«Жасыл белдеудің» күтімін қанша бақылауда ұстауға тырысса да, жұмысына кедергі келтіретін жайттар орын алып отыр.
Жасыл желек пен күн ыстықта қорған болар ағаштар, әдемі гүлдер ауылымыздың көркін ашары анық. Осы тал-терек пен гүлдерді отырғызып, көгалдандыру жұмысымен айналысып, қоғамға пайдалы іс атқарып жүргендер арамызда баршылық. Солардың бірі – «Дарын» жеке кәсіпкерлігі. Әкімшілік ғимараты алдындағы гүлдерді, «Жасыл белдеуге» отырғызылған көшеттерді күтіп-баптап, тазалығына жауап беретін мекеменің қызметкері Нұролла Мусин редакциямызға өзінің арызымен келді.
Жасалып жатқан жұмыстар бар, бірақ...
Аудан орталығындағы «Жастар саябағына» біраз жыл бұрын егілген көшеттер бүгінде жайқалып өсіп, алыстан менмұндалайды. Еліміздегі жағдайға байланысты екі айға жуық уақыт саябақтар, адам көп шоғырланатын жерлердің жабылғандығы белгілі. Осы уақытта есіктен кіре алмасын білген кей тұрғындар қоршаудың сымын бұзып, өздері үшін «тесік» жасап алыпты. Тәртіпке бағынбай, саябақ ішіндегі балалар ойнайтын алаңқайға балаларын әкеліп, ойнатып жүрген ата-ананың ісіне қандай шара қолданылды?! Ал сол «тесікке» тіпті, бала емес қоршаудың сыртында жайылып жүрген қой-ешкі, сиырлар да «іздегенге-сұраған» дегендей, ентелеп кіріп, өсіп тұрған тал-теректердің түгін қалдырмауға қалыпты. Абырой болғанда, бақ ішінде бақташы болып, ағаштар аман қалған.
Таңмен таласа тұрып, саябақта отырғызылған ағаштарын суаруға, ауласын арам шөптен арылтуға асығатын Нұролла аға алдымен Жайықтың жағасындағы су айдайтын орынға барады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, ескі су айдайтын моторы да қайта-қайта істен шығып қалып, оны жөндеуге тағы уақытын жұмсайды. Мәселе тек мұнымен бітпейтін болып шықты.
- «Жасыл белдеу» арқылы жүріп жатқан су құбырын бұзып, сындырып, бұрандаларын алып кетіп жатыр. Қоршауын да қиратып кетеді. Мұндай бассыздыққа қашанға дейін көз жұмып отыруға болады? Жыл сайын жұмысымызға кедергі келтіретін осындай келеңсіздіктердің қайталанбауын құзырлы органдар тезірек қолға алса екен дейміз. Олардың бәрін қайта жасау үшін біріншіден, қаражат кетеді, екіншіден, уақытымызды алады. Жұмыс жасалмай жатқан жоқ, бірақ соны жасауға кедергі келтіретіндердің әрекетіне тосқауыл қойылмай тұр. «Жастар саябағына» гүл егіледі. Оның бәріне су керек. Ал осындай бүлдірушілер көп бола беретін болса, ісіміз оңбасы анық,-дейді Нұролла Жұманұлы.
«Жау» алыстан келмейді
Аталған мәселе жөнінде ауылдық округ әкімі Басерат Мыңбаевқа хабарласқанымызда, ол бұл жайттардан хабардар екенін, шаралар жасалып жатқандығын айтты.
«Иә, мұндай келеңсіз жағдайлардың орын алып отырғандығын жасырмаймыз. Өткен аптаның өзінде су құбырын қасақана сындыру, бұрандасын ұрлаудың қос фактісі анықталды. Кім жасаса да, ауылымыздың тұрғыны екені белгілі. Аудандық полиция бөліміне шарасын алу бойынша хат жазғанбыз. Әзірге хабар жоқ. Бірақ олар заңсыздық орын алған күні жедел түрде хабарлағанымызды құп көреді. Ал біз ол оқиғаның қай уақытта орын алып жатқандығынан бейхабармыз. Су жүріп тұр, бірақ осындай әрекеттерге барады. Ал су жүрмей жатса, тұрғындар келіп шағымданады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 5 жасырын бейнебақылау камерасына сұраныс беріп қойдық. Бастапқыда тәжірибе ретінде «Жасыл белдеудегі» заңсыздық көп орын алатын орынға және қоқыс бей-берекет шашылып жататын көшелерге қондырып қараймыз. Бейнекамераға түскен ауыл тұрғыны анықталып жатса, айыппұл салынады. Есесіне басқаларға сабақ болады. Ауылымызды көріктендіруге бағытталған түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылуда. Осыған қарамастан табиғатқа жаны ашымайтын, қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қарайтындар да арамызда кездесіп қалады»,- дейді ауыл әкімі.
Аялы ағаш - саялы
Жыл сайын «бәленбай мың көшет отырғыздық» деп жар салып тұрып хабарлаймыз. Бірақ олардың әрі қарайғы күтіміне кім жауапты?! Тек қана сенімгерлікке алған мекеме ме, әлде ауылдық округ әкімі ме?! Бұл жерде бір жақты көзқарас қалыптаспағаны абзал. Әр адам өзі еккен ағашына қарайласып, жайқалып өсіп кетуіне септігін тигізуі керек-ақ. Әйтпегенде, талай тал-терекке су құйылмай, қурап кетіп жатқаны аян.
Ауыл әкімінің айтуынша, өткен жылы көктемде 1000 түп көшет отырғызылыпты. Биыл А.Тұржанов пен Д.Төленов көшесі аралығындағы «Жасыл белдеуге» шықпай қалған талдардың орнына қайтадан жаңа көшеттер егілген. Осы уақытқа дейін өз деңгейінде жұмыс істемей келген «Жастар саябағының» субұрқағына биыл жөндеу жұмыстары жүргізілмек. «Жасыл ел» жастар қозғалысы елді мекендерді көгалдандыру бағытында көптеген жақсы істердің ұйытқысы болып келе жатқанына біраз уақыт болды. Ал биылғы жылы елдегі ахуалға байланысты әлі шешімін таппай тұрған көрінеді.
Түйін
Жылдың басында «Орталық саяжолдың» шамдарын сындырған жас балалардың әрекеттері әшкере болған кезде олардың бұзақылығы қоғамда үлкен пікірталас тудырған болатын. Бірақ олардың ата-аналары, балаларының білместікпен жасаған әрекеттері үшін кешірім сұрап, барлық сындырылған шамдарды өздері қалпына келтіріп берген еді. Мұндай жағдайға дейін жеткізбей, қоғам үшін қызмет етіп жүрген жандардың еңбегін ескеріп, абаттандыру, көгалдандыру мәселесін әрбір жекелеген тұрғын өз міндетім деп санап, тазалықты өзінен, өз ауласынан бастаса деп ойлаймыз.
Бұл қоғамға жасалған, түптеп келгенде өзімізге жасалған қамқорлық болып саналады.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ