Жат ағыммен күрес

Қазіргі заманда интернет ақпарат алмасудың, білім іздеудің және қоғаммен байланыс орнатудың ең басты алаңы болып отыр. Алайда осы мүмкіндікті өз пайдасына жаратқысы келетін түрлі деструктивті діни ағымдардың уағыздаушылары да аз емес.

Олар әлеуметтік желілер арқылы жалған діни түсініктер таратып, адамдарды адастыруға, дәстүрлі құндылықтардан алшақтатуға тырысады. Сондықтан мұндай жалған ақпараттарға қарсы кешенді жұмыстар жүйесін қалыптастыру – қоғам үшін аса маңызды міндет.

Біріншіден, жалған діни ақпараттардың таралуының алдын алу үшін халық ара­сында діни сауаттылықты арттыру қажет. Жастарға әсіресе, мектеп пен жоғары оқу орындарында діннің дұрыс түсінігін жеткізетін арнайы бағдарламалар енгізілгені жөн. Діни білім тек мешіт қабырғасымен шектелмей, заманауи форматта әлеуметтік желілерде де насихатталуы керек.

Екіншіден, интернет кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды. Деструктивті уағыздар жарияланған парақшаларды анықтап, оларды бұғаттау, ал жалған мәліметтерге қарсы дер кезінде ресми әрі сенімді ақпарат тарату қажет. Бұл үшін мемлекеттік органдар, дінтанушы мамандар және IT саласының мамандары бірлесіп, жұмыс жасауы тиіс.

Үшіншіден, қоғамдағы әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары болуы керек. Әлеуметтік желіден көрген әрбір діни жазбаны тексермей қабылдау, ресми діни басқарманың немесе сенімді дереккөздердің ақпараттарына жүгіну – әркімнің өз қолындағы іс. Ақпараттық мәдениет қалыптасқанда ғана жалған діни ағымдардың ықпалы азаяды.

Қорытындылай келе, интернеттегі деструктивті діни уағыздаушыларға қарсы күрес – тек билік пен дін саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Бұл жолда сауатты білім, сенімді ақпарат және қоғамның белсенді көзқарасы қажет. Тек осындай кешенді тәсіл арқылы ғана біз жалған діни идеологиялардың таралу­ына тосқауыл қоя аламыз.

А.ЗАКАРИЯ,

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге

көмек орталығы» қоғамдық қорының теолог маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT