Мотордың тілін тапқан Қабдолла

«Атыраусушар» РМК Төменгі Жайық филиалында 41 жылдай жұмыс істеп, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан жанның бірі –махамбеттік Қабдолла Мырзағалиев.

1958 жылы 18 қыркүйекте Махамбетте өмірге келген Қабдолла Кенжахметұлы елу жылға жуық ғұмырын су шаруашылығы саласына арнапты.

Ол 1974-1977 жылдары арнаулы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде оқыпты. Оны бітірген соң Махамбеттегі сүт зауытында оператор болып еңбек жолын бастаған.

Одан әрі 1977-1979 жылдары Германияда Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан көрінеді.

- Мен 1979 жылдың қазан айында Махамбеттегі су шаруашылығы мекемесіне моторист болып, жұмысқа кірдім. Халық қалаулысы ретінде 1991-94 жылдары аудандық мәслихат депутаты болып та сайландым. Еңбек еткен жылдарымда түрлі грамота мен мақтау қағаздармен марапатталдым. Сондай-ақ Қазақстан су шаруашылығы кәсіпорындары мен ұйымдары қауымдастығының «Су шаруашылығы саласының кәсіби қызметкері» мерекелік медалін да кеудеме тақтым. Мұны мен ұзақ жылғы еңбегімнің еленгені, маңдай терімнің өтеуі деп білемін,- дейді Қабдолла Кенжахметұлы.

Махамбет ауданынан бөлек көршілес Исатай ауданын да сумен қамтып отырған мекеме қызметкерінің айтуынша, қазіргі күні барлығы автоматтандырылып, қолмен жасайтын жұмыс азайған көрінеді.

- Бұл ауданымыздағы, тіпті өңіріміздегі ең үлкен су айдайтын станса десем де болады. Біздің насос стансамыз Жалғансай жақта, Жайық үстінде орналасқан. Өзінің алты тұрбасы бар, бірақ қазір тек қос тұрбасы ғана жұмыс жасап тұр. Біз Жайықтан канал бойымен Таңдай, Хамит Ерғалиев, Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай ауылдарына дейін су айдаймыз. Қыста стансаның жан-жағының мұзын оямыз, су қатқан кезде. Қазіргі уақытта жұмыстасым Жасқайрат Жұмашев екеуміз бір ауысымда қызмет етеміз. Тағы механик Құсайын Сабиров бар. Бұл жерден Теңізге дейін су айдаймыз. Мотор бұзылып қалса, механик бар, бәріміз жабылып жөндеп-оңдап, қалайда жүргіземіз. Каналдың суы шаруа қожалықтары үшін де маңызды рөлге ие,-дейді еңбеккер.

Жолдасы Амина ұзақ жылдар бойы «Шолпан» балабақшасында тәрбиеші болды, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Қызы Айгерім тұрмысқа шығып, үш баланы өмірге әкелген. Оқу орталығында ағылшын тілінен сабақ береді. Қарапайым еңбек адамының бар ғұмыры еңбек етумен, су шаруашылығын өркендетумен өткен екен.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT