«Атырау» газетінің аудандағы бір күні

Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде облыстық «Атырау» газетінің аудандардағы күндері бағдарламасына орай оқырмандармен кездесу жиыны болып өтті.

Алғаш сөз кезегін алған «Атырау-Ақпарат» ЖШС-і директорының орынбасары Ысқақ Дүйсенбайұлы сөз алып, жалпы газетке жазылу мәдениеті қалай қалыптасады, ақпарат алмасу не үшін керек? деген мәселелер төңірегінде ой қозғады.

b

-«Атырау» газеті мемлекеттік басылымға жатады. Ал, мемлекеттік басылым деген ұғымды тарқатып айтсақ, кез келген тексерілген, сараланған, зерделенген, сауатты корректура мен жауапты редактураға негізделген ақпараттық жүйе деп сипаттама беруге болады. Өкінішке қарай, жаһандану үдерісімен бірге газет оқымайтын қоғам қалыптасып келе жатқандығын мойындауымыз керек. Аяқ астынан түрлі мәтіндегі жарнама жариялау, қаралы шаңыраққа көңіл қош білдіру немесе қадеге шақыру туралы хабарлама беру керек болғанда газетті іздейтініміз ащы да болса, шындық.

- Қазір сананы тұрмыс билеген заман,-деді сөзін одан әрі сабақтаған Ысқақ Дүйсенбайұлы,

-өйткені цифрлы қоғам, озық технология қарыштап дамып, соның салдарынан рухани ұлттық құндылықтарымыз құлдырау қаупінде десек, артық айтқандық емес. Бесіктен белі шықпай жатып, сәбилеріміз смартфонға жармасады. Күллі әлемнің күлдібадам жаңалығы тоқайласқан қазіргі заманғы мобильді қалта телефонның ішінде не жоқ дейсіз? Сондағы тасқындаған ақпаратты қабылдаудың өзі қиын. Әркім жасына, талғамына қарай өзіне керекті ақпаратты алып жатса бір сәрі? Әлеуметтік желі әлі оң-солын ажырата алмаған сәбилерді қатыгездікке тәрбиелейтінін естен шығармауымыз керек. Әрине, қалта телефонын баланың қолына мүлде ұстатпа демейміз, бірақ әр нәрсенің де бір шегі болуы тиіс қой. Қазір неге көзілдірік киетін бала көбейіп кетті? Соның бір ұшы ертеңді-кеш смартфоннан көз алмай, өз әлеміне еніп кеткендіктен деп тұжырым жасауға болады. Көздің де, құлақтың да өз өлшемі, ақпарат қабылдау жиілігі болады. Сондықтан ағзаға шектен тыс салмақ түсіруге болмайды. Одан да оқуға тиісті 100 кітапты шетінен кеміріп оқыса, жан сарайы ашыла түсер еді. Өйткені, газет-журнал, кітап оқыған баланың орамды ойлары, адами болмысына жақын талғамы қалыптасады. Кез келген бала қабілетті. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, тек олармен жүйелі жұмыс істеп, болашағына бағыт сілтеген абзал.

Жалпы пікірімді қабылдау, қабылдамау-өз еріктерің, бірақ менің пайымдауымша, қазіргі смартфонға тәуелділік уақытша нәрсе.Олай дейтінім, Жапония сияқты осындай озық технологиялардың Отаны -дамыған елдерді қазіргі уақытта смартфон, гаджет, айфон дегендерің еш қызықтырмайды. Неге десеңіз, олар осыдан жиырма жыл бұрын әлеуметтік желінің қызығын да, шыжығын да көріп, қазір одан іргелерін аулақ салған, яғни бірте-бірте қолданыс аясы тарылуда. Керісінше, газет-журнал, кітап оқуға деген құлшыныс артқан. Қоғамдық көлік аялдамаларында, теміржол бекеттерінде жаппай газет оқып тұрған адамдарды көргенде еріксіз таң қаласың. Тіпті таралымы тоғыз миллионға дейін жететін тәуліктік газеттер бар. Яғни, басылымға деген сұраныс артып отыр. Мұндай жағдай бізге де жетеді деп кәміл сенемін.

b

Исатай Құндызбайұлы,облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы:

-Жылда оқырманмен ойласу мақсатында аудандарды аралап, не жазылмай жатыр, қандай тақырып қамтылмады, талғампаз оқырмандардың қалауы не деген сауалдарға жауап іздеп, ашық әңгіме алаңына шақыратын дәстүріміз бар. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, тілімізді, ділімізді, дінімізді насихаттау бағытында қалам құрғатпай келеміз десек,артық айтқандық емес. Сондай-ақ, оқырмандармен кездесу жиындарында айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты газет ішіндегі газет қосымшасын ашып отырмыз. Мәселен, жастар жылына байланысты «Армандастар» қосымшасын шығарып, ел ертеңі жас ұрпақтың тың идеяларын, көкейтесті мәселелерін саралап жазып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуларына ықпал етіп келеміз.Мұғалімдерге арналған «Педагог», дәрігерлер тірлігін қаузайтын «Жандауа» қосымшаларынан кәсіби мамандар көзқарасы, сала бойынша қордаланған проблемаларды шешу жолдары көтерілсе, экология мәселесі «Талбесік» қосымшасында жан-жақты қозғалады. Жаңа заман талабына сай «Бизнесмен», «Инновация+» қосымшаларының да тұрақты өз оқырмандары бар. Тақырыптары айтып тұрғандай, «Әділет әлемі», «Адамгершілік айнасы», «Қазына» қосымшаларының да көтерер жүгі жеңіл емес. Газетіміздің алдыңғы сандарында меценат, елге танымал кәсіпкер Төкен Танаұлының рухани жаңғыруға байланысты кәсіпкерлерге арналған үндеуі жарияланды. Оның айтуынша, күні бүгін облыста тіркелген алпыс мыңға жуық кәсіпкер бар көрінеді. Ал, сол кәсіпкерлер бір кезек бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, бір-бір дана «Атырау» газетін үйлеріне жаздырып алдырса, ондаған мұқтаж жандарды өз қаржысы есебінен газетке жаздыруға көмектессе, нұр үстіне нұр. Қалай болғанда да әрбір қазақстандық шама-шарқынша ұлтқа қызмет етулері керек деп ойлаймын.

baspasoz6

-Мен газет десе ішкен асын жерге қоятындардың бірімін,-деді келесі кезекте сөз алған ауданның «Құрметті азаматы» Мәндірғали Оразғалиұлы. Жыл сайын сегіз түрлі басылымды үйге жаздырып, оқимын. Олардың арасында аудандық, облыстық газеттерден басқа «Қазақ әдебиеті» газеті, «Мұқағали» журналы бар. Осы жолы да сөзіммен ісім бір жерден шықсын деп газет –журналға жазылып, түбіртегін көрсетейін деп пошта байланыс бөлімшесіне барғаныммен баспасөзге жаздыруды ұйымдастыратын адамды таппадым. Жалпы бұрында да газетке жазылу науқаны кезінде барлық әкімшілік ресурстар, қоғамдық ұйымдар жұмысқа тартылған. Сондықтан халық сайлаған өкіл-депутаттар да бұл істен шет қалмау керек деп ойлаймын. Аудан ауылшаруашылығы бағытында. Сондықтан «Озат тәжірибе-ортақ игілік» деген тақырыпта арнаулы бет ашса деген ұсынысым бар.

baspasoz2

Ж.Досқайыров,«Досқайыров» шаруа қожалығының жетекшісі:

-Мен де газетпен тығыз байланыстағы адаммын. Азды-кем жетістігімізді халыққа жеткізіп, рухани демеу берген «Атырау» газеті ұжымына алғысым шексіз. Жастар жылына орай ауыл жастарын шаруашылығыма шақырып, жұмыс бағытымен таныстырып, еңбек деген құдіретті сезіндіруге тырыстым. Ал, смартфонның зияны мен пайдасы туралы жоғарыда айтылған пікірлер көңілге қонымды. Түнгі сағат үшке дейін телефонын шұқылап отырған адамның ұйқысы қанбай, күні бойы қабағы тырысып жүреді. Одан қандай сапалы еңбек өнімділігін күтуге болады. Тіпті жаман айтпай жақсы жоқ деген техника қауіпсіздігін сақтамай, қатеге ұрынса, кім жауап береді. Сонымен бірге ол адам өзінің денсаулығын да құртып жатқанын біле ме екен? Сондықтан бала тәрбиесін балабақшаға, мектепке ысырып салмай, шаңырақта үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Ал, «арық айтып, семіз шық» дегендей, жылдағыша өз қаражатыма ақтоғайлық 20 адамды жаздыруға жұмыстанамын.

b

Келесі кезекте сөз алған ақтоғайлық зейнеткер Қ.Басаров:

-газет-журналдардың уақтылы келмейтіндігі жөнінде байланыс бөлімшесінің жұмысына сын айтты. Сонымен қатар, жергілікті радио желісі іске қосылса, «Атырау» газетінің бетінде ара-тұра болса да қылмыс хроникасы беріліп тұрса деген ұсынысын айтты.

b

- Баспасөздің қоғамды қозғаушы күш, ақыл-ойдың қайнары екендігінде сөз жоқ,-деді аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы А.Жуасов,-газет халықтың мінбері, сондықтан ой еркіндігін пайдаланып, кейбір көкейтесті мәселелерді құлаққағыс жасағым келеді. Қара майор деген лақап аты бар Ауған соғысының даңқты дала командирі көзі тірісінде Халық қаһарманы атағын ала алмады. Сол кісі қоршауда қалған батальонына қазақша бұйрық беріп, жауынан айласын асырып, жүздеген сарбазының өмірін аман алып қалған.Міне, туған ана тіліміздің құдіреті деген осы. Осы санаттағы батырлардың ерліктері ескеріліп, газетке материалдар жарияланса, аға ұрпақтың ерлік рухымен сусындау үшін жастар іздеп жүріп оқыр еді. Жалпы елім деп ет жүрегі езілген ұлт жанашырларының өнегелі өмір жолдарын жариялап тұрса, басылым беделі арта түседі деген ойдамын. Сөзімнің соңында айтарым, қазір нарық заманына байланысты жергілікті басылымдар қиыншылық қыспағында қалып отыр. Мен өзім Сарытоғай ауылында туып-өстім. Кезінде «Ембімұнайгаздың» қосалқы шаруашылығы болған «Орал» ЖШС экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезде мұнайшылар көмекке келіп, қаржы құйып, серіктестікті аяғынан тік тұрғызғаны есімде. Сол сияқты Атырау аумағында байлығымызды игеріп жатқан компаниялар жергілікті басылымдарға қаржылай қолдау көрсетсе, ешқандай проблема туындамаған болар еді.

b

Келесі кезекте сөз алған Таңдай ауылдық мәдениет үйінің директоры Қ.Қазымбекұлы қауырсын қалам жас таланттардың талабын ұштап, өлеңдер топтамасын, шағын әңгіме, эсселерін жариялап тұрса деген ұсынысын айтты. Аудандық білім бөлімінің басшысы А.Сұлтанғалиева да өз сөзінде мұғалім мәртебесі, сапалы білім беру, бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру туралы өз ойын ортаға салды. Оқырмандармен кездесу жиынын аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Қалиев қорытындылады.

baspa1

Атыраулық журналистер аудандық «Жайық шұғыласы» газеті редакциясында болып, әріптестерімен пікір алмасты.

 

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521