Жастар ісі жаңашылдықты күтеді

КЕЗ КЕЛГЕН ҚОҒАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ МЕН ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ – ЖАСТАР. БҰЛ ОЙМЕН КЕЛІСПЕСКЕ БОЛМАС, ӘРИНЕ. РАСЫНДА, ЕЛIМIЗДIҢ БОЛАШАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫНА, ТАЛАП-ТIЛЕГIНЕ, АРМАН-МҰРАТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ.

СОНДЫҚТАН ДА МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫНЫҢ БІРІ – ЖАСТАР СЕКТОРЫ. ЖАСТАРДЫҢ БАСЫН БІР АРНАҒА ТОҒЫСТЫРЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА БЕЛСЕНДІ АРАЛАСУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗІП ЖҮРГЕН ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСЫН САРАЛАУ МАҚСАТЫНДА ОРТАЛЫҚҚА ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ҚҰТЖАН ҚҰЛМАШЕВТЫ СӨЗГЕ ТАРТҚАНБЫЗ.

ae794ac7-01dd-4353-8b78-c0f563717f2d

ВОЛОНТЕРЛІК ТОПТАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

Статистикалық мәлімет бойынша Махамбет ауданында 14 пен 29 жас аралығында 7 мыңға жуық жас бар көрінеді. Аудан бойынша жыл басынан 340 жас ресми жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның ішінде 281 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. «Бизнес бас- тау» жобасы аясында 29 адам, сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 9 жасқа мемлекеттік грант есебінде қайтарымсыз қаражат берілді. Атап айтсақ, білім беру бөлімінің, мекеме ұйымдарының жастарымен кездесулер өткізіліп, жоспарланған іс-шаралар талқыланып, идеяларын ортаға салды. Жастар базасы жаңартылды. Ауданда биылғы жылы жастар саясатын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында жастар ресурстық орталығының жоспарына сәйкес 60 іс-шара жоспарланып, 48 іс-шара жоспарға сай өтсе, жоспардан тыс 12 шара өткізіліп, 41 іс шарасы карантин талаптарына сәйкес онлайн форматында, 25 іс шара оффлайн форматында өткізілді. Олардың қатарына жастарға құқықтық көмек көрсету, спорттық шаралар, ағылшын тілін оқыту, төтенше жағдай мен алғашқы көмек бойынша дәріс, волонтерлік, мәдени шаралар мен зияткерлік ойындар кіреді.

- Жастар ресурстық орталығы еріктілерінің бастамасымен жыл басында «Жақсылық Жаса» челленджі ұйымдастырылып, 30 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Елімізде орын алған пандемия уақытында волонтерлік топтар ресми 400 отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қайырымдылық ісшараларына барлығы 150-дей волонтер атсалысты. Жастарға кеңес беру орталығына келіп, 334 жас әр түрлі кеңестер алды, оның ішінде жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламалар бойынша, кәсіпкерлікпен айналысу, тұрғын үй және өзге де мәселелер бойынша кеңес алды,-дейді жастар ресурстық орталығының басшысы Қ.Құлмашев.

c297c15e-d82e-481f-a2c1-894c789fa49a

«ЖАСЫЛ ЕЛ» САРБАЗДАРЫ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Биылғы жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы бойынша 100 сарбаз жұмыспен қамтылды. Оның ішінде «Көгалдандыру» бағыты бойынша 90 сарбаз, «Құрылыс» бағыты бойынша 10 сарбаз еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар қыркүйек айында Махамбет ауданына қарасты ауылдық округтерде «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 100 квота беріліп, 34 сарбазбен қамтамасыз етілді. Алға, Бақсай, Сарытоғай ауылдық округтері бұл тапсырманы орындамаған.

«Бұл өз кезегінде ауылдағы жұмыссыз жастармен қарым-қатынас жоқ немесе аталған ауылдарда жұмыссыз жастар жоқ деуге болады»,- дейді орталық басшысы. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 3 жас маман бюджеттік несиемен, 5 жас көтерме жәрдемақымен қамтылды. Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде. Тәрбие ата-анасы, ұстазы, ортасы арқылы қалыптасады. Жас өсе келе қай ортаны жақсы көрсе, сол ортаның ықпалы жастардың санасына көп ықпал етеді», – деген болатын қара сөзінде. Қазіргі таңда еліміздегі кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе болып отыр. – Жастардың теріс діни ағымдарға тартылуы – өте өзекті мәселенің бірі, ол әлеуметтік мәселе. Ауыл тұрғындары мен жастарын теріс діни ағымдардан аулақ болуға шақыру бойынша жұмыстарыды жүргізу үшін «Жардем-Атырау» корпоративтік қорының теологы А.Қ.Уразовтың қатысуымен «Дін саласындағы зайырлылық талаптары мен құқықтық негіздері» тақырыбында Махамбет ауданына қарасты ауылдық округ тұрғындарымен, жастарымен, мекеме қызметкерлерімен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл шараның мақсаты – дәстүрлі, ұлттық руханидіни тәрбиенің құндылықтарын насихаттай отырып, діни ағымдар идеологиясын арттыру болып табылады,дейді орталық басшысы.

3d7a5517-531f-42f9-b3f8-4845677850dc

ТЫҢ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

«Өлкетану» жобасы аясында «Рухани сапар» атты аудан жастарына арналған бір күндік экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия жұмысына Махамбет ауданына қарасты ауылдық округтерден жас- тар қамтылды. Саяхат киелі Сарайшық жерінен басталып, Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайында жалғасты. Жастар Сарайшықтағы қазба жұмыстарына және Ш.Сариевтың өмір жолы мен туындыларына куә болды. Сонымен қатар, аудан жастары Атырау қаласында орналасқан тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштерді де көріп қайтты. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Махамбет ауданы әкімінің қолдауымен «Ауыл әкімі» атты қысқаметражды бейнебағдарламасын да жастар ресурстық орталығы жүзеге асыруда. Бейнебағдарлама әр аптаның сәрсенбі күні әлеуметтік желіде жарияланып тұрады.

Жобаның мақсаты – Тәуелсіздік жылдарындағы ауылдың тыныстіршілігімен таныстыру, ауыл әкімдерінің атқарған жұмыстары мен алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісу болып табылады. Сонымен қатар, әлеуметтік желіге жастардың өз ауылына, өлкесіне сүйіспеншілігі мен мақтанышын, шынайы патриотизм сезіміне тәрбиелеу мақсатында «Ауылға сағыныш» атты видео материалы әр дүйсенбі сайын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 1991 жылдан 2021 жыл аралығында еліміздің жетістікке жеткен жетістіктерін насихаттау мақсатында аудан жастарының «Тәуелсіздік мен үшін маңызды» атты челленджі жоспарға сәйкес әлеуметтік желіге жарияланып отырады. Қазіргі таңда жасы да, жасамысы да ғаламторда, оның ішінде әлеуметтік желіде көп уақыт өткізеді. Ақпаратты да осы жерден алатыны анық. Аудан көлемінде жастар арасында өткізілген шараларды ақпараттандыру бағытында жүйелі түрде әлеуметтік желілерде, сондай-ақ «Жайық шұғыласы» газетіне мақалалар шығып тұрады.

- «Махамбет жастары» әлеуметтік парақшасында 5000-ға жуық жазылушы болса, белсендік танытатын жазылушының 60 пайызы – нәзік жандылар. Алдағы уақытта әлеуметтік желідегі жұмысты жүйелі түрде одан әрі жандандыру үшін тұрақты SMM маманы штаты ашылса үлкен көмек болары сөзсіз. Себебі, біздің мекеме тек өзіміздің тараптың ғана сюжеттерін түсіріп қана қоймай, сонымен қатар, басқа бөлім, мекемелердің өтініштері бойынша видеолар түсіреді. Біз әрқашан көмек ұсынуға дайынбыз. Дегенмен, видеоларды монтаждау жұмыстарын арнайы маман ғана жасағаны абзал,-дейді Қ.Әміржанұлы.

342b71ec-f99f-4d52-8bd0-4ddebab5aca7

МАҚСАТ – АЙҚЫН, ҚОЛДАУ БОЛСА...

Орталық басшысының сөзінше, аудан жастарымен қарым-қатынасты одан әрі қарай нығайтып, олардың тұшымды ұсыныстарын алатын жолды немесе алдағы уақыттардағы өткізілген шаралардың нәтижесі болуы үшін Жастар ресурстық орталығының ғимаратын жаңа үлгіде бюджет тарапынан, болмаған жағдайда, демеушілер көмегімен өзгерту қажет.

– Ол үшін біздер жастар тарапынан жиналған ұсыныстарға сай, ғимаратты тек мамандар отырып жұмыс жасайтын мекеме емес, нағыз жастардың орталығы болатындай етіп өзгертуге 3D форматта эскиздік жобасын жасақтап жатырмыз. Ол басшылық тарапынан қолдау табады деген сенімдеміз. Себебі, қазіргі заман талабына сай Жастар орталығында үстел теннисі бар, плэйстэйшн ойын құралы бар. Осы орайда жастармен арнайы үстел теннисі клубын, жастарды тарттырып, ойын клубын ұйымдастырудамыз. Сонымен қатар, ғимараттың жанында кішкене типте сыртқы сахна жасағымыз келеді. Өз кезегінде, көшеде отырып өлең айтқан жасты, сол сахна төріне шақыру, сол жаспен бірге оның айналасы, араласатын ортасы да бізге қарай келетін болады. Ғимараттың артқы жағындағы жерге көше жастары үшін «Street Workоut» алаңын жасағымыз келеді.

Екінші қабатынан коворкинг орталығын ашып, кітап оқитын, мафия ойынын ойнайтын, мини кинотеатр жасақтап, жастарды қамтуды жөн санап отырмыз. Нәтижесі сол, біздер алдағы уақытта елеңдеп ешкімге қарап отырмаймыз. Әр саланың жастары аудан жастарына не қажетті, не жетпей жатырғанын ауылдық округтерге не мекемелерге хат жазып әуре-сарсаңға түспейді. Және бұл әр сала жастарының қандай да бір теріс іс-әрекетінің алдын алуға 63 пайызға кепілдік береді. Қазір ертегідей көрінер, бірақ, бүгіннен қамданбасақ жастармен жұмысты осылай жандандырмасақ, «ағыссыз тұрған көл сасидының» кейпін киетініміз жасырын емес. Осы қызметке келер кезде аудан жастарының белсенділігін көтеретін тетігін көздеймін деген болатынмын. Жұмыстарды одан әрі жандандыру бағытында кездесетін кедергілерді жою үшін кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс жасамақ ниеттеміз. Тұңғыш Президентіміз –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «...Ауылдың балалары – қазақтың негізі, қазақтың тамыры, солар көтереді болашақта Қазақтың елін, солар біздің тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтайтын тарихымызда солар болады» деп айтқандай, қаймағы бұзылмаған қаймана қазақтың қара домалақ балаларына қолдау қашанда керек-ақ. Келер жылы жасар жұмыстарымыз, іске асырар мақсаттарымыз айқын,-дейді орталық басшысы.

P.S. «Болашақтың көпірі» саналатын жастармен тікелей жұмыс жасап, көптеген жас кәсіпкерлердің қанатын қатайтқан да, бірнеше жастың болашаққа деген сенімін нығайтқан да – жастар орталығы. Алайда бірсарынды һәм қызықсыз өтетін жиындарға жастарды жинап алып, залды толтыруды қысқарту керек секілді. Бүгінгі таңда жастарды елең еткізіп, ынтасын арттыру үшін жастар ісімен айналысатын мамандарға ұшқыр қиял, тың идея керек. Жаңа басшы жаңаша жұмыс бағыт ұстанғанын байқадық. Ендеше, іске сәт!

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT