Аудандық кітапханада 31 мамыр-ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтағы ұмытылмас қасірет» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылған еді. Дөңгелек үстелге кітапханашылар, музей, архив қызметкерлері, тарихшылар қатысты.
ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Шараны аудандық кітапхана директорының балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Зада Енбаева ашты. Дөңгелек үстелді жүргізген кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Әлібекқызы іс-шараға келген аудандық тарихи-өлкетану музейінен, Махамбет аудандық архивінен қызметкерлерді, мектептен тарихшы мұғалімдерді таныстырды. Ол экраннан слайдтан флеш-галереядан көрсете отырып, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандар ын еске алу күні туралы әңгімеледі.
-Өткен ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалды. Сол оқиғалар ішінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басынан өткен 1930-1938 жылдар ең ауыр да азапты кезең болды. Өткенге ой жіберіп, осы күнге жете алмай, армандап өткен асыл ерлерді еске алу, оларды ұмытпау–әрбір ұрпақтың парызы. Өлкелік партия ұйымының басшылығына келген Ф.И.Голощекин «ауылды кеңестендіру» ұранымен ауылда тап күресін шиеленістіру бағытын таңдап алды. Бай- кулактар қатарына темір шатырлы үйі бар, екі аты бар болғандар да енгізілген көрінеді. Ұжымдастыру бай-кулактарды тәркілеуден басталды. Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру халықты жаппай ашаршылыққа алып келді. Жер-жерде кедейлер мен орта шаруаларды орынсыз соттау, шаруалардың малын жөнсіз кәмпескелеу, меншік құқығынан айыру, тұрақты тұратын жерінен күштеп көшіру орын алды. 1930-1932 жылдарда алапат аштық етек алған. Есеп бойынша 30-шы жылдардың басында қазақ халқы 4 млн 800 мың болатын. Үш жыл ішінде аштықтан 2 млн 300 мың адам қынадай қырылған. Геноцид саясатының салдарынан халық осындай қасіретке ұшырады. Міне, осылай тұтас ұлтты түбімен құртып жібере жаздаған. Халқымыз үн-түнсіз көне бермеген. Қазақстанда 1929-1931 жылдар аралығында 72 көтеріліс болған екен. Созақ, Адай, Сабыралы көтерілістері осыған дәлел. Ең үлкен аштық қырғыны өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алып, ол тарихта «Ұлы жұт-ашаршылық жылдары» деп аталды. Сонымен бірге 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты ұмытпаған жөн болар. Алаш зиялылары туралы бейнекөріністен соң саяси қуғын-сүргін жылдары төңірегінде ой өрбітілді. Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Фарида Оразбаева елімізде орын алған қуғын-сүргін , Алаш арыстары туралы кеңінен әңгімеледі.
-Қазақтар кеңес үкіметінен 1928 жылдан бастап көп қысым көрді, аштық нәубет кезінде аштан қырылды, итжеккенге айдалып, қаншама адам малын тартып алған, түрмеге жапқан, түрлі қысымдарға шыдай алмай, шетел асып кетті. Бір ғана 1930 жылдың өзінде 40 адам тұтқындалып, оның 15-і жер аударылды, қалғандары да жазасыз қалмады. 1937-1938 жылдары террор жаппай сипат алды. Қазақтың оқыған зиялыларынан бастап қарапайым малшы, егінші, механизатор, шала сауаттыларға дейін «халық жауы» деп танылып, жазықсыз жапа шегіп, сотталып, түрмелерге тоғытылды. Көп адамды үштіктің үкімімен ату жазасына кесті. Қазақ жерінде жазықсыз жазаға ұшырағандарға арналған лагерьлер пайда болды. Олар Карлаг, Степлаг, Балхашлаг, Жезқазғанлаг, ЧСИР лагерінде жазасын толығымен өтеді. Ауыр жұмысқа жегілгендер егін екті, мал бақты, шахталар, қалалар, поселкелер, көптеген кәсіпорындар салды. Лагерьлерде аяздан, суықтан, тоя тамақ жемеген ашқұрсақ жандар жүздеп- мыңдап көз жұмып жатты, ал кейбіреулерін «тәртіп бұзды», «ауру, жұмысқа жарамсыз» деп еш сұраусыз лагерь ішінде атып тастап отырды. Ұлт қайраткерлеріне КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар діндарлар мен молдаларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға қызу кіріскен шолақ белсенділер республикадағы 40 млн-нан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық адам көз жұмды. Бұл зұлматтың қаншалықты қасіретті болғанын көрсетті. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары КСРО –да миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қаншама зиялы тұлғалар сол солақай саясаттың құрбанына айналды. Қазақтың қаншама мың гектар шұрайлы жерлерін тартып алып, орыстарға берді. Жерінен, малынан айырылған қазақтар қаншама рет көтеріліске шықса да ол күшпен басып-жаншылды. Ақыры жер үшін егін-бақша салу мақсатында орыс байларына жалданып, жұмыс жасады. Аппақ астықтарды аш қазақтарға таратпай, суға ағызып жібергенін, сойылған малдың еттерін бұзылып кетті деп вагон-вагонымен елсіз аймақтарға төктірген оқиғалар кездескенін газеттерден, архив материалдарынан оқып жатырмыз. Егемендік алған жылдары ел тарихының көмескі беттері қайта ашылды. Иә, жазықсыз құрбан болғандардың жандары жәннатта болсын,-деп сөзін қорытты Ф. Оразбаева.
Аудандық архив мекемесінің іс жүргізуші маманы Света Аймағамбетова да өз ойын қосып, жалпы ашаршылық, қуғын-сүргін жөнінде ата- аналарынан естіп-білгенін, құнды деректері бар архивтік құжаттар сақталғанын, бұл тарихтың ұмытылмас қасіреті, ақтаңдақтары екенін еске салды.
Аудандық тарихи-өлкетану музей басшысы Күләш Байгужина да жазықсыз жапа шеккен ақтаңдақтар туралы тебірене сыр шертті. Қазақ тарихының ең қаралы, ең қайғылы беттерінің бірі–жаппай қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық. Қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 миллиондай адам жіберілген. Сонау ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды сағынышпен еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азамат жүрегіне жара салды. Тотаритаризмнен зардап шеккен көптеген ұлттар өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабамыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алды. Қуғын-сүргіннен 100 мыңға жуық қазақстандық өтіп, 20 мыңы атылды. Жазықсыз жазаланғандар қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатов, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зия- лылары болды. 1925 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға басшылыққа Ф.Голощекиннің келуі елде орын алған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қудалауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш зиялыларын тұтқындаудан бас- талды. Оларды әртүрлі мерзімге түрмеге қамап, ату жазасына кесті, еріксіз жер аударды. Алаш зиялылары ішінде батыс өңірінен шыққан Халел, Жанша Досмұхамедовтер де бар еді. Кезінде қазақтың бар малын тартып алды. Бар күнкөрісі тек мал ғана болған қазақ аштықтан қырылмағанда қайтеді?! Сол алапат аштықты ата- бабамыз бастан өткерді. Бізге жарқын болашақ сыйлады. Менің нағашы атам да қуғын-сүргінге ұшырады. Ол кісіні тіпті көршісі ұстатып жіберген көрінеді. Сібірге жер аударғаннан кейін ол кісіні ешкім көрмепті. Бүгінде атамыздың сүйегі қайда қалғанын, бейіті қай жерде екенін білмейміз. Иә, зұлмат жылдар ұмытылмайды,-деді К.Жұбайқызы. Кітапханашы Г.Әлібекқызының Карлаг лагері туралы бейнекөрсетілім көрсете отырып баяндағаны көкейге қонымды болды.
ҚАЙҒЫДАН ҚАЛАНҒАН КАРЛАГ
Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1930 жылы ұйымдастырылған. Жалпы 1930 жылдың мамырында КСРО ХКК «қазақ еңбекпен түзеу лагерін ұйымдастыру туралы» қаулысы қабылданған. Қаулыға сәйкес 1930 жылы 13 мамырда Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі Қарқаралы округінің Бесоба, Қоянды жәрмеңкесі арасындағы 110 000 га жерді бүкіл құрылысын ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерь қарамағына беру туралы шешім қабылдады. 1931 жылы 19 желтоқсанда қазақ еңбекпен түзету лагерінің 1 бөлімшесі «Гигант» кеңшары қысқартылған түрде Карлаг ОГПУ деп аталатын Гулагқа тікелей бағынатын Қарағандының еңбекпен түзеу лагері болды. Лагерь басқармасы Долинка ауылында орналасқан. Долинкада «Анашымның үйі»(Мамочкин дом) деген арнайы мекеме жұмыс жасаған. Онда 4 жасқа дейінгі балалар болған көрінеді. Мұнда 1943 жылдың өзінде өкпе қабынуынан 450 бала бір мезгілде қырылып қалған. Жалпы 1941-1944 жылдары 924, 1950-1952 жылдары-1130 бала опат болған деседі. Карлаг тозағына 1 млн-ға жуық адам түскен. Бұл Карлаг құрудағы мақсат-Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейніне, Жезқазған, Балқаш мыс қорыту комбинатына аса ірі азық-түлік базасын жасау еді. Лагерьге бөлінген ұлан-ғайыр аймақта қазақ, орыс, неміс, украин елді мекендері болған. Қазақтар ғасырлар бойы осы жерде мекендесе, неміс, орыс, украиндер 1906-1910 жылдары қоныс аударған екен. Карлаг аумағында 80 мың тұрғыны бар 4 мың киіз үй, 1200 неміс, орыс, украин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Бұл отбасылар үшін НКВБ әскерін пайдаланды. неміс, орыс, украиндер Қарағанды облысының Тельман, Осакаров, Нұра аудандарына қоныс аударды. Халықтың көпшілігі Қарағандыға таяу жерлерге көшті. Бұл байлар мен кулактарды тәркілеп, мыңдаған малын талан- таражға салумен тұстас келді. Ал тәркіленген малдарды Гигант кеңшарында ұйымдастырылған «Востокмясо» ұйымына жіберді. Бос қалған жерлерді тұтқындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерь аумағына орналасты. Теміржолдар, өздеріне барактар, мал қоралар, казармалар, басшылыққа тұрғын үйлер салды. құрылысқа ескі үйлердің материалдары пайдаланылды. Бейіттер саман тасын пайдалануға тыйым салынды. Алайда ол тыйым кейде сақталмады. Бейіттер бұзу фактілері Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында кездесті. Карлаг басқармасы тек тікелей ОГПУ(НКВД) Гулагқа , Мәскеуге бағынды. Республика, облыстық партия-кеңес органдары лагерь қызметіне еш ықпал ете алмады. Лагерь тізгіні Мәскеудегілердің қолында болған отарлық үлгідегі құрылым еді. Мәні бойынша мемлекет ішінде мемлекет болды. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару- жарағы, көлік құралдары, банк, поштасы мен телеграфы болды. Көптеген бөлімше нүктелері бірыңғай шаруашылық тетікпен байланыстырылды. Өзіндік мемлекеттік жоспары да болған. Карлаг құрылымы мейлінше күрделі еді. Оның көптеген бөлімшелері болған екен. Атап айтсақ әкімшілік-шаруашылық(ӘШБ), есепке алу, бөлу бөлімі(ЕББ), бақылау-жоспарлау бөлімі(БЖБ), мәдени-тәрбие бөлімі(МТБ), кадрлар, жабдықтау, сауда, жедел-чекистік, қаржы, көлік және саясат бөлімдері жұмыс істеген. Соңғы бөлім Гулаг басқармасына ай сайын 17 түрлі есеп жіберіп отырған. Жоғары тиімділік(арзан жұмыс күші, оған қоса қорлар құнының, амортизациялық шығынның төмендігі) өндірісті кеңейтуге жағдай жасады. Карлаг шаруашылығының негізі Қарағанды, Ақмола облыстары аумағында жатты. 1931 жылы Карлаг аумағының жері 53 000 га болса, 1941 жылы 1780650 гектарға жеткен. Карлагта белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері, шала сауаттылар, тіпті әріп танымайтын сауатсыздар да отырған болып шықты.
ДАЛАДАҒЫ ТАМҰҚ
1931 жылы Карлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаскеге ұлғайған. 1953 жылы 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болыпты. Әр бөлімше бірқатар шаруашылық бөлімге бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталды. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша, 10 егістік учаскесі болған. Карлагтағы тұтқындар саны 75 мыңға өскен. Бұл жақта Спасск әскери тұтқындар лагері 1941 жылдың 24 маусымында құрылып, жұмыс жасады. Ол ОГПУ-НВД-МГБ-ға қарады. Карлагтан бөлек мұнда Песчанный аса үрейлі лагері де болған. Ол жақтан ешкім тірі шықпаған. Егер Қарабас Қарлагтың қақпасы болса, Спасск бауырластар зиратына айналған. Ауырып, сырқаттанған тұтқындарды өлтіру үшін Спасскіге жіберген. 19 әскери бекетте 259 әскери адам қызмет еткен. Қашқан тұтқындарды ұстау үшін арнайы бригада жасақталып, 46 бригадаға 214 адам тартылыпты. Соғыс тұтқындарының эшелоны 1941 жылдың тамызында келген, бұлар 1436 адам болған дейді. Лагерь өмір сүрген 10 жылда 26 ұлттың 40 мыңға жуық соғыс тұтқыны осы жерде ұсталған. Тұтқындар жұмыс күші ретінде шахталарға, кірпіш, жөндеу-механика зауыттарына, құрылыс ұйымдарына пайдаланылған. Тұтқындар арасында өлім-жітім жоғары болған. 1942-1946 жылдары 7 мыңнан астам адам өлген. Тек 1945 жылдың өзінде 2430 адам көз жұмыпты. Ал 1945-1949 жылдары лагерьде 556 адам қайтыс болған. Көбі аштықтан титықтап өлсе, туберкулезден де өлгендер бар. Тұтқындарды сауықтыру, құтқару ұйымдастырылмады. Барактарда қатты суық болып, қыста 44 адам үсіп өлген. Лагерьден 1946 жылы 41 адам қашқан деген дерек бар екен. Спасск лагері 1956 жылға дейін Карлаг құрамында қалған. Карлаг 1959 жылы 27 шілдеде таратылған. Азап пен тозақтың арасындағы тұтқындарды еске алу парыз. «Қарағанды лагері –қара орамал, ХХ ғасырдағы» дегендей, ешқандай санадан өшпесе керек.
Одан әрі кітапханашы Ақмарал Мамешова «Күнәсіз тарихтың көз жасы» кітап көрмесін таныстырды. Ол оқырмандарға В.Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі», Б.Бисұлтановтың «Тұншыққан шындық», «Қазақ мұңы», Д.Қамзабекұлының «Алаш арнауы», «Алаш және әдебиет», Армиял Тасымбековтің «Жан дауысы» кітаптарын оқуға ұсынды.
Дөңгелек үстелді З.Енбаева қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА