Аудандық жастар ресурстық орталығында жасөспірімдер мен жастар арасында діни сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында «Дін және жастар» атты кездесу өткен болатын.
Оған аудан әкімдігі жанындағы ақпараттық-талдау тобының мүшелері, атап айтсақ, «Исатай- Махамбет» мешітінің бас имамы, «Жәрдем-Атырау» КҚ-ң теологі Нұрбек Ибадуллаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абат Қабенов, «Самал» мәдениет үйінің басшысы Бексұлтан Маратұлы, Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Төре Паңгерей, жастар ресурстық орталығының маманы Нұрбек Серікұлы қатысып, дін тақырыбында ой орамдарымен бөлісті.
Бас имам Нұрбек Ибадуллаев жас ұрпаққа дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, ұлттық құндылықты насихаттау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде толық түсінік берді.
–Біз – дін мен дәстүрді берік ұстанған халықпыз. Қазақ халқы дін мен дәстүрді қашанда үйлестіре білген. Айталық, шілдеханада жас сәбиге құрбандық шалып, дұға жасайды. Ұл балаға 2 қой, ал қызға 1 қой сойған. Ал жат ағым өкілдері дәстүрді мүлдем жоққа шығаруға құмар. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі «халықтың салт-дәстүрлеріне нұқсан келтірмеңдер. Ел аралағанда сол халықтың салт-дәстүрлеріне қарсы шықпаңдар» деп ескерткен сахабаларына. Әр ұлттың, әр мемлекеттің жері, діні, тілі, тарихы бар. Жұмырбасты пенде ретінде топырақтан жаратылғанымызды білдік. Жаратылысымызда бір ғана мақсат – Алла тағаланың бұйрығын орындау жатыр. Осынау ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен келген Тәуелсіздігіміздің берік болуы үшін жастарымыз білімді, зейінді, дарынды болуы тиіс. Рухани дүниесі аш емес, үнемі иман нұрымен нұрланып, рухани тоқ жүрсе дейміз. Әрбір адам дінін, дәстүрін білуі парыз, -деді ол өз сөзінде.
Бас имамның пікірін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абат Құмарұлы одан әрі жалғады. Ол асыл дініміздің қашанда жоғары тұруы тиістігін, жастар көшеден емес, мешіттегі имамнан дәріс алуы қажеттігін айтады. Жасөспірімдерге ұстаздары, ата-анасы қашанда үлгі-өнеге болып, қолдап, дін туралы түсініктерін қалыптастыру қажеттігін еске салды.
Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Төре Паңгерей мектепте оқушылар ораза, сақал қою, қысқа балақ шалбар кию, орамал жайлы көп сұрайтынын атап өтті. Буыны қатпаған балалар теріс ағымға тез еріп кететінін, әр ата-ана баласына мұқият болғаны дұрыс деген ойын білдірді.
«Самал» мәдениет үйінің басшысы Бексұлтан Маратұлы және жастар ресурстық орталығының маманы Нұрбек Бағытжан да теріс ағымға кетуге діни сауатсыздық, ғаламтор, отбасындағы ұрыс- жанжал, тәрбиенің осалсып, қолдан сусып кетуі, жұмыссыздық себеп болатынын қаперге берді.
Екінші бөлімдегі дебатта шараға қатысушылар жақтаушы және даттаушы топ болып бөлініп, өз ойларын ортаға салды. Студент Бекзат Аралбай деструктивті діни ағымдарды жою мүмкін еместігіне бес аргумент келтіре отырып баяндады. Ал белсенді жас Ақжол Қонысбаев деструктивті діни ағымдарды жою мүмкін деген ойымен бөлісті. Ол үшін діни сауаттылық, ата-ананың көмегі, интернетті шектеу, сыртқы- ішкі саясатқа өзгерістер енсе, жат ағымдарды жоюға болады, деді.
Кездесуге қатысқан өзге де жастар өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Кездесу жиынын аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлфайруз Төлегенқызы қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА