Мемлекеттік қызмет – елмен бірге өсу жолы

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА ЖАСТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІГІ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ. ӘСІРЕСЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНА БЕТ БҰРҒАН ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ЖОЛЫ, ТАҢДАУЫ, КӘСІБИ ҚАЛЫПТАСУЫ КӨПКЕ ҮЛГІ. ОСЫНДАЙ ТАЛАПТЫ ЖАСТАРДЫҢ БІРІ –АҚТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ БОЛЫП ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮРГЕН ДАРИЯ БЕЙБІТҚЫЗЫ НАУРЫЗОВА.

Дария – Атырау облысы, Махамбет ауылының тумасы. Д.Төленов атындағы мектеп- гимназиясының түлегі. Мектеп қабырғасынан бастап оқу озаты болған ол кейін Ақтөбе қаласындағы Баишев университетіне оқуға түсіп, үздік тәмамдайды. Бұл оның өмірлік жолындағы алғашқы белесі болды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметті саналы түрде, терең оймен таңдаған. 

– Мемлекеттік қызмет – халықпен тікелей жұмыс істейтін, ел игілігі үшін нақты әрекетке бара алатын жауапты сала. Ата-анамның кеңесі мен ішкі қызығушылығым осы жолды таңдауыма себеп болды, – дейді ол. 

Университетті аяқтағаннан кейін жұмыс табу оңайға соқпағанымен, Дария еш мойымаған. Қазіргі таңда Ақтоғай ауылдық округінде қызмет атқарып жүрген ол – өз кәсібіне адал әрі талапшыл маман. Жас маманға алғашында жауапкершілік жүгі, құжаттармен нақты жұмыс, уақытты тиімді басқару секілді мәселелер оңай болмаған. Бірақ ұжымның қолдауы мен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыстың арқасында бұл қиындықтардың бәрі артта қалған. 

– Әсіресе алғашқы кезде қобалжу болды. Себебі, қабылдайтын әр шешім нақты бір адамның мәселесіне қатысты. Бірақ тәжірибе арқылы әріптестерімнің қолдауымен бұл кедергілерді еңсердім, – дейді Дария. 

Жас маман ретінде ұжымға бейімделу де оның кәсіби қалыптасуында үлкен рөл атқарған. Өзінің айтуынша, әріптестері жылы қабылдап, үнемі бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырады. Тәжірибелі маман, тәлімгері Динара Меңдіғалиқызының қамқорлығы мен тәжірибесі оған бағыт көрсетіп келеді. 

– Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтайтын, ашықтық пен тиімділікті талап ететін сала. Қазіргі жастарға ең үлкен қиындық – тәжірибе мен нақты мақсаттың болмауы. Бірақ талап пен еңбек арқылы бәріне қол жеткізуге болады. Менің жұмысым –ел дамуына үлес қосатын маңызды сала. Қиындық – өсуге мүмкіндік. Өз-өзіңді дамытудан жалықпау керек. Еңбек пен ізденіс – болашақ табыстың кілті, – дейді ол. 

Айта кету керек, мемлекеттік қызметке қабылдауды жеңілдету мақсатында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтардың бірі – жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс негізінде GPA көрсеткіші 3,33 және одан жоғары бағамен аяқтаған түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурстан өтпестен, уәкілетті органның келісімімен тағайындау мүмкіндігі болып отыр. 

Бұл – өңірлердегі кадр тапшылығын шешіп, білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға бағытталған маңызды қадам. Осы норма аясында, жоғары оқу орнын 3,57 GPA көрсеткішімен үздік аяқтаған Дария Бейбітқызы Ақтоғай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымына конкурстық іріктеусіз тағайындалды. Бұл – Дарияның білім мен еңбекке деген табандылығының нәтижесі. 

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT