Тоғыз ай бойы тар құрсақта өсіп-жетіліп, дүние есігін ашқан сәттен-ақ сені ақ сүтімен бойыңа нәр беріп, жып-жылы құшағына басып, мейіріміне бөлейтін жан ол – анаң! Сондықтан да, ол бүкіл адамзат баласы үшін ардақты адам. Асыл дінімізде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) «Кімді сыйлау керек?» деген сұраққа үш мәрте де «Ананы» деп жауап берген екен. Бұл үлгі-өнегеге толы жауап ананы қаншалықты биік ұстап, қастерлеуімізді санамызға құяды.
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қазақ қоғамында әйелдің орны әрқашанда жоғары. Өмірін бала тәрбиесіне арнаған көпбалалы аналарымыздың бірі — Тұржанова Сәлимаш апа бүгінде қарашаңырақтың алтын діңгегі болып отырған ақ жаулықты әже.
Ол 1950 жылы 20 ақпанда 16 ауылда дүниеге келген. Әкесі Ізім Тұржанов ауылдық емханада фельдшер, анасы Ажар Мырзатаева шаруашылық меңгерушісі қызметтерін атқарған. Отбасының тұңғышы Сәлимаш апа болса, артынан ерген інілері Алаш пен Өтеміс – есімі ел есінде қалған ауған соғысының ардагерлері. Одан кейін Бақтығали, Айдын, Майра атты бауырлары бар.
13 ауылдағы төрт жылдық мектепті аяқтаған ол Махамбет селосындағы мектеп-интернатта білім алады. 1969 жылы Гурьев медучилищесіне оқуға түседі. Оқуын бітірген соң туған ауылына келіп, ауылдық емханаға мейірбике болып жұмысқа орналасады. Сол қызметінде жүрген кезінде Мұрат Қабеновпен танысады. Сөздері жарасып, түсініскен екі жас отбасын құруға бекінеді.
- 1973 жылы отау құрдық. Сол жылы Махамбет селосындағы қазіргі «Жауқазын» балабақшасына мейірбике болып қызметке орналастым. Содан табан аудармастан 35 жыл еңбек еттім. Жолдасым ПМК-да инженер болды. Ұрпақ сүйіп, өмірге 3 ұл, 2 қызымызды әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Солардың қызығын көремін деп жүргенде жолдасым 49 жасында өмірден озды. Отбасында әйел адам үшін ер азаматтың орны бөлек болса, балалары үшін де әкенің орны қашанда жоғары тұрады. Отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрер қасыңдағы арқасүйер азаматың барда бәрі оңай көрінсе, ол өмірден өткенде барлық жауапкершілік әйелдің мойнына артылады екен. Қазір, Аллаға шүкір, ұлдарым – ұяға, қыздарым – қияға қонып, әрқайсысы өмірден өз жолдарын тауып, табысты еңбек етуде. Ұлым Ануар ішкі істер қызметі саласында еңбек етсе, Айболаттың мамандығы – құрылысшы, Бекболат спорт саласын таңдады. Бибігүл қызым – Теңіз кен орны компаниясында, Нұргүл қызым сот саласында еңбек етіп жатыр. Солардан тараған 9 немере, 4 жиеннің қызығын көріп отырмын, - дейді кейуана.
Гүл өсіру, күтіп-баптау, бау- бақша жұмыстарымен айналысу – кейіпкеріміздің сүйікті ісі болса керек. Оның ауласында өсірген көздің жауын алар гүлдеріне көпшілік тамсана қарайтын болған. Алайда, денсаулығының сыр беруіне байланысты бұл ісінен бас тартуға тура келіпті. Қазіргі таңда оны үйдегі келіні Айгерімге тапсырып, керек жерінде ақыл-кеңестерін айтып отыратынын жасырмады.
- Әйел адамның жаны гүл секілді нәзік қой. Гүлдерді қатты жақсы көремін. Денсаулығыма байланысты қол үзіп қалғаным болмаса, бұл жағынан келініме ылғи жол көрсетіп отырамын. Қарашаңырақты ұстап отырған Айболат ұлым мен Айгерім келінімнің қолында тұрып жатырмын. Барлық жағдайымды жасап, көңілімді аулап отырады. Келіндік қызметімен қатар, балабақшадағы тәрбиешілік қызметі бар. Бір қабақ шытпай, үйге келген қонағына барын тосып, күліп қарсы алады. Осындай, ибалы да, инабатты келініммен мақтана аламын, - деген Сәлимаш ана алда келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен де құттықтауды ұмытпады.
Әйелдер нәзік жандар ғой, мына өмірде «еркелетсе – жеңеді, ашуланса – жеңіледі» дейді. Табиғаттың өзі көктем мерекесін әйелдер үшін тарту еткен тәрізді. Шуақты көктемнің гүл мерекесінде барлық нәзік жандыларға мықты денсаулық, отбасы амандығын, бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мерекеден мерекеге аман-есен жетуді нәсіп етсін, - деген ақжарма тілегін білдірді.
Халқымыз «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа», «анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың», «ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» деген сынды тәрбиелік мәнге толы мағыналы сөздерімен ананың ерекше орнын анық көрсете білген. Алла Тағала аналарымызға аналық бақытты сезінуді, қашан да перзенттерінің ықыласына бөленіп жүруді нәсіп етсін.
Б.САПАРОВА