Әлеуметтік сала мамандарына құрмет

Адамдарға қолдау мен қамқорлық көрсетуең абзал іс. Махамбеттік әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі осы мерекеде лайықты бағасын алды. Ауданда әлеуметтік сала қызметкерлері күні ерекше ықыласпен аталып өтті. Адамдарға қамқорлық пен жылулық сыйлауды өмірлік парызына айналдырған әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған.

Аудандық отбасын қолдау орталығының мәжіліс залын­да өткен салтанатты жиынға әлеуметтік қорғау саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер­лер, әлеуметтік қызметкерлер, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімінің мамандары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен отбасын қолдау орталығының қызметкерлері қатысты.

Шараны аудан әкімінің орын­басары Махамбет Ербөлек ашып, сала мамандарын кәсіби мереке­мен құттықтады. Ол бұл мереке 2011 жылдан бері тойланып келе жатқанын айтып, әлеуметтік қорғау саласының қоғамдағы рөлі зор екенін атап өтті. Ардагерлерге денсаулық пен отбасылық амандық тілеген әкім орынбасары салада ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.

Марапат иелері қатарында әлеуметтік сала ардагерлері Тілекқабыл Түйешиев, Сайын Қожрақов, Гүлиза Бердімұратова, Нұржамал Маханова, Айман Қайырсапина, Гүлдара Есетова, Үміт Ғұмарова, Дариға Киталиева, Қалығыз Сарсенғалиева бар. Сондай- ақ әлеуметтік сала қызметкерлері Гүлнұр Хасанова (Сарайшық), ар­наулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары Айжан Ай­мишева, Нұргүл Ізбасарова, Алмагүл Тілекқабылова және «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Аты­рау облысы бойынша филиалының жетекші маманы Альфина Аташева аудан әкімінің алғыс хатымен мара­патталды.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жексенбай Пазулов сала ардагерлерін құттықтап, ау­дан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айту­ынша, бөлім арқылы тұрғындарға 16 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі, ал мүмкіндігі шектеулі жандар 2284 қызмет түрімен қамтылған. Сондай- ақ 175 мүгедектігі бар бала есепте тұр. Жақында «NСС» компаниясы­мен бірлесіп, «Ақжол» мүгедектер қоғамдық қоры жиһаз цехын ашып, 5 адамды жұмыспен қамтыған.

17 жыл әлеуметтік қамсыздандыру саласында еңбек еткен ардагер Гүлиза Сембайқызы өз естелігінде «қарттармен жұмыс жасауға икемі бар» деп 28 қызды қызметке қабылдағанын, үй-үйді жаяу ара­лап қызмет көрсеткендерін еске алды. Ал еңбек ардагері Тілекқабыл Қожабайұлы 1990 жылдардағы қиын кезеңдерді, зейнетақы мен жәрдемақыны қолмен есептеп, жазған сәттерін баяндап, өткен күндерден сыр шертті.

Ардагерлер Сайын Жәрдемұлы мен Алмажай Қартжановалар да сөз алып, қызықты естеліктерімен бөлісті. Ал Махамбет арнаулы қызмет көрсету орталығының бас­шысы Бақтыбек Мұхамбетқалиев пен отбасын қолдау орталығының басшысы Равиль Темірланов өз құттықтауларын жеткізіп, әлеуметтік сала қызметкерлеріне табыс тіледі. Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек қатысушыларға ризашылығын білдіріп, әлеуметтік салада аянбай еңбек етіп жүрген барша мамандарға алғыс айтты.

А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT