Елімізде табиғатты қорғауға, тазалық мәселесіне көп көңіл бөлінген.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн» делінген.
Әкім болып сайланғаннан бері тазалықты күн тәртібіндегі басты мәселе етіп қойған Жалғансай ауылдық округінің әкімі Ғибрат Мырзағалидың айтуынша, қанша тазалық жұмыстары жүргізілгенімен, тазалыққа жауапсыз қарап, бүлдіретіндер тыйылмай тұр екен.
- Менің ойымша, егер тұрғындар экологиялық жағдайды ойласа, ауылда қоқыс болмайды, көше таза болады. Ең бастысы – адамның бей- жай болмауы, барынша қолынан келгенінше абаттандыруға атсалысуы. Тұрғындарды, демалуға келушілерді табиғатты аялауға, тұтынып отырған суымыздың жағасын қоқыс қалдықтарымен толтырмауға шақырамын,-дейді ауыл әкімі. Жастар саябағының ауласында өсіп тұрған тал-теректерді, гүлдерді өз қолымен отырғызған Нұролла Мусин есімді ауыл азаматын білмейтін жұрт жоқ шығар, сірә! Күнде таңмен таласа тұрып, көшеттерді күтіп-баптауға асығатын Нұролла ағаны «табиғат жа-нашыры» десек, артық емес. Оның айтуынша, жас көшеттерді отырғызуды күзгі мезгілде емес, жазғытұрым ғана қолға алған дұрыс.
- Елдегі ахуалға байланысты биыл үлкен көлемде ағаш отырғызу акциялары өтпеді. Дегенмен, өз тарапымыздан мың көшет сатып алынып, ерте көктемде отырғызылды. Бүгінгі күні бәрі де түгел жайқалып өсіп келеді. Мұның бәрі күтіп-баптағанның арқасы. Әйтпегенде жыл сайын сан түрлі акцияның кезінде күз бен көктемде егілген тал-теректің аз уақыт өткеннен кейін қурап қалып жататын жайттары жиі орын алып отыр,- дейді Н.Мусин.
ЖАЙЫҚ «ЖАСЫЛ ЕЛГЕ» ҒАНА КЕРЕК ПЕ?!
Трансшекаралық маңызы бар Жайық өзенінің де жайы жұрттың назарын аудартты. Арнасы жылдан-жылға тарылып, қайраңдар пайда бола бастады. Дабыл қағып, табиғат жанашырлары жүр. Үкіметте бұл мәселенің қаралып жатқандығын айтып, депутаттар да шыр-пыр бо¬лып жүргелі де біраз уақыт болды. Ауылдың үлкендерінің айтуынша, Махамбет ауданында сонау 1993-94 жылдардағыдай су тасу кейін мүлде болмаған. Қазіргі күні 18 көлдің алтауы ғана суға толы екенін ескерсек, алаңдауға негіз бар. Жайық жағасын жайлаған халықтың тыныс-тіршілігі бұл өзенмен тығыз байланысты. Бір жағынан судың қажетті мөлшерден аз келуі экологиялық қауіпті апатқа әкеліп соғары хақ. Жедел түрде өзенді жоғалып кетуден сақтап қалу туралы бағдарламаны қолға алмаса, суға зәру болып қалуымыз ғажап емес. Жә, Жайық әзірше көз алдымызда. Үлкен кемемен жүзбесек те, қайық есіп өтуге мүмкіндік бар. Әңгіме оның жағасының тазалығында. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, сусыз отырған аймақтарға қарап, неге «шүкір» етпейтініміз түсініксіз. Жыл сайын жиналыстарда айтылатын - жағаның тазалығы. Әр сенбі сайын жүргізілетін тазалық жұмыстарынан кейін жаға айнадай жарқырап шыға келеді. Түрлі тазалық акцияларын ұйымдастырып, халық болып жұмылсақ та, «бір құмалақтар» шығып, жұмысты жоққа шығаруға сеп болады. Жайықтың жағасын көзбен көрмек мақсатта шолып шыққанбыз. Таза көрінгенімен, көңілге кірбің ұялататын жайттар орын алғаны байқалды. Таза ауада демалып, «өзен жағалағанның өзегі талмас» деп балық аулауға келген Есбол ауылының тұрғыны Досымбай Телеуғалиевке кез болдық.
- Балық аулауға жиі келіп тұрамын. Жағаны тазалаушыларды да, керісінше ластаушыларды да жиі кезіктіремін. Осы жерге көлікпен келіп, демалып, кейін сыра, сусындарының қалдықтарын тастап кететіндерді көргенде ескертіп айтып жатамын. Бірі құлақ асса, бірі естімегендей отыра береді. Өзіміз ішіп отырған судың бүлінбегенін, таза болғанын қалаймыз ғой,-дейді Д.Телеуғалиев.
Жазғы мезгілде студенттер мен жұмыссыз жастардың бос уақытын тиімді өткізу, олардың Отанға деген сүйіспеншіліктерін ояту мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасының қабылданғанына да 15 жыл болды. Елдегі жағдай бағдарлама қатысушыларының да жұмысына да кері әсерін тигізді. Биылғы жылы орын санына шектеу қоя отырып, екі-ақ маусымға жұмысқа қабылдауға тура келді. Әйтсе де жалақылары өткен жылмен салыстырғанда сәл де болса артқан.
- Еңбек жасағына қабылданған сарбаздар көгалдандыру және құрылыс бағыттарында жұмыс атқарды. Шілде және қыркүйек айында жалпы 100 жас қамтылып, оның 10-ы құрылыс жұмыстарына, қалғаны көгалдандыруға араласты. Барлық қатысушылар киіммен, бетперде, қолғаппен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ сарбаздар #TrashTagAtyrau акциясына 5 мәрте қатысып, Жайық жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізді. Жағалаудан жалпы мөлшері 4 тоннадан астам қоқыс шығарылды,-дейді Жастар ресурстық орталығының маманы С.Ғалымова.
«Таза жағалау», «Birge – Taza Qazaqstan», «Таза су айдындары» секілді тазалық акцияларына белсенді түрде қатысатындар қатарында Махамбет инспекция бөлімі де бар. Олар елді мекен тұсындағы Жайық өзені жағалауын, коммуналдық меншіктегі су жүйелерін қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын дәстүрлі түрде жүргізіп келеді. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Махамбет инспециясы бөлімінің жетекші маман-ихтиологы Тілекші Есмуханова:
- Су айдындарын иесіз құрылған аулардан тазарту, жағаны қоқыс қалдықтарынан тазарту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Мамыр айында өткен «Таза су айдындары» бір айлық ак¬циясы барысында аудан бойынша 541 адам қатыстырылып, Жайық өзені жағалау аймақтарынан 30 тонна 350 кг қоқыс шығарылды. Өзеннің балығын заңсыз аулаушыларды бақылау, Жайық жағасын тазалау – біздің негізгі жұмысымыз,-дейді.
Кім болса да өз туған жерінің келбетімен, табиғатымен мақтанады емес пе?! Отырғызылған көшеттердің жапырағы жайқалып өсуі, саялы баққа айналуы кез келген ауыл тұрғынының табиғатқа көрсеткен құрметімен өлшенбек. Табиғат – Ана берген байлықты қорғау – әрбір азаматтың міндеті.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ