Қос отбасының қоныс тойы

Фото: zh-shugylasy.kz

Тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын көтерудегі ең басты мәселелердің бірі. Президенттің алдымызға қойып отырған үлкен талабы да осы. Жуырда Махамбет ауданы Жалғансай ауылдық округіндегі көпбалалы отбасыларға арналып салынған тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, салтанатты түрде табыстау шарасы өтті.

Әрқайсысының ауданы 102,4 шаршы метрді құрайтын қос баспана мемлекеттік тұрғын үй қорында «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша кезекте тұрған Құралай Жұмабаева мен Камила Мұқашеваға берілді.

Қаңтардың ызғарлы суығына қарамастан қоныс той иелерінің қуанышын бөлісуге келген ағайын- туыс, жұмыстастарының қарасы көп болды. Ауыл әкімі Ғибрат Мырзағали ізгі тілегін арнап, баспаналы болған жандарды құттықтады.

–Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауынан туындайтын биік жоспарлар мен маңызды жобалар бізден үлкен еңбек пен ынта-жігерді талап етеді. Осал топ санатындағы жандарды, көпбалалы отбасыларды және өзге де тұрғын үй кезегіндегі жандарға көмек беруді Үкімет әрдайым жүзеге асырып келеді. Бүгін баспаналы болған қос отбасыны шын жүректен құттықтаймын. Жаңа үйлер берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін! - деді ауыл әкімі.

Кейін баспананың кілті табысталып, тұрғын үйдің лентасы қиылды. Шашу шашылып, жұрт көңілді нотада ша­раны қыздыра түсті. Бір қызығы, ба­спаналы болған көпбалалы аналардың екеуі де бір мекемеде жұмыс істеп жүріп, бір мезгілде тұрғын үй кезегіне тұрған екен. «Бұйырған кетпес, қуған жетпес» деп жатады қазақ. «Көктем гүлі» бөбекжай-бақшасының қос тәрбиешісі осылайша бір күнде баспа­налы болып шыға келді.

– 1997 жылы осы ауылға келін боп түсіп, содан жолдасым екеуміз 5 баланы өмірге әкелдік. «Көктем гүлі» бөбекжай-бақшасында жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылға жуықтапты. Осыдан он жылдай бұрын тұрғын үй кезегіне тұрып, кезегімізді күтіп жүргенбіз. Бүгін міне, көптен күткен кезегіміз келіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Жып-жылы, жап-жарық үйді сыйлаған ауылдық округ әкімдігіне, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы Үкімет басшыла­рына ризашылығымды білдіремін. Үйіміздің іші тек қуанышқа, шаттыққа толы болып, отбасымыз аман бол­сын. Қолдауға келген дос-жаран, туысқандарыма рахметімді айтамын,- дейді баспаналы болған К.Мұқашева.

Жаңа үйлер жылыту пеші, газ плитасы, дербес ауыз су құдығы, кәріз суға арналған құдығымен қамтамасыз етілген. Ауласында бау- бақшаға арналған арнайы бос орын бар. Тұрғын үйлер қаржысы облыстық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға нысаналы мақсатымен бөлінген бо­латын.

Бүгінде Жалғансай ауылында үй кезегінде 53 отбасы тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасы – 17, мемлекеттік бюджет қызметіндегілер – 12, әлеуметтік осал топ санатындағылар – 24.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT