Асыл дінімізде дәріптелген мерекелердің бірі – қасиетті Құрбан айт мерекесі. Бұл күннің тарихы сонау Пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (алейһиссалям) заманынан бастау алған сүннет амал. Содан бері құрбан шалу ғасырдан-ғасырға жалғасып, мұсылман қауымы арасында кең көлемде тойланып келеді. Биылғы жылы Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні – 16 маусымға сәйкес келіп тұр. Яғни 16,17,18 маусым күндері үш күн бойы тойланады. Раббысының разылығы үшін құрбандық шалуға ниеттеніп отырған жандарға құрбан шалу кезінде ескеретін жайттарды еске салып, атап өтсек артық болмас.
Құрбан шалудың өзіндік тәртібі бар. Олар: құрбан малының алдында пышақты қайрамау, малды құбылаға қарату , құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан) маңызды. Шариғатымызға сәйкес құрбан шаларда «Бисми-Лләһ, уа- Ллаһу Әкбар. Аллаһумма тақаббәл-минни» - деп айту керек. (Муслим).Мағынасы:«Алланың атымен әрі Алла Ұлы! Уа, Алла, ақиқатында, бұл Сенен және Саған! Уа, Алла менен қабыл ет!». Малдың өңешін, кеңірдекті және мойынның екі жағындағы тамырды бір мезетте кесу және малдың қаны толық ағып, жаны шыққанша күту қажет.
Сонымен қатар, құрбандық шалатын адам - ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы әрі тұрғылықты мекенде болғаны, яғни сапарда болмағаны абзал. Нисап мөлшерінда артық дәулеті бар адам болуы тиіс.
Құрбанға қандай мал шалынады?
Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде– бір жасар, сиыр– екі жасар, түйе бес жасар болуы керек.
- бес жасар түйені 7 адам бірігіп немесе бір адам шала алады.
- екі жасар сиыр малын 7 адам бірігіп немесе 1 адам шалуына болады.
- бір жасар қойды 1 адам шалады.
«Құрбан малын ниетті адамның өзі шалса, сауабы әлдеқайда көп деп саналады. Алайда, басқа адамға өкілдік беруге де болады. Ол үшін телефон арқылы немесе хат-хабар арқылы шараны біреуге нақты уақытын айтып тапсыру қажет. Өкілдікті қабылдаған адам құрбандық шартын ниетті адамның айтуы бойынша атқарады», - дейді дін өкілдері.
Қандай мал құрбандыққа жарамсыз?
- малдың бір немесе екі көзі бірдей соқыр болса;
- құрбан шалу орнына өз бетімен жете алмайтындай ақсақ болса;
- тістерінің көбі жоқ болса;
- мүйіздері сынған немесе бір сыңары түбіне дейін жоқ болса;
- бір немесе екі мүйізі түбіне дейін кесілген болса;
- құйрығының жартысы немесе одан көп бөлігі жоқ болса;
- мал тым әлсіреген күйде болса;
- туғаннан құлағы немесе құйрығы болмаса;
- лас қалдықпен тамақтанып жүрген мал жарамсыз.
Қандай кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамды?
- көруі нашар;
- бір аяғы ақсақ болса да, жүре алатын болса;
- мүйізінің бөлшегі сынық болса немесе туғаннан тоқал болса;
- санаулы тісі жоқ болса;
- құйрығының немесе құлағының кішкене бөлігі жоқ болса;
- құлағы тесілген болса;
- қышыма;
- пішілген болса, құрбандыққа шалуға болады.
Құрбанға шалынған мал етінің бір бөлігін – өзінің отбасына, бала-шағасына, екінші бөлігі –туған-туыстары мен көршілеріне, үшінші бөлігін кедей және мұқтаж жандарға үлестіру абзал.
Ескеретін жайт!
Құрбандық малы - Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Яғни 17 маусым Айт намазы оқылғаннан кейін, сол уақыттан бастап 18-19 маусым күндері ішінде атқарылуы тиіс. Сүйікті Пайғамбарымыз (Оған Алланың иігілігі мен сәлемі болсын) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген. Яғни құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.
Құрбан айт қалай тойланады?
Әрбір мұсылман қауымы үшін бұл мерекенің маңызы зор. Құрбан айт намазынан кейін ағайын-туыстар, дос-жарандар мен көрші-қолаңдар бір-бірін «Айт қабыл болсын!» деп құттықтайды. Үйлерге кіріп, құран оқып, тілек тілейді. Бір- біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүреді, айттық сұрайды. Ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайта табысады. Әр шаңырақта мерекелік дастарқан жайылады. Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатымен базарлық таратылады. Бұл амалдардың барлығы мұсылман ретінде өзіміздің қасиетті мерекемізге деген құрметіміздің көрінісі болмақ. Ендеше, Алла Тағала барша мұсылман қауымының шалған құрбандықтарын қабыл етіп, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазсын.
Б.САПАРОВА