Ауданда шаруагерлермен ашық жиын өтті

Жуырда аудан  әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың қатысуымен «Өнерпаз» мәдениет үйінде шаруагерлердің ашық жиыны өтті. Оған Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егін шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Азат Қапанов облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Жасұлан Сұлтанғалиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша директоры Гүлзада Шалагулова, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің 1 санаттағы сарапшысы Галиулла Тұрғалиев, Халық банкі Атырау облысы бойынша филиалының шағын бизнеске кредит беру бөлімінің аға менеджері Қанағат Маннапова, жеке кәсіпкерлер, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық мекеме басшылары және мамандары да қатысты.

Мұндай форматтағы кездесудің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру, мамандар­дан қолжетімді кеңес алу, шешімін тап­пай жүрген өзекті мәселелерді ортаға салу болды.

Ауданымыздың негізгі бағыты да, экономикалық өсімі де бүгінде осы саламен тығыз байланысты екені айқын. Ауылдың келешегін ауыл шаруашылығынсыз елестете алмай­мыз. Алайда, бұл салада түйткілді мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, мал азығын дайындау, мемлекеттік субсидиялау, техникалық қамтылу, су жеткізу, маман тапшылығы мәселесін де айналып өте алмаймыз. Аудан әкімі осылардың бәріне жеке-же­ке тоқталып, сала мамандары мен шаруагерлердің де жан-жақты пікірін тыңдады.

- Мал азығын дайындайтын бри­гадалар әр ауылда болуы қажет. Бұл мәселені мен осы ауданға басшы болып келгелі айтудамын. Әр ауылдан бір бригада шықса, халыққа шөп шауып берсе, әлбетте ақысына сатып алады. Біз басқа облыстардан әкелушілерге де қарсы емеспіз. Бірақ өзіміздің жерде өсіп жатқан азықты дайындауға күш салсақ тиімдірек емес пе? Қазір техниканың қолжетімді уақытында жастар осы кәсіп түріне көбірек бет бұрса, -деді аудан басшысы өз сөзінде. Бүгінде Махамбет ауданы бойынша шөп шабушы 9 бригада жұмыс жа­сайды екен. Алайда, қысқы азықтың қамына бұл да аздық етіп тұрған секілді. Ірі шаруа қожалықтар бұл мақсатта өз техникасын жұмылдырса, қарапайым ауыл халқының оған қолы жете бермейді. Ал шөп шабудың науқаны уақыт пен күшті, жылдамдықты талап етеді. Еске салсақ, өткен жылы бір орама шөптің бағасы 8-10 мың теңге аралығында болған. Биыл да болжамды баға осындай болуы мүмкін дейді сала мамандары.

Келесі кезекте мал бағатын бақташы мәселесі де қозғалды. Бүгінде ауылдағы ағайынның өзінде уақ жандық пен ірі қара бірен-саран. Бұрынғыдай әр үй сайын шулап тұратын қора-қора қой жоқ қазір. Бір жағынан мал азығы тапшы, бір жағынан жайылымға шығару мәселесі реттелмеген. Сиыр түгілі азын-аулақ қой-ешкіні бағатын бала да, бақташы да қалмады. Ал, аудан әкімі табыстың көзін көрмей жүрген жастарға мал бағып-ақ ай сайын қомақты қаражат табуға болады деп отыр.

- Бүгінде бір ауылдан бір бақташы табу мұң болып отыр. Бұрын ат жоқ деп сылтау айтатынбыз. Қазір қос аяқты мотоцикл кез келген шаруа қожалықта бар. Жұмыс жасаймын деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Әр сиырға 2-3 мыңнан ақы алсаңыз, айына 200 сиыр бағып, 600 мың теңге жалақы табуға болады. Осы мәселені жолға қоюымыз керек,-дейді аудан басшысы Қ.Нұрлыбаев.

Махамбет ауылдық округі бойынша да кезектің малын бағатын тұрақты бақташы жоқ. Тұрғындар енді күніне 5 мыңнан жоғары бағада адам жалдауға мәжбүр. Ол да, бірде бар, бірде жоқ. Отыз күнге есептесек ең төмен дегенде 150 мың теңге жалақы. Егер жауапкершілігі бар, сенімді, қос дөңгелекті көлігі астында бақташы келіп одан да жоғары пұл сұраса, мал иелері оған да келісуге дайын.

Бағымы мен азығы сай болса мал өсіруге ниеттілер табылады. Төрт түліктің тұяғы өз ауданымызда азай­маса, дүкендегі ет бағасы да қалтаға соқпас еді. Осындай мәселелерді егжей-тегжейлі талқыламасақ, шешу жолын қарастырмасақ, ежелден келе жатқан атакәсіптен қол үзіп қалуымыз да ықтимал деп отыр жиынға қатысушылар. Жиын барысында жеке кәсіпкер Бекежан Мұқанов каналға құлаған малдардың өлексесін кім тазалайды деген мәселені де көтерді. Бұл ретте аудан әкімі әр адам, яғни мал иесі оған жауапты екенін ескертті. Сонымен қатар аудан бой­ынша канал жағалауында жайылатын малдарды әрбір мал иесі қадағалап, оқыс жағдай болмауының алдын алу туралы ауылдық округ әкімдеріне хат жолдауды кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырды.

Бұдан бөлек, күн тәртібінде қаралатын бірқатар мәселелер де нақтыланып, хаттамаға енгізілді. Оның ішінде аудан шаруагерлеріне көршілес Ақтөбе облысына қой жүнін тапсыруға болатыны туралы нақты ақпарат беру, жеке шаруа қожалық иегері Александр Альсмаховты «Атырау Жарық» АҚ Махамбет аудандық филиалы басшы­сымен кездесіп, мәселесін шешуге ықпалдасу, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, мал азығын дайындау мақсатында шөп шабатын бригадалар ұйымдастырып, халыққа арзан бағада мал азығын сату жұмыстарымен айна­лысу тапсырылды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне аптаның жұма күні өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне шаруа қожалық иелерін белсенді түрде қатысуға шақыру және арзан бағада өнімдерін сатуды ұйымдастыруға кестесін жасақтау да жүктелді. Ал, бақташы табу мәселесінде нәтиже болғанша ауылдық округ әкімдеріне жұмыстарды жалғастыру қажет екені айтылды.

Жиын барысында облыстан ар­найы келген мамандар да сөз алып, мемлекеттік субсидиялау және не­сиелеу бағдарламалары мен шарттары туралы да айтып өтті. Кеңес алу бары­сында шаруагерлер ашық микрофон аясында сауал қойып, жауап алып үлгерді.

Ашық форматтағы кездесуде саладағы салмақты мәселелер айқын қозғалып, кемшіліктер мен жетістіктер де айтылды. Алдағы жиын-терім, қысқа дайындық маусымында шаруагердің шаруасы шаш-етектен екені белгілі. Ал, оларға қашанда қолжетімді қызмет көрсету, қолдау білдіру біздің ортақ міндетіміз екенін аудан басшысы жиын соңында тағы бір мәрте еске салды.

А.ҚАНАТБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT