияткерлік және спорттық бағытта күнделікті дамытып отырамыз. Одан бөлек, Сарайшық музейіне саяхаттап, әкелерінің қатысуымен тимбилдинг, эстафеталық сайыстар өткіздік. Ұлттық тағамдарымызды таныстырып, олардың жасалу жолдарын үйрету мақсатында шеберлік сағаты да ұйымдастырылды. Лагерьде 3 мезгіл тамақтану, тынығу, ойын алаңдары, медициналық көмек беру де қарастырылған. Лагерь жетекшісі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары у.м.а. Айгүл Көшербайқызы мен тәлімгер Гүлжан Есенғалиева және әр кезең бойынша 4 тәрбиешіден бөлініп, балалардың лагерьдегі әр күнін қызықты, есте қаларлықтай өткізуіне бар күш-жігерімізді салудамыз, - дейді тәлімгер Г.Есенғалиева.
Әр балаға көңілді демалыс сыйлаудан бөлек, олардың жан-жақты дамуына ықпал ететін осындай лагерьлерде демалған оқушыларымыздың жаңа оқу жылына күш жинап, ерекше ынта-ықыласпен келетініне сенімдіміз.
Б.САПАРОВА