Еңбекшіл ауылында тұрғындар үшін маңызды нысан – ашық спорт алаңы пайдалануға берілді. Жаңа ашық спорт алаңы ауыл жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруына, бос уақыттарын тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік туғызды.
Шараның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевқа берілді.
- Еңбекшіл ауылы шағын болғанымен, күннен күнге дамып келе жатыр. Осыдан екі күн бұрын медициналық пункт пайдалануға берілсе, бүгін сіздердің сұраныстарыңызға орай салынған ашық спорт алаңының ашылуына жиналып отырмыз. Жаңа нысан ел игілігіне қызмет етіп, ауылымыз көркейіп, дами берсін. Осы орайда құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекемеге ауыл халқы атынан алғысымызды білдіреміз,- деді аудан басшысы өз сөзінде.
Келесі сөз кезегін алған ауыл ақсақалы Жолдыбай Боранбаев қуанышын жасырмай, аудан әкіміне шын жүректен ризашылығын білдірді. Ол осынау кішкентай ғана ауылдан небір мықты спортшылардың шығатынына сенім білдірді.
Шара Ортақшыл ауылдық “Самал” мәдениет үйінің режиссері Нұрлан Құбылбаевтың орындауындағы ауылдың тынысын, туған жерге деген сағынышты бейнелейтін “Ауылға барамын” әнімен жалғасты.
Ашық спорт алаңының құрылысы мен безендірілуіне атсалысқан «Есенбаева» жеке кәсіпкерлігінің иесі Айзада Есенбаева мұндай игі бастама ауыл жастары мен өскелең ұрпақтың болашағына жасалған инвестиция екенін атап өтті. Ал Еңбекшіл ауылының азаматы Тоқтар Төлегенұлы балаларға сыйлық ретінде футбол добын және арнайы спорт киімдерін сыйға тартты.
Жаңа ашық спорт алаңының таспасын қию мәртебесі аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев пен ауыл ақсақалы Ж.Боранбаевқа ұсынылды.
Ауыл тұрғындары жаңа алаңның ашылуын зор қуанышпен қабылдады. Бұл игі іс – ауылдық аймақтардағы спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың бір көрінісі.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

