Елорда және Елбасы

Сарабдал саясаткер Н.Назарбаев Абылай бабамыздың ақ жолын жалғап, қас-қағым сәтте тәуелсіздігімізді тұғырлы қылып, шекарамызды бекітіп, халқын ортақ мақсатқа жұмылдырды, сан халықты бір ұлттың баласындай ұғыстырды, Алаштың айбынын асырып, айдынын тасытып, Арқа төсінде бас қаланы тұрғызып, Қазақ атын әлемге паш етті.

Тұңғыш Президентіміздің өзі сайын далада бой түзеген астанамыздың туған күні қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге және Нұр-Сұлтан қаласы Орталық Азиядағы маңызды экономикалық өңірге айналғанын, халқымыз үшін қасиетті саналатын негізгі құндылықтарды сақтаушы болып табылатынын атап көрсетті. Елордамыз – дамыған мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда көптеген зәулім ғимараттар және әкімшілік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми, білім беру нысандары, іскерлік-орталықтар, тұрғын-үй кешендері алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін құрылыс нысандары салынып, сәулетті әсем қалаға айналып келеді. Солардың ішіндегі «Бәйтерек» кешені жаңа Елорданың өзіндік бойтұмарына айналды.

Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілердің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды. Әлемдік сәулет өнері тарихында өзіндік қайталанбас талантымен танылды. Бас қаланың бас жоспарын жапондық сәулетші жасаған болса, шаһардың архитектуралық айбынын айшықтаған британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Успен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады. Осы әсем ғимараттардың бас сәулетшісі және кеңесшісі – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екенін келешек ұрпақ білуге тиіс. Нұр-Сұлтанның жедел өзгергені соншалық, келген адамдар танымай қалып жатады. Көз алдымызда көркейген қаланы шетел азаматтарының таңдайын қақтырды.

Нұр-Сұлтан бүгінде саяси басқару орталығына айналды деп айтуға болады. Себебі, әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. «Ерім деген елі барда, елім деген ері бар». Елбасының туған халқына сіңірген өлшеусіз еңбегін бағалап, дұрыс саралап, ауызбіршілік танытып, саяси мәдениеті жоғары ел екендігімізді әманда паш етіп жүрейік деймін.

Айзада БАЙҒАЛИЕВА,

аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521