Қазақта «Бұтақ жайған ағаш қартаймайды, ұрпақ жайған адам қартаймайды» деген бар. Соңғы кездері тал егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, оған тиянақты мән берілуде.
Өткен сенбі күні Тұржанов көшесіндегі жасыл белдеуді көгалдандыру және көркейту мақсатында ағаш отырғызу акциясы өтті. Акцияға аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш, округ әкімі Б.Мыңбаев, аудандық мәслихат депутаттары, әкімдікке қарасты бөлімдер, мекеме-ұйымдар, ҮЕҰ, жастар ресурстық орталығын қосқанда 200-ге жуық мекеме қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде жасыл белдеуге 500 түп қарағаш отырғызылды.
Міне, көшет отырғызу жұмысы да басталып кетті. Бұл жерге Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен қатар «Жасыл ел» жасағы, әкімдікке қарасты білім, ветеринария, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу, кәсіпкерлік және туризм бөлімдері, жұмыспен қамту орталығы, орталық кітапхана, спорт мектебі ұжымдарының қызметкерлері жерді қазып, өздеріне бекітіліп берілген 25 талын отырғызып жатыр. Оның ішінде таяуда ғана 55 жылдығын тойлаған ауданымыздағы байырғы мекеме «Атырау-Жарық» АҚ Махамбет электр жүйелері бөлімшесі де бар.
Сондай-ақ Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі КМК қызметкерлері де болды. Одан әрі акцияға қатысушылар өздері еккен талдарға су құятын автокөліктен шелектеп су тасып, құйып жатыр. Себелеп жауған ақ жауынға қарамастан ағаш отырғызу қызу жүрді.
Ағаш егу акциясының мақсаты- аудан-ауыл тұрғындарын табиғатымызды аялауға, ауыл-елді мекенді таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы таза әрі жасыл аймаққа айналдыруға шақыру еді. Әрбір ауыл тұрғыны өз ауласын таза ұстаса, егілген ағаш көшеттерінің өсуіне жағдай жасаса, Махамбетіміз бұдан да ажарлана түсетіні сөзсіз. Мұндай шара қоғамдық орындарда, көшелерде, мектеп пен мекеме ауласында ғана емес, сонымен бірге әр отбасы өз үйлерінің аула ішіне де тал-терек отырғызса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпы жасыл желек-жанға сая деген осы. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ата-бабамыз кейінгі ұрпаққа өсиет қалдырған-ды. Жалпы ағаш егу-атадан балаға мирас болған сауапты іс. Хадисте «Бір адам бір ағаш отырғызса, амал дәптеріне отырғызылған ағашының жемістеріндей сауап жазылады» делініпті. «Бабалар еккен шынарды балалар аялайды» демекші, осы егілген ағаштар келешекте қаулай өсіп, ұрпақтар игілігіне жарары сөзсіз.
А.Қуанышқалиева