Табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға тосқауыл қойып, оның ішінде браконьерлік, табиғи ресурстарды заңсыз аулау және басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында жыл сайын «Браконьер» жедел профилактикалық іс- шарасы өткізіліп келеді.
Биыл 20 қазанда басталған іс-шара барысында аудандық полиция бөлімінің мамандары басқа да тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп, браконьерлікке қарсы, жасыл желектерді кесу, объектілер мен биологиялық ресурс өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау жұмыстарын жүргізіп, рейдтік шаралар өткізуде. Бұл жұмыстар 19 қарашаға дейін жалғасады. Аудандық полиция бөлімі мамандарының айтуынша, күні бүгінге дейін «Браконьер» жедел профилактикалық іс- шарасы кезінде 12 құқық бұзушылық дерегі тіркелген.
Осы орайда құзырлы орган өкілдері тұрғындарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақырады. Табиғи ресурстарды заңсыз өндіру анықталған жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ

