Алғыс айту күніне орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Алғыс жүректен шығады» атты мерекелік сазды бағдарлама өтті. Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Арман Әділғалиев жұртшылықты көктемнің алғашқы айтулы күнімен құттықтады.
– Ауданымыздың жыл сайынғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғарылап келеді. Түрлі әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар ел игілігіне берілуде. Жолдар да жақсарып, аудан-ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін біршама түйткілді мәселелер шешімін табуда. Теңдесі жоқ киелі өлкенің өркендеп-өсуі барша махамбеттіктің кеңпейілдігі, адал еңбегінің нәтижесі деп білемін. Қазақта «Бағалай білгенге бақ қонады» деген бар. Қашанда бір-бірімізге шынайы лебіз білдіріп, алғыс айтып жүрейік. Осы сәтті пайдалана отырып, барша аудан халқын, оның ішінде қасиетті өлкенің дамуы жолында әр салада қалтқысыз еңбек етіп жүрген жандарға шын жүректен алғыс айтамын!, - деді А.Бағытжанұлы.
Бишілердің мың бұралған биінен соң Гүлсая Меңдігереева «Алғыс» әнін шырқады. Әйгілі Мұхиттың «Көк айдай» әнін Жасұлан Базарбаев орындаса, қос күйші Рамиль Елемесов пен Сұлтан Ибрахим А.Жайықовтың «Шалқыма» күйін күмбірлетті. Өнерпаздар Нұрболат Баяхмет «Рахмет, әке», Жанель Серік «Гүлдер» әндерін шырқауымен есте қалды. Биші Тахмира Тахирқызы «Қазақ» биін дөңгелене билесе, Арман Дүйсенғұловтың «Өмір тамаша» әнін тамылжыта шырқауы жиналғандардың көңілінен шықты. Сонымен қатар, Дана Ғасырбек «Жаңа күн» әнін орындаса, Ақкенже Құлымова «Жақсы адамдарым» әнімен көрінді. Ақын, сазгер Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнін Әли Төлеуовтің орындауында тыңдадық. Нұрболат Баяхмет пен Амандық Исатайдың орындауындағы «Рахмет саған, туған ел» әнімен мерекелік кеш мәресіне жетті.
А.ТЕКЕБАЙ