ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСТАР САЯСАТЫНА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНІП, ОЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУЫНА, ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАП, ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА ӨЗ ОРНЫН ТАБУЫНА БАРЫНША ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУ¬ДА. ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕЛ БАСҚАРЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АЛТЫ ЖЫЛЫН¬ДА ЖАСТАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН ҚОЛДАУ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ТАРТУ, ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВІ ЖОБАЛАРЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫ ЕЛІМІЗДЕ ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА ЖОЛ АШТЫ.
Қазір жастардың жұмыспен қамтылуы - еліміздің басты басымдықтарының бірі. Бұл мақсатта «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» секілді бағдарламалар жүзеге асырылып, жас мамандардың тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысқысы келгендерге арналған «Бастау-бизнес», «Қарапайым заттар экономикасы», «Жеңілдетілген несие» секілді қолдау тетіктері қарастырылған.
Мен де өз еңбек жолымды қарапайым қызметтен бастап, осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, кәсіби тұрғыда дамыдым.
Еңбек жолымды 2018 жылы мемлекеттік мекемеде ЭВМ операторы болып бастадым. Кейін кәсіпкерлік, білім, спорт, ішкі саясат, коммуналдық шаруашылық салаларында түрлі қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтадым. Әсіресе, жастар саясаты саласында яғни Индер аудандық жастар ресурстық орталығында басшылық қызмет атқарып, жастардың дамуына үлес қостым. Бұл жылдар маған тәжірибе, жауапкершілік және халыққа адал қызмет етудің маңызын ұғындырды. Әрбір жұмыс орным мен үшін жаңа белес, жаңа мүмкіндік болды. Бүгінде мемлекеттік қызметте өз білімім мен тәжірибемді ел игілігіне арнау-мен үшін үлкен мәртебе.
Өткен жылы Атырау облыстық өңірлік кадр резервіне іріктеу барысында шамамен 600 үміткер құжат тапсырды. Олардың 479-ы тестілеуге жіберіліп, 204 үміткер оң нәтиже көрсетіп, жеке қасиеттерін бағалау кезеңіне өтті. 51 үміткер құзыреттерді бағалау кезеңіне қатысып, 38-і құрылымдық сұхбатқа өтті. Нәтижесінде комиссия 25 адамды өңірлік кадр резервіне іріктеп алды. Соның ішінде мен де болдым.
Қазіргі таңда Махамбет ауданында қызмет атқарып, өз тәжірибемді халық игілігіне жұмсауға тырысып жүрмін. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып, кейін Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалдым.
Жастар кадрлық резерві - жастарға сенім артып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың нақты көрінісі деп білемін. Президенттің «Біз жас мамандарға сенім артуымыз керек. Олардың білімін, тәжірибесін ел мүддесіне пайдалануымыз қажет» деген сөзі мен үшін маңызды.
Халыққа қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Әр жетістігімнің артында мені қолдаған туған- туыстарым, әсіресе, анамның еңбегі зор. Ол маған әрқашан сенім – артып, адал еңбек етуге, елге қызмет етуге бағыт-бағдар берді.
Егер сеніммен еңбек жолында табандылық танытса, кез келген жас өз арманына жете алады. Ең бастысы – алға ұмтылу, өз-өзіңе және мемлекетіңе деген сенімді ақтау.
Мемлекет жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін білім гранттары, жеңілдетілген баспана бағдарламалары, жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері сияқты шараларды қолға алған. Бұл шаралар біз секілді жастардың өз әлеуетін толық пайдаланып, ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік беруде.
Темірлан БЕРТІЛЕУОВ,
Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары