Ауғанстан жерінде әскери борышын өтеген махамбеттіктер көп. Солардың қатарындағы екі ауған ардагерлері жайлы айтатын боламыз.
1984 жылы Сарытоғай орта мектебін бітірген соң 1985 жылдың қарашасында әскер қатарына шақырылады. Алдымен ол 1985 жылдың 11 қарашасынан бастап Түркіменстанның Ашхабад қаласында 6 айлық әскери дайындықтан өткен. Ал 1986 жылдың сәуірінде Ауғанстан Демократиялық Республикасына Шынданд жаяу әскер қатарына түсіп, осы жерде әскери борышын өтеген. Елге 1987 жылдың қараша айында оралады. Жалпы жауынгер Қонысжан Мүтуұлы «Ерлігі үшін», «Интернационалист жауынгерге Ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне-70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20, 25, 30 жылдық медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған. Қазіргі уақытта ардагер Қонысжан Орынғалиев «Атырау-Жарық» АҚ Махамбет аудандық мекемесінде жүргізуші болып, еңбек етуде. Қонысжан Мүтуұлы өзінің Ауғанстан жерінде өткен әскердегі өмірі жайлы былай дейді.
Менің Ауғанстан жеріндегі әскери қызметім 1985-1987 жылдары өтті. Бізге жаяу әскерде қызмет еткендіктен жанармай, қару-жарақ тиелген ауыр БМБ автокөліктерін, бензиновоздарды Герат, Кушка, Кандагарға дейін 700 кмге дейін ілесіп апару жұмысы жүктелетін. Бұл аса қауіпті сапарлар еді. Одан әрі жүк көліктерін, бензиновоздарды өз әскери бөлімдеріне әкететін. Автоколоннаға жіберместен бұрын жаңадан келген біздерді бір айдай оқытып-тәрбиеледі, колоннаға қалай ілесіп жүру керек, колонна тұтқиылдан шабуылға ұшыраған жағдайда қалай дұрыс әрекет ету жайлы түсіндірілді. Гератта әсіресе, дұшман Турак Исмаилхан баскесерлері автоколоннаға жиі шабуыл жасайтын. Кезінде Мәлік Ғабдуллин екеуміз Ауғанстанға әскерге бірге аттанған едік. Гератта болған сондай Исмаилхан операциясы кезінде Мәлікпен тағы да кездескенім есімде. Шынын айту керек, ол сапарлар үнемі сәтті бола бермейтін. Кейде ұзыннан шуақ шұбатылған автоколонна тұтқиылдан шабуылдарға, тосқауылдарға тап болып жатады. Алда ылғи ауыр техникалар жүретін еді. Саперлер де үнемі алғы шептен көрінетін. Олар алда мина, снаряд жоқ па, соны жіті қадағалап, қарайтын. Иә, колонна үшін саперлер де өз бастарын қатерге тігіп жататын. Егер сапарымыз сәтті өтіп жатса, Гераттан Шындандқа келіп, аз-кем демалатынбыз. Әр бөлімше, әр ротадан жерлестерімізді іздейтінбіз. Ауған жері таулы-қыратты аймақ. Соғыс кезінде минаның түрін, тіпті қазандай үлкен снарядтарды да көргенбіз. Қаруластарымыздың сол минаға түсіп, қаза тапқаны қаншама... Кез келген жерлерге, адам аяғы көп жүретін жолдарға дұшмандар мина қойып тастайтын. Ауған жерінде соғыста жүрсе де кеңес жауынгерлері халық үшін электростанциялар, мектептер, ауруханалар салды. Ол жақта күндіз-түні оқтың даусын еститінбіз. Біз тұратын елді мекендегі балалардың өзі қару асынып жүретін. Соғыс өрті Герат, Шынданд, Деларамға дейін тоқтамайтын. Менің әскердегі қызметім 1987 жылы аяқталып, елге аман-есен оралдым. Әскерде бірге болған қандыкөйлек жолдастарым көп. Ресейде де бар. Біз кездесу жасап, жиі хабарласып тұрамыз, – дейді Қонысжан Орынғалиев бізбен әңгімесінде.
Ауған соғысының ардагері Дүйсембаев Өміржан Қармысұлы да Махамбет ауылының тумасы. О.Шонаев мектебінде оқыған Өміржан 1984 жылдың күзінде әскери комиссариат жанынан үш айлық көлік жүргізуші мамандығын № 10 Сарайшық кәсіптік - техникалық училищесінен алған соң әскер қатарына шақырылады. Ол алғашқы әскери дайындықты Түркменстанның Теджин қалашығында алты ай автокөлік жөндеу батальонында өткізген соң 1985 жылдың күзінде Ауғанстанға аттанса керек. Ауған жеріндегі Баграм провинциясында Невель дивизиясының әскери-байланыс батальонындағы көлік жөндеу бөлімшесінде сержант шенінде, жүргізуші ретінде қызметін жалғастырған. Өміржан 1987 жылдың 14 мамырында елге оралып, «Казсельхозтехника» мекемесінде жүргізуші болып еңбек еткен. Қазіргі уақытта ол Махамбет обаға қарсы күрес бөлімшесінде 1993 жылдан бері дезинфектор болып жұмыс жасайды.
Өміржан 1996 жылы шаңырақ көтеріп, 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп- өсірген. Бүгінде екі жиен, 2 немеренің атасы атанып отыр. Ауған соғысы ардагерінің марапаттары да жетерлік. Атап айтсақ, «КСРО Қарулы Күштеріне-70 жыл», «Интернационалист жауынгерге Ауған халқынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15, 20, 25, 30 жыл медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған. Өміржан сол бір сұрапыл шақтарды былайша еске алады.
- Қанқасап соғыс өрті өршіген отты аймаққа, өмір мен өлім белдескен жерге тап боламын деп ойламаған екенмін. Талай жайттар бастан өткені есімде. Сол кезде дұшмандар қалашығы(душманский городок) деген болды. Бізге ұрыс қимылдарын, әсіресе, үш бөлімше үш жақтан қалай шабуыл жасауды үйретті. Әскери операцияларға белсене қатыстық. Минаның түрін, снарядтарды көзбен көргеніміз рас. Соның ішінде қазан тәріздес итальяндық мина танкінің өзін қопарып тастайды екен. Ауыр артиллерия, катюша соққысының өзі неге тұрады?! Ол жақтағы провинция тұрғындарының тұрмысы онша мәз емес еді. Асханадан шыққан қалдық тамақтарды, қатқан нандарды көлікке тиеп, шеттегі қоқыс полигонынаа төгетінбіз. Сол жерде бала-шаға, қарттар тамақ қалдықтарын, әсіресе, нандарды теріп жүретін. Кишлак тұрғындарымен көп араласпадық. Ол жақта күндіз-түні атыс даусы бір тынбайтын. Кейде қарауылда тұрғанда бізге балалар, сол жердегі жас жігіттер келіп, алыстан ғана тілдесетін. Орыс тілінде тәп-тәуір сөйлейтіндері де бар. Тіл білмегені ымдап болсын түсіндіретін . Соғыстан қажығандықтан ба, бір жауынгердің өз аяғын атып, жаралағаны да кездесті. Ұрыс кезінде жау қолына түскенде өзін минаға жарғандарды да естідік. Тұтқын ретінде жат елде қалғандар қаншама? Соғыс кезінде ауғандар қолына 417 әскери қызметші кепілге түсіпті дегенді естідік. Оның 130-ы босатылып, кері қайтса, 287- і жоғалып кеткен көрінеді, - дейді Ө.Дүйсембаев.
Кейіпкеріміз екі ұлын да әскер қатарына жіберген. Тұңғыш ұлы шекара қызметінде борышын өтесе, кенже ұлы қазіргі уақытта Ақтау қаласындағы теңіз-жаяу әскерінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Ол өз сөзінде ұл-қызымызды патриоттық ,елжандылық , ұлтжандылық рухта тәрбиелеуіміз қажеттігін, бұл орайда білім ордаларында алғашқы әскери дайындық пәнінің алатын орны ерекше екендігін атап өтті.
Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағын оқ пен от астында өткізіп, тағдыр жазуымен елге аман- сау оралған жауынгерлерімізге мықты денсаулық, жанұясына амандық тілейміз.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА