1979 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Қорғаныс министрінің берген бұйрығымен Ауғанстанға кеңес әскерлерін кіргізуге шешім шығарылып, шекарадан өткен әскерлер онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Сол кезеңдегі тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі – Ауғанстан майданына қазақстандық жиырма мыңнан астам жауынгер тартылып, оның мыңға жуығы қаза ұшыраған. Тіпті, із-түссіз кетіп, елге мүгедек халде оралғандары да қаншама? Ал ауған соғысына облыстан қатысқан адамның қаза тауып, іс түзсіз кеткен. Биылғы жыл Ауған шекарасынан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай, Махамбет ауданы "Ауған соғысы ардагерлері қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оңайғали Ысқақовпен сұхбаттасқан едік.
- Оңайғали аға, әңгімемізді алдымен туып-өскен жеріңіз, өмір жолыңыздан бастасақ?
- 1961 жылы 26 наурызда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Есбол селолық округінде дүниеге келдім. 1968 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1978 жылы Д.Фурманов атындағы орта мектепті бітірдім. 1978 жылдан 1980 жылдың мамыр айына дейін 905 жылжымалы механикаландырылған колоннада құрылысшы жастар бригадасында тас қалаушы мамандығы бойынша жұмыс жасадым.
1980 жылдың мамыр айында Махамбет аудандық әскери коммисариятынан Кеңес Армиясы қатарына шақырылдым. 1980 жылдың мамыр айынан осы жылдың қазан айына дейін Ленинград қаласында сержанттар дайындайтын мектепте оқыдым. 1980 жылдың қазан айынан 1981 жылдың мамыр айына дейін Ленинград әскери округінің Запольяре елді мекенінде әскери борышымды өтедім. 1981 жылдың мамыр айынан 1982 жылдың мамыр айына дейін тура бір жыл Ауған Демократиялық Республикасында 60528 дала почтасында сержант дәрежесінде өзімнің интернационалдық борышымды өтедім. 1982 жылдың қазан айында Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтының дайындық бөліміне түсіп 1988 жылы инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 1988-2004 жылдар аралығында Орал облысында өзімнің мамандығым бойынша қызмет атқардым. 2004-2019 жылдары Атырау қаласында «Фирма АТК» құрылыс компаниясында, 2019- 2023 жылдары «Гювенал Констракшн» түрік құрылыс компаниясында учаске бастығы қызметін атқардым. Өткен жылдың ақпан айынан осы уақытқа дейін «ТаразҚұрылысИнвест» құрылыс компаниясында еңбек етудемін. Сонымен қатар Махамбет ауданы «Ауған соғысы ардагерлері қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарамын. Отбасым бар. Жұбайым Сәнім Бисеналиева осы институттың түлегі.
- Сол кездегі 18-20 жастағы бозбалалар, бүгінде елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған қарт жауынгерге айналды. Өз қатарластарыңыз жайлы айтарыңыз?
- 1980 жыл.... Бәрі де көз алдымда. Біздің негізгі міндетіміз Кеңес Одағаның Термез қаласынан Ауған жеріндегі әскерлерге қару-жарақ, оқ- дәрі, киім-кешек жеткізіп беру болды. Біз бір ротада 4 қазақ жігіті болдық. Сол кезде 18-19 жастағы өрімдей жас бозбалалардың күннің аптап ыстығына қарамай оқ пен оттың, өмір мен өлімнің ортасында жүріп, өз міндеттерін абыроймен орындағандары әлі күнге дейін мені таңқалдырады. Жауынгерлердің арасында шешендер, қырғыздар, орыстар, өзбектер көп болатын.
Сол жылдың мамыр айынан 1982 жылдың мамыр айына дейін Ауған Демократиялық Республикасында 60528 дала почтасында сержант дәрежесінде өз імнің интернационалдық борышымды өтедім.
Қаншама қазақстандық отбасына қасірет әкелген Ауған соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Елімізде жыл сайын он жылға жуық созылған соғыста қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, еске алады. Біздің Махамбет ауданынан 43 жауынгер қатысып, 3 жауынгер Ауған жерінде ерлікпен қаза тапты, олар «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегерлері Мусағалиев Имат, Тұржанов Алаш, Рахметов Мұхтар, ал 12 жауынгер елге келгесін осы соғыстың зардабынан өмірден өтті. Мұхтардың ұстазы Жексенова Марфуға апай:
Қайғының қаптай қара бұлты басып,
Құлады Ер Мұхтардың нар тұлғасы.
Сілтідей тұна қалды қарт Ақжайық,
Жүзінен балбұл жанған сұры қашып.
Гүлдемей бәйтеректер жапырағын
Өсіріп жауқазынмен балқұрағын
Болды да, бір Мұхтар боп қазақ үшін
Мәңгілік жарқыратты шамшырағын, - деп жырға қосқан еді.
Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеген ерлердің ерлігі де біздің қоғамдағы қазіргі жастарымызға үлкен үлгі боларлық ерлік. Ауған жерінде болып келгеніміз біз үшін мақтаныш емес, бұл-тағдыр, бұл- тарих. Болашақ ұрпағымызға тілейтін тілегіміз тек еліміз тыныш, басымыз аман, бейбітшілік заман болсын.
- Өз іңі з төрағалық етет ін бірлестіктің мақсаты қандай, жұмыс- жоспары жөнінде айтып өтсеңіз?
- Қоғамдық бірлестік 2019 жылы маусым айында құрылды. Құрамында 19 Ауған соғысының ардагері бар. Бірлестіктің мақсаты – өз Отанына шексіз беріліп, патриоттық сезімі жоғары болған, қайсар жауынгерлердің ерлігін үлгі тұту, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, есімдерін қадірлеу, сонымен қатар өсіп келе жатқан жастарды елдің патриоты болуға тәрбиелеу болып табылады.
Қоғамдық бірлестік ашылғаннан кейін 2019 жылдың тамыз айында аудан орталығы Махамбет селосынан Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мұражай ашылып, баскетболдан мекемелер арасында аудандық жарыс өткізілді.
Жастар саябағынан ескерткіш ашпақ ойымыз болған, жер де бөлінген. Бұл мәселе жөнінде 2019 жылы Мәскеуге барып Иманғали ағамызбен де кездесіп қайтқанмын. Еліміздегі пандемияға байланысты аяқсыз қалған еді. Биыл 35 жыл толуына орай, Ауған жерінде қаза тапқан жерлестерімізге ескерткіш ашамыз ба деген жоспарымыз бар.
- Интернационалист жауынгерлерге мемлекеттен қандай қолдау көрсетілуде?
- Ауған соғысына ауданнан 43 адам қатысқан болса, оның 3-уі сол жақта ерлікпен қаза тауып, 12-сі келгеннен кейін әртүрлі аурулы себептермен қайтыс болған. Қазір ауданымызда 19 Ауған соғысы ардагері тұрады.
Ауған ардагерлеріне ай сайын республикалық бюджеттен 22 800 теңге, облыстық бюджеттен 35 000 тенге, жыл сайын бір рет 7-ші мамырда 150 000 теңге көлемінде көмек бөлініп отырылады, санаторияларға баруға облыстан жолдама беріліп отырады. Жыл сайын ардагерлер мектептерге , мәдениет орталықтарына барып оқушылармен , ауыл жастарымен кездесіп отырады.
Махамбет селосынан Ауған жерінде қаза тапқан Тұржанов Алаш пен Рахметов Мұхтардың атына көше берілген. Ал Алмалы селосынан марқұм Мусағалиев Иматқа ескерткіш ашылған. Ал биыл Ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері марқұм Габдуллин Мәлікке Махамбет селосынан көшенің аты берілді.
- Биыл – Ауған шекарасынан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл. Атаулы датаға орай қандай жоспарларыңыз бар?
- Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудан әкімі Қ.Нұрлыбаевтың бекітуімен Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін әлеуметтік қолдауға бағытталған арнайы іс-шаралар жоспары жасалды. Жоспарға сәйкес ауқымды іс-шаралар өтетін болады. Соның ішінде, Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу, оларға әлеуметтік, медициналық көмек көрсету, атаулы датаға орай білім беру ұйымдарында олимпиадалар, әскери патриоттық әндер мен суреттерін байқауын, әр түрлі спорттық жарыстар, кітапхана мен мұражайда дөңгелек үстел, кездесу кеші, көрмелерін ұйымдастыру жоспарланған. Сондай -ақ, Махамбет ауылында интернационалист – жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылмақ.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Б.САПАРОВА