Саңлақтар салған сара жолдың ізімен...
80 жылда іргесі бекіп, керегесі кеңіген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған «Жайық шұғыласы» газетінің мерейтойына арналған шаралар легі жалғасуда. «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында редакция мен баспаханада еңбек еткен сала ардагерлерінің жастармен кездесу кеші өтті.
Газеттің 1982-2005 жылдардағы жауапты хатшысы, ардагер журналист Бағыт Көшербаев, бет құрушы Слухия Ысмағұлова, газет басушы Оңай Қашауова, ардагер-журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қадыржан Қазымбекұлы журналистика саласының қыр-сырымен, жұмыс барысындағы естеліктерімен бөлісті. Компьютерге дейінгі кезеңде баспаханадағы линотип машинасының тілін тауып, қолданысқа енгізген Бағыт ағамыз болды. Ғұмырының 40 жылын газет шығару мен тілшілік қызметке арнаған ағамыз осы жылдар ішінде төрт редактормен қызметтес болған.
- Бала кезден бергі арманым журналист болу еді. 1964 жылдың қараша айында Отан алдындағы борышымды өтеп, туған ауылыма келгеннен кейін екі айдай демалып, аудандық редакцияға жұмыс сұрап бардым. Редактор Теңдік Жауыров дәл қазір редакцияда орын жоқтығын, баспаханаға линотип деген жаңа технология келетіндігін, соған жұмыс табылатындығын айтты. Алты айлық курстан өткеннен кейін жұмысқа кірісіп кеттім. Линотип машинасы келгеннен кейін баспахананың жұмыс біраз жеңілдеді. Ол кезде төрт беттік газет аптасына үш рет шығады. Баспахананың қызметкерлері кешкі алтыда жұмысқа келіп, таңда газетті шығарып, үйлеріне кетіп бара жататын еді. Түн демей, күн демей өте қиын жағдайда жұмыс жасайтын. Қазір ойлап қарасам, сол кездегі адамдардың шыдамдылығының шегі жоқ екен-ау. Сол баспаханада жұмыс жасаған Тәтікей, Сұлуқыз апаларым: «Біреулер біздің жұмысымызды «қара май» десе де, біз үшін алтынмен тең» дейтін еді. Өзінің мамандығын мақтан тұтқан осы апаларым өзінен кейінгі жастарды солай тәрбиеледі. 2001 жылы компьютер келгеннен кейін линотиптің пайдасы болмай қалды. 70-ші жылы Теңдік ағамыз уәдесіне тұрып, редакцияға қызметке қабылдап, содан зейнеткерлік жасқа жеткенше еңбек еттім. Осы жылдар ішінде жұмыстас болған төрт редактордың әрқайсысының газетке салған сара жолдары бар, әрқайсысы өз алдына мектеп-тұғын. Сол мектептен үлгі, өнеге алдық. Өзімнің бойымда қандайда бір жақсы қасиет болса, ол осы редакция қабырғасында жүріп алған тәрбием, - дейді ардагер журналист Бағыт Көшербаев.
«Жайық шұғыласы» газеті «Ленин жолы» атауымен шығып жүрген уақытта журналистермен қоян-қолтық жұмыс жасап, газет сөзін теріп, оны басып шығаруда ұзақ жыл еңбек еткен Слухия Ысмағұлова да сол кездегі газет шығарудың қиыншылықтарын, таңды таңға жалғап, жұмыс жасағандығын айтып, жастарды ешқашан еңбектенуден, ізденуден қашпауға шақырды.
- Баспаханаға 1960 жылы теруші болып жұмысқа орналастым. Сұлуқыз Қашауова, Тәтікей Бисенғалиева сынды апаларым көп нәрсені үйретті. 45 келілік әріптер жинағын, яғни дайындалған материалды машинаға саламыз, оның қатесі қаралғаннан кейін қайта алып, қайта саламыз. Сол зіл батпан нәрсені күніне 10 шақты рет көтеріп салып жүрдік. Кейін газет басуды үйрендім. Ләтипа Темірғалиева апам екеуміз қос машинаға тұрып, газетті басып шығамыз. Қате кетіп қалған жағдайда түннің ортасында келіп, қайта басып, 300 данадай газетті таңға жақын иығымызға салып алып, пошта бөлімшесіне жеткіземіз. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, жастардан тек еңбектен қашпауларын сұраймын. Газеттің мерейтойы құтты болсын, журналистердің қаламдары ұштала берсін, -дейді С.Ысмағұлова.
Адам баласының кішкентай күнінде, есін жиғаннан кейін кеудесінде бұлқынып жүретін арман болады. «Кім болам?» деген. Сол балалық шақтан бастап бір мамандыққа деген икемділік, бейімділік басталады. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезінде өлең жазып, кейін ауылда өткен шаралар, ауыл адамдары туралы мақала жаза бастаған Қадыржан Қазымбекұлы өзінің жолын адаспай таба білді.
- Ол кезде газетте жазылған мәселеге, сынға деген көзқарас керемет еді. Бесінші сыныптың өзінде ауылдың сәнін бұзып тұрған қос ғимаратты сынап жазғаным бар. Екі «сопақ үй» туралы мақала шағын болса да ауыл басшыларын дүрліктіріп, ақыры қос ғимараттың көзі құртылды. Содан кейін бәрі менен қорқатын сияқты болып көрінді. 1974 жылы совхоз директоры Мәндірғали Оразғалиев мектеп оқушысы болсам да өзіне шақырып алып, әңгімелесіп, Бердібек Соқпақбаевтың «Бастан кешкен» деген кітабын сыйға тартты. Содан бастап бұрқыратып газетке мақала жазамын, жазған сайын поштадан қаламақым келіп тұрады. Оны анама беремін. Мектеп бітіргеннен кейін барлық оқушылар комсомол жастар бригдасына барып, совхоздың малын бағып, тракторын жүргізу міндетті болды. Бірақ мені шақырмады. 1977 жылы Новобогат ауданы құрылып, орталығы Аққыстаудан жаңадан газет ашылып, аудандық партия комитеті мені жұмысқа шақырды. Шілде айында аудандық партия комитетіне барып, болашақ газет редакциясының қалай болатынын көз алдыма елестетіп отырдым. Сәндібек Ғұбайдуллин, Мәди Өтеғалиев, Сағи Мәмиевтермен әлі ашылмаған газеттің сұлбасын жасаумен айналыстық. Сөйтіп жүріп сол жылдың қазан айында газет өз жұмысын бастап, мен корректор болып қызметке қабылдандым. Бірақ 78-ші жылы газет бетінде кеткен қате үшін маған сөгіс жариялап, жұмыстан шығарып жіберді. Кейін кадр жетіспей жатқандығын айтып, қайта жұмысқа шақырды. Бұл жолы тілшілік қызметке. Үштаған, Мыңтөбе деген иттің өлген жеріне жібереді. Совхоздың су таситын көлігіне қыстырылып болса да мініп алып, сол жақтан репортаж дайындап келіп жүрдім. Кейін Махамбет ауданындағы «Жайық шұғыласы» газетіне ауыстым. Газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет еткендіктен шаруа қожалықтардың тынысын, жоспарларын біліп отыруым міндетті болды. «Атырау» газетінің Махамбет, Индер, Исатай аудандары бойынша меншікті тілшісі болып та қосымша екі жылдай жұмыс жасадым. Журналист – күнде де, түнде де ой үстінде жүретін мамандық иелері. Керемет ойлар келе қалса, бірден жазғың келеді, қолың жүрмей, жаза алмай, қасқаң қайнап жүреді. Ойың болмаса, ол ойды жүзеге асыратын мақсатың болмаса бұл мамандықтан алысырақ жүрген абзал. Журналист – қазақтың әрбір қара сөзінің сыртына көйлегін кигізіп, көркемдеп, әсемдеп, адамдардың көңіліне жеткізе білетін өнер иесі. Зейнолла Қабдоловша айтқанда, сөз өнеріне берілген адам, -деп түйіндеді ҚР Журналистер Одағының мүшесі Қ.Қазымбекұлы.
Жуырда ғана «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағын алған Қ.Қазымбекұлы аудан орталығындағы «Жайық шұғыласының 50 жылдығы» деп аталатын көшені жай ғана «Жайық шұғыласы» газеті деп өзгертсе деген ұсынысын да жеткізді. Кездесуде ардагер-журналист Марат Сабырғалиев, бет құрушы Оңай Қашауовалар да алғаш жұмысқа қалай келгендерін, қызмет барысындағы қызықтарын әңгімеледі. Қоғамдық кеңес төрағасы Самат Жайлашев, мәслихат хатшысы Қайыржан Мәжиев те қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мамандық иелеріне алғыс білдірді. Жастар да өз тараптарынан өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әдемі кездесудің одан әрі әсерлі сұхбатқа ұластыра білді. Кешті «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Баян Сүлейменқызы қорытындылап, сала ардагерлеріне естелік сыйлықтарын ұсынды.
Иә, бұл қарашаңырақ қаншама жазушы-журналистерге жол сілтеп, қанатын қатайтты. Газетіміз сонысымен құнды, сонысымен де өзге БАҚ құралдарынан ерекше. Күн сайын өзгеріп жатқан бүгінгідей алмағайып заманда аға буын мен қазіргі буынның өзара кәсіби тінінің үзілмегені, қайта жалғасып, жаңара, жасара түскендігі біз үшін бір мәртебе.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі