Полиция майоры Нұргүл Ташекенованың құқық қорғау саласында жұмыс істегеніне біраз жылдың жүзі болды. Ақтоғай ауылының тумасы 2001 жылы мектеп бітірген соң Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне заңгер мамандығына оқуға түсіп, оны 2006 жылы ойдағыдай аяқтайды. Сол жылы Нұргүл бейбарыстық жігіт Мереке Тайпановқа тұрмысқа шығады.
Құқық қорғау саласындағы қызметін 2008 жылы Атырау әкімшілік сотында іс жүргізуші болып бастапты. Одан әрі жұмысын облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аудандық қылмыстық атқару инспекциясында инспектор болып жалғастырады. Аудандық пробация қызметі инспекциясы бөлімінде бас инспектор, инспекция басшысы лауазымдарын атқарды. Ал 2022 жылдың мамырынан бері Нұргүл Амангелдіқызы Махамбет полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының инспекторы болып еңбек етіп келеді. Көп жылғы еңбегі еленіп, түрлі марапатқа қол жеткізді. Қазақстан полициясының 25, 30 жылдық төсбелгісімен, «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалімен марапатталған.
Нұргүл Амангелдіқызының сонау кеңес заманындағы «қызыл паспортпен» жүрген Бақсай ауылдық округіндегі шаруашылықта еңбек етіп жүрген Ғайни Зулпхарованың құжатын жаңалауына көмектескенін білеміз.
– Ғайни Жалғасбай Зулпхаровқа тұрмысқа шығып, 1983 жылы ресми некеге тұрыпты. Ал оның қыз кезіндегі фамилиясы Джарбусинова екен. Әйел құжатын ауыстырмай, сол күйі 2023 жылға дейін қызыл пастортпен қалып қойса керек. Бертін келе жолдасы өмірден өткен. Міне, Ғайни осылай қызыл паспортпен 40 жылдай жүрген көрінеді. Өзі Бақсай ауылдық округіндегі кәсіпкердің шаруа қожалығында жұмыс жасайды екен. Зулпхарова Ғайни өзі аяқтай ХҚКО-на келіп, бұрынғы кеңес дәуіріндегі қызыл паспортпен жүргенін айтып, жаңа құжат алып, өзінің қыз кезіндегі фамилиясына қайта көшкісі келетінін мәлімдеді. Оған Қазақстан Республикасының азаматы ретінде 2023 жылдың сәуірінде Джарбусинова Ғайнидің атына жаңа үлгідегі жеке куәлік берілді,- дейді Н.Амангелдіқызы.
Көші-қон қызметі тобы бұрын халықты құжаттандырумен қатар, азаматтарды тұрғылықты мекенжайға уақытша тіркеу, тұрақты тіркеумен де шұғылданды. Махамбет аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірге ескі құжаты бар 20 адамның барын анықталыпты. Кейбірінің мекенжайлары өзгеріп, теріс мекенжай бергендер де бар екен. Тіпті көрсетілген тұрғылықты мекенжайда ондай адамдар мүлдем жоқ болып шығыпты. Аудандық азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі берген мәліметке сүйенсек, сол 20 адамның 6-ның өмірден өткенін, қайтыс болғандығы туралы куәлік берілгенін білдік. Аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі бізге тізімде көрсетілген адамдардың жеке басын куәландыратын құжатын, олардың қайтыс болғандығы туралы куәліктерін ұсынды.
– ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 493-бабына сәйкес мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тіркеген тұрғын үй иелерін, сондай-ақ 492-бабы бойынша тұрғылықты жер бойынша тіркелмеген азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қабылдау қажет. Осыған байланысты «резеңке пәтерлерді» құру фактілерінің жолын кесу бойынша тапсырма министрліктің тұрақты бақылауында болмақ,-дейді Нұргүл Ташекенова бізбен әңгімесінде.
Газетіміздің тұрақты оқырманы ретінде Нұргүл жұмыс барысында халықты құжаттандыру жөнінде мақалаларын үнемі жариялап отырады. Ол білікті заңгер ретінде заңдылықтар туралы, соңғы кездері шығып жатқан заңдар туралы жақсы біледі.
Жұмысында абыройлы Нұргүл Амангелдіқызы – бақытты шаңырақ ұйтқысы. Жолдасы Мереке Тайпанов – Теңіз кенішінде аусымдық жұмыста. Екеуі үш қыз, екі ұлдың ата-анасы. Тұңғышы Жадыра – Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенті. Қалғандары – мектеп оқушысы. Біз Нұргүлді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, мықты денсаулық, толайым табыс тілейміз.
А.ТЕКЕБАЙ