Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Қонысбаев Ақжол Сатыбалдыұлы аудан жастармен өткен кездесу жиында алдағы референдум мен Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы жан-жақты баяндады.
Ол Жаңа Қазақстанды құрудың алғышарттарына тоқталып, мажоритарлық сайлау жүйесінің маңыздылығын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздің сайлау жүйесін жаңа өзгерістер күтіп тұрғанын айтқан еді. Онда пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесін қатар қолдану ұсынылды. Осыдан тура 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттары пропорционалды жүйемен сайланса, 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады. Ел Президенті бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін бергенімен, кері тұстары да байқалғанын жеткізді. Осы орайда, ол аралас сайлау жүйесін енгізуді ұсынды. Яғни, бұдан былай Мәжілістің депутаттық корпусының 70%-ы - пропорционалдық, 30%-ы - мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашпақ, - деген орталық басшысы бұл орайды жастардың пікіріне де құлақ түрді.
Жиынға қатысушылар бірауыздан алдағы референдумға қатысатындықтарын, ел өміріне елеулі өзгеріс әкелгелі тұрған жаңа саяси бастамаларды қолдайтынын жеткізді.