Аудандық ветеринарлық зертхана меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ақмарал Садиковаға жолығып, зертхана жұмысымен танысқан едік. Оңтүстік өңірің тумасы Ақмарал Садикова 1992 жылы Алматы зооветеринарлық-мал дәрігерлік институтын аяқтағаннан кейін Өтеулімен шаңырақ көтеріп, Махамбет ауылына келін боп түседі. Кеңес Одағының ыдырап, ел егемендігін алған жылдардың қиындығынан жас отбасы да айналып өтпеді. Қолында жоғары білімі туралы дипломы бола тұра мамандығы бойынша жұмыс таппайды.
– Еңбек жолымды 2009 жылы зертханада серолог дәрігер болып бастадым. Одан әрі 2010- 2011 жылдары Махамбет ауылдық округінде мал дәрігері де болғанмын. Сол уақыттары барлық малды сырғалау, бірдейлендіру жұмыстары қарқынды жүрді. Бәрін базаға салып отырдық. Округтен соң жұмысымды зертханада жалғастырдым. 2001 жылы ауданда ветеринарлық зертхана ашылды. Қазіргі зертхананың құрылысы 2013 жылы басталып, бір жылдың ішінде салынып, 2014 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Барлық округтің малының денсаулығын қарап, зерттеу жүргіздік. Мен 2019 жылдан бері осы зертханада меңгеруші қызметін атқарамын. Бүгінде зертханамызда ветеринарлық дәрігер, лаборант, санитар, жануар күтуші жұмыс істейді. Барлық қан базада тіркеліп тұрады. Басты жұмысымыз – түскен барлық құжаттың дұрыстығы, тізімді шығару, қабылдау. Бәрі де өз ісінің білікті де білгір маманы,- дейді Ақмарал зертхана жұмысымен таныстыра жүріп.
Ақмаралмен ветеринарлық зертхананың ішін аралап көрдім. Байқағанымыз, ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған. Соңғы үлгідегі аппараттар, құрал-жабдықтар да жұмыс істеуде. Бүгінде ұлы Ақназар Өтеуліұлы Астана қаласындағы халықаралық қатынастар университетінде IT мамандығында оқып жатыр.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА