«Жасыл елдің» жаңа маусымында әр ауданда 100 сарбаз еңбек етеді

Махамбет ауданында «Жасыл елдің» жаңа маусымы басталады.

Еліміздегі ахуалға байланысты ауылды көгалдандыру, абаттандыруға бағытталған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XVI маусымы биылғы жылы екі ай ғана, яғни шілде және тамыз айларына жоспарланып отыр.

Махамбет аудандық жастар ресурстық орталығы басшысы Ж.Дүйсембаевтың айтуынша, карантиндік шектеулерге байланысты еңбек жасағының қатарына қосылу үшін құжат қабылдау онлайн режимде жүзеге асатын көрінеді.

«Еңбек жасағына тіркелетін 16-29 жас аралығындағы студент, жұмыссыз жастардың санына шектеу қойылған. Нақтырақ айтсам, әр айда 50 жас жұмыс жасайды, яғни тек 100 адамға дейін тіркелуге мүмкіндік бар. Тіркелуге ыңғайлы болу үшін жастар орталығының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында сілтемені белгілей отырып, нұсқаулықты да көрсеттік. Қазірдің өзінде 80-ге жуық махамбеттік жас тіркеліп үлгерді. Бір айда «Жасыл ел» қатарына қосылған сарбаздардың 45-і көгалдандыру, 5-еуі құрылыс бағытында жұмыс атқармақ. Алғашқы елулік өз жұмысын шілденің 10-ы күні бастайтын болады. Барлық сарбаздар қолғаппен, бетпердемен қамтамасыз етіле отыра арақашықтықты сақтап жұмыс істейтін болады», дейді орталық басшысы.

Бағдарламаға қатысушының еңбекақасы – 65 мың теңге. Зейнетақы қоры, жеке табыс салығы, медициналық сақтандыру қорына ұсталады деп есептейтін болсақ, жасақ сарбазына 51 мың 350 теңге тиесілі болмақ. Айта кетейік, «Жасыл ел» – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама.

Студенттердің жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырған бағдарламаға кейіннен жұмыссыз жастар да тартыла бастады. Бұл бір жағынан жұмыссыздықтың азаюына өзіндік септігін тигізгені белгілі. 15 жылдың ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, туған жердерін жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра білді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521