Құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелген. Әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау – кәсібиліктің белгісі. Бұл, әсіресе, «Қаңтар оқиғалары» кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Бүгінгі аудан полицейлерінің жұмысы, «жұртқа жақын полицей» ұғымының орындалуы, жастардың құқық қорғау саласына келуі жөнінде Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Дастанбек Расулиевтен сұрап білдік.
– Дастанбек Қисметұлы, қазіргі уақытта оқушылар, студенттер жазғы демалысқа шықты. Соған орай кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жасалуда?
– Жаз мезгілі басталысымен кәмелетке толмағандардың арасында әр түрлі оқыс оқиғалар, оның ішінде дене жарақатын алу, өмірі мен денсаулық қауіпсіздігінің сақталмауы және құқықбұзушылықтарға жол беру деректері көбейеді. Осындай деректердің алдын алу мақсатында алдымен балалардың, оның ішінде жайсыз отбасында тәрбиеленетін, полиция есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді еткізу үшін сауықтыру лагерлері мен жұмыспен қамту үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс хаттар жолданды. Ювеналды полиция тобының негізгі міндеті қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғандықтан, профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылады. Күн сайын полиция нарядтары күндізгі және түнгі патрульдеу ұйымдастырып, қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
– «Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде. Халықпен тікелей жұмыс істеуде кедергілер кездесе ме? Учаскелік полицейлер тұрғындардың сын-ескертулерін қалай қабылдайды?
– Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторларына жүктелген негізгі міндеттердің бірі – «жұртқа жақын полицей» қағидасын ұстану. Әр учаскелік полиция инспекторы «Facebook» желісінде өз парақшасын ашып, байланыс телефондарын көрсетіп, атқарылған жұмыстарымен бөлісіп отырады. Сонымен қатар, халық көп шоғырланатын орындарда, азық-түлік дүкендерінде, ғимараттарда фотосуреттері мен байланыс телефондары көрсетілген ақпараттық визиткалар ілінген. Осы арқылы немесе «102» телефон желісі арқылы кез келген көмекке мұқтаж адам өз учаскелік полиция инспекторымен байланыса алады. Сонымен қатар, әр аумақтағы полицияның тірек пункттерінде ІІМ-мен бекітілген бұйрығына сәйкес сағат 18:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта тұрғындарды сұрақтар мен ұсыныстар бойынша қабылдай алады.
Халықпен тікелей жұмыс істеуде айтарлықтай кедергілер жоқ, учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аумақта қоғамдық тіртіп пен қылмыстық құқықбұзушылықтарды алдын алу бағытында халықпен тығыз қарым- қатынас орнатып, ауыл тұрғындары чатында үнемі үзі л іссіз байланыста жұмыс атқарады. Учаскелік полицейлердің тарапына қандай да бір сын-ескертулер түскен жағдайда, міндетті түрде қызметтік тексерістер жүргізіледі. Кемшіліктер анықталса, тиісті тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.
– Құқық қорғау саласына (полиция, тергеу ісі, т.б) жастардың келу көрсеткіші қандай деңгейде? Мектеп оқушылары арасында «полицей болам» дегендер қандай оқу орындарына түсуіне болады? Әскерге баруы міндетті ме? Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жасалады?
– Қазіргі уақытта аудандық полиция бөліміне жастардың жұмысқа орналасуға келу көрсеткіші жоғары деп айтуға болады. Биыл түлектер арасында ІІО оқуға түсуге 9 үміткерден өтініш қабылданып, жолдамалар берілді. Олар ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясына, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына, ҚР ІІМ.Бекенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түсе алады. «Кіші басшы құрам» лауазымына тағайындалу үшін әскери билеттің болуы міндетті, ал «жоғары басшы құрам» лауазымына «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімі болуы керек. ІІО қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің, олардың құқықтық мәдениетінің, қызметтік міндеттерін орындау және азаматтармен жұмыс істеу қабілеті деңгейін анықтау мақсатында үш жыл сайын аттестациядан өтеді.
– Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» деген ұғым бар. Қоқысты арнайы орынға тастамау, шылымды белгіленген орында шекпеу, алкогольді ішімдік ішу, үй кітапшасына тіркелмеу және құжатсыз жүру, кәмелетке толмағандардың ойын - сауық орындарында жүруі. Құқық бұзушылықты хабарламай, кейін бәрі ушығып кеткеннен кейін полицейлердің жұмысына теріс пікір білдіретін жайттар кездесе ме?
– Махамбет ауданы бойынша ағымдағы жылдың 5 айымен «нөлдік төзімділік» қағидасы бойынша бірқатар құқықбұзушылықтар анықталды. ӘҚБтК-нің 440 бабы (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) – 125 хаттама; ӘҚБтК-нің 434-2 бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) – 91 хаттама, ӘҚБтК-нің 434-2 бабы) Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру) – 34 хаттама, ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша 187 хаттама жасақталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Су тасқынына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлеріне қойылған талап қандай? Күшейтілген режимде жұмыс деген не? Ол қалай жүргізіледі?
– Облыс әкімі С.Шәпкеновтың 2024 жылғы 7 сәуірдегі №3 «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешіміне сәйкес полицияның кешенді күштері күшейтілген бағытқа көшірілді. Басты талап – адамдардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бөгет қою жұмыстары кезінде жол қауіпсіздігін сақтау және қылмысқа жол бермеу. Оның ішінде, тұрғындары көшірілген, бос қалған үй-жайларды тонау, ұрлау қылмыстарын болдырмауға бағытталды. Күшейтілген режим дегеніміз, жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқару ұзақтығы 12 сағатқа дейін ұзартылуы және демалыс күндерінің тоқтатылуымен, қажет болған жағдайда кезекті еңбек демалыс мерзімін ауыстыру және уақытша тұрғылықты пункттен тыс шығуға тыйым салумен қамтамасыз етіледі.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан:
Қ.АЙТҚАЛИЕВ