Махамбеттік шаруагерлер биылғы еңбегінің жемісін жеп бастады. Ерте пісетін жергілікті бақша өнімдеріне халықтың да сұранысы жоғары. Өзіміздің топыраққа өскен қияр мен қырыққабат, баялды мен тәтті бұрыш, тіпті, қызылша да енді сауда орындарының сөрелеріне жол тартуда.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарында 200 га картоп, 700 га көкөніс, 530 га бақша мен 2700 га жерге мал азықтық дақылдар егу жоспарланған. Барлығы 4130 га, яғни өткен жылмен салыстырғанда жоспарлы көрсеткіш екі есеге көп.
2024 жылы су тасқынының салдарынан егістік көлемі азайып кеткені рас. Одан бөлек биыл да жұмыстарын күмәнмен бастап, көктемгі тасқынның алдын алу шараларын жүргізгенін шаруагерлер де жасырмады. Кейбірі тіпті тұқым себуге тәуекел етпей, жұмысын уақытша тоқтатып та қойған. Әйтсе де, несібесін жерден теріп отырған шаруалардың бүгінгі жай-күйін өздерінен сұрап білдік. Ауылдың алғашқы өнімін алып, ішкі нарыққа шығарып жатқан шаруагерлер қатарында өңірімізге белгілі «Дастан» шаруа қожалығы да бар. Басшысы Қоныс Ерманов ағамыз бұл салада көпті көрген кәсіпкер ретінде белгілі. Дастанның атымен шыққан өнімдер жоғары сұранысқа ие болып қана қоймай, жергілікті брендке айналды десек те болады. Осы жылы 100 га жуық жерден өнім алғалы отырған Қоныс ағамыз табиғаттың тосын сыйына барынша дайын отырдық дейді.
- Бұл енді біздің атакәсіпке айналып бара жатқандықтан, жыл сайын үзбей егін егуге тырысамыз. Өткен жылы көп шаруагер шығынға қалып, биыл демалыс алғандары да бар. Біз де сақтықта қорлық жоқ деп, Жайық бойынан он шақырым алшақтап жер жырттық. Биыл да тасқынның орын алу қаупі жоғары болды. Соған қарамастан, жылдағы көрсеткішпен шамалап 45 тонна көлемінде өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір жылыжайдың қиярын, ерте пісетін қырыққабат, қызылша, баялдыны жинауды бастап кеттік. Өзіміздің сауда орындарымызда және жергілікті жәрмеңкеде сатып жатырмыз, - дейді шаруагер Қоныс Ерманов. Бақша және көкөніс өнімдерінің біздің жерімізге қолайлы он екі түрін де «Дастаннан» таба аласыз. Шаруашылық тек егістік жұмыстарына тұрақты түрде жетпіске жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жиын- терім уақытында жергілікті ауыл тұрғындарынан қосымша қырық адам алынады екен. «Биылғы өнім ерте піскенімен бағасы анағұрлым арзан болмауы мүмкін» - дейді тәжірибелі кәсіпкер. Себебі, жергілікті өнімге қай кезде де сұраныс жоғары, ал шаруаға кіріскен шаруагерлер қатары бұрынғыдай емес.
«Дастан» ШҚ даласындағы қызу жұмысты көрген соң, Есбол ауылдық округіне қарасты «Қызанақ Агро» шаруа қожалығына жол тарттық. Басшысы Вячеслав Юн биылғы егістік жайын өзі баяндап берді.
- Жалпы аумағы 135 га жерді егістікке дайындадық. Бақша және көкөністі қосқанда 10 түрлі өнім алуды жоспарлап отырмыз. Жеріміздің жағдайы жақсы, тыңайтылған. Техника да, жұмысшылар да жеткілікті. Ерте піскен бақшадан қазір күніне 3-4 тонна қырыққабат алып жатырмыз. Бұдан бөлек, қияр, қызылша, тәтті бұрыш та бар. Күндік жоспарды көбіне тапсырысқа сай орындауға тырысамыз. Біздің сауда нүктелеріміз тек көтерме бағада болғандықтан сұранысқа сай жеткізіп отырмыз,- дейді шаруашылық басшысы. Екі жылдық үзілістен соң жұмысын қайта жандандырған «Қазанақ Агро» – аудандағы ірі қожалықтардың бірі. Жыл сайын 50-55 адамды жұмыс орнымен қамтып отыр. Әлбетте, дені – келісім шартпен жұмыс жасауға келген өзге елдің азаматтары. Бір ғана Махамбет ауданының өзінде 2025 жылғы шаруашылық құрылымдары егістік жұмыстарына шетелдік 313 азаматқа сұраныс беріліп, алынған.
Жаңа технологияларды енгізу және заманауи техникалармен қамту жұмыстары бағытында осы жылы тамшылатып суару әдісімен егістік көлемі 1500 гектарға, ал жаңбырлатып суару технологиясы әдісімен 970 гектарға жеткізілген.
Өнімнің жақсы беруі тұқымына байланысты десек, бұл ретте біздің шаруагерлердің таңдауы элиталық сорттарға түсіп отыр. Атырау қаласындағы арнайы тұқым сататын орындардан, шетелдік элиталық тұқымдар «ВIO TECHNO», «Агро- Әлем» ЖШС арқылы, сонымен қатар Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, т.б қалаларынан сатып алынған.
Көгілдір отын мәселесі де шаруагерлерге қолайлы бағытта шешімін табуда. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық кезінде 8 шаруашылық 260 тонна жеңілдетіл- ген дизель отынына сұраныс беріп, қол жеткізді. Сонымен қатар 18 шаруа қожалығы ағымдағы жылдың егістік науқанына 494 тн аммиак селитрасы, 3 шаруашылық 5 тн аммофос тыңайтқышына сұраныс жіберіп, күні бүгінде келісім шарт негізінде алынып, субсидиялау жұмыстары жүргізілуде.
Егістіктің қас жауы – шегірткемен күрес те уақытылы өз нәтижесін берген секілді. Шегірткенің қаупін бәрінен бұрын шаруагерлер жақсы біледі. Биыл бұл мақсатта облыс көлемінде 170 млн қаражат бөлінгенін газетіміздің алдыңғы сандарында жазған болатынбыз.
Қазақта”Көктемнің бір күні - жылға азық” деген сөз бар. Сондықтан да егіс кезінде әр күн қымбат. Мұны түсінген диқандар ерте көктемнен дайындыққа кірісіп, жаздың аптап ыстығынан қара күз түскенше егіс алқабында жүреді. Ерінбей еңбек еткеннің есесін жер-ана да қайтарып жатыр. Өңірдің құбылмалы табиғатына қарамастан, қаражаты мен күшін осы саладан аямай жүрген шаруагерлер саны азаймаса дейміз. Ішкі саудада өзіміздің өнім жетіп артылса, шетелден келгенге шеттен қарап өтер күн де алыс емес.
А.САТАЕВА