Еңбегі елге мақтаныш

АДАМ ҒҰМЫРЫНЫҢ МӘНІ – АРТЫНДА ҚАЛҒАН ІЗІНДЕ, ЕЛГЕ СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІНДЕ. ЕЛІНЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТІП, ХАЛЫҚ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНУ – КЕЗ КЕЛГЕН ЖАННЫҢ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛА БЕРМЕЙТІН БАҚ. ОСЫНДАЙ ПАРАСАТ ПЕН ҚАЖЫРДЫ, ЕҢБЕКСҮЙГІШТІК ПЕН АДАМДЫҚТЫ БОЙЫ­НА ТОҒЫСТЫРҒАН АБЗАЛ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ – ЕЛ АҒАСЫ, ҚОҒАМНЫҢ АРДАҚТЫ ТҰЛҒАСЫ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, «МА­ХАМБЕТ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АСҚАР РАҚЫМҰЛЫ ҚҰРМАНБАЕВ.

Биыл еңбек пен өмір жолын еліне арнаған азамат мерейлі 75 жасқа толып отыр. Сана­лы ғұмырын туған жерінің өркендеуіне, ел игілігіне, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған тұлғаға аудан халқы айрықша құрмет көрсетуде.

Мерейтой иесін құттықтап, Сарайшық ауылындағы шаңырағына арнайы барған ау­дан әкімінің орынбасары М.Ербөлек, аудан әкімі аппаратының басшысы А.Мұқанғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев және Сарайшық ауылдық округінің әкімі Ж.Кенжеғалиева ақжарма тілектерін білдіріп, аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті. Ардагердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетіп, ел ағасына деген ілтипатын білдірді.

Асқар Рақымұлының еңбек жолы – қарапайым мамандықтан басталған өмір сабағының айқын көрінісі. Ол қызметін мал тұқымын асылдандыру технигі ретінде ба­стап, қажырлы еңбегінің арқасында облыстық басқарма басшылығына дейін көтерілді. Ғылым мен өндірісті ұштастыра білген азамат ауыл шаруашылығын дамыту ісіне ерекше үлес қосты. Кезінде Балқұдық қой совхозында асыл тұқымды мал шаруашылығын қалыптастырып, республика көлемінде танылған озат се­лекционер атанды. Ол өз ісіне адалдық пен жауапкершілікті ту етіп, тәжірибесімен өңірдің ауыл шаруашылығына жаңа серпін берді.

Ұзақ жылдар бойы Махамбет ауданының ауыл шаруашылығы саласында, кейін аудан әкімінің орынбасары қызметінде еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік және экономикалық даму­ына айрықша үлес қосты. Ұйымдастырушылық қабілетімен, салмақты мінезімен, шешім қабылдаудағы ұстамдылығымен әріптестерінің сеніміне ие болды. 2007 жылдан бастап Ма­хамбет аудандық мәслихатына депутат болып, 2012 жылдан мәслихат хатшысы болып сайла­нып, Махамбет ауданының қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлкен үлесін қосқан Асқар Рақымұлы әлеуметтік бастамаларды қолдап, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға жетекшілік етті.

Зейнетке шыққан соң да аудандық мәслихаттың, қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі ретінде қоғам дамуына қызмет етуін жалғастырды. «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атақтары мен сан түрлі мемлекеттік марапаттары бар. Соның бәрі – еңбектің, жауапкершіліктің, абыройдың айғағы. «Әкемнің өмір жолы – тұтас бір та­рих» деген Асқар ағаның қызы Салтанат Рахи­мова әкесінің қай қызметте жүрсе де, адалдық пен еңбекқорлықты ту етіп, ел мүддесі үшін тер төккенін айтады.

– Мен бала күнімде әкемнің кандидаттық диссертациясын басуға көмектесіп, том-том қолжазбаларын баспа машинасымен терген сәттерім есімде. Жылқы мен қой тұқымдарын зерттеген сол еңбегі арқылы мен де асыл тұқымды жылқылар жайлы көп нәрсені біліп өстім. Мәскеуге іссапармен барған сайын бізді де ертіп апаратын, кейде пәтер жалдап, кейде қонақ үйлерде тұратынбыз, мейрамханалары­нан тамақтанатынбыз. Сөйтіп, ауылда тұрсақ та әкеміз бізге үлкен өмірді, үлкен қаланы көруге мүмкіндік беретін. ВДНХ, ГУМ, ЦУМ, музейлер мен панорамалар – бәрі сол әкемнің арқасында көкірек көзіме бала кезімнен іліккен маңызды нәрселер еді мен үшін. Мал­шы қыстақтарына бірнеше күндеп іссапарға кетіп қалатын. Осы уақыттарда базасы ескірген Тәжірибе стансасының жағдайын жақсарту, малшы ауылдарына тікұшақпен шөп жеткізу, алыс ауылдарға үйлер салдыру, жылқыларды будандастырып, еттілігін арттыру, қойлардың жаңа тұқымдарын шығарту, мал азықтары мен алманың жаңа тұқымдарын шығарудың басы- қасында ұйымдастырып жүретіндігін кейін өсе келе білдім,-дейді С.Рахимова.

Үлкен парасат иесі, терең ой мен нақты сөздің адамының қамқорлығын көрген адам аз емес. Асқар Рақымұлының бойындағы қарапайымдылық пен кішіпейілділік – нағыз адамдықтың үлгісі. Ұрпағына адал еңбек етуді, елге пайда тигізуді, қолдан келсе адамға жақсылық жасауды үйретті. Қоғамдық өмірде ғана емес, заман ағымынан қалмауға тырысып, әлеуметтік желіде де белсенді болуға ұмтылған ағамыз барша туған күнімен құттықтаушыларға алғысын білдірді.

– 75 жасқа толуыма орай көптеген аза­маттардан, ағайын-туыстардан, бұрынғы әріптестерден, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардан құттықтаулар келіп түсті, ішінде мен танымайтын адамдар да баршылық. Осыған орай мені арнайы құттықтаған бар­ша ағайын-туыс, құда-жекжат, бірге жұмыс істеген, мені көрген, таныған әріптестеріме, өзім танымайтын жас балаларыма және келіп, мені арнайы құттықтаған Махамбет аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихат басшылығына ыстық ықыласым мен ризашылығымды білдіремін! Аман болыңыздар. Сіздердің өмірлеріңізде де осындай қуанышты сәттер көп болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай. Қазақстанымыз көркейе берсін! – деген тілегін білдірді Асқар ағамыз өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Өмір жолында кісілікті қасиет, адалдық пен парасаттылық ұстанымынан айнымай, өзінен кейінгі жас буынға өнеге көрсетті. Әріптестері оны сабырлы мінезі мен ұлтжанды болмы­сы, еңбекқорлығы мен кеңпейілділігі үшін құрметтейді. Бүгінде Асқар Рақымұлы – адал еңбегімен ел құрметіне бөленген, парасат пен тәжірибені, абырой мен адамгершілікті өз бой­ына тоғыстырған нағыз ел ағасы. Оның еңбегі – елге қызмет етудің айқын үлгісі, ал ғұмыры – жас ұрпаққа өшпес өнеге.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT