Сарайшықта Таулы Қарабақ соғысының ардагері Қоныс Мақтымқұловты еске алу кеші өтті

Қазақстаннан бітімгерлік миссиясы құрамында Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан жауынгердің бірі – Сарайшық ауылының тумасы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қонысбай Мақтымқұлов.

Бүгінде бір шаңырақтан  екі батыр шығып отыр. Ағасы  Жұмажан Мақтымқұлов -  Ауған соғысының ардагері 2017 жылы өмірден озған. Сарайшық ауылында Таулы Қарабақтағы  қақтығысты реттеуге қатысқан «Қызыл Жұлдыз» ордені иегері Қонысбай Мақтымқұловты еске  алу  кеші  өткізілді. Оған республикамыздың түкпір-түкпірінен жиырмаға тарта қандыкөйлек қарулас дос- тары, жолдас-жоралары, сыныптас құрбы-құрдастары, тума-туыстары қатысты. Алдымен  Қонысбайдың қарулас  достары  Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінде ашылған Қ.Мақтымқұлов ескерткіш  тақтасына зиярат  етіп,  гүл шоқтарын  қойды.   Ереван әуежайы үшін  жан аямай күрескен жауынгер  Қонысбай  небәрі 28 жасында алған  ауыр  жарақат  салдарынан   1998 жылы қайтыс болған.  

Еске алу кешін батырдың туысқан ағасы Әлібек Сүлейменов ашып,  әр  өңірден келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Өзі өлсе де, есімі ел есінде сақталған Қ.Мақтымқұлов атына  Сарайшық ауылынан  көше  аты берілсе деген игі  тілегін  жеткізді. Қонысбайдың бірге  жүрген  жоражолдастары Сембай Баймұханов, Серік Мұқашев, Атабек, Самат есімді достары бірге жүрген күндерін, Сарайшық кәсіптік-техникалық  училищесінде  бірге оқыған кездерін сағынышпен еске алды. Олардың қатарында өзімен аттас Қонысбай есімді досы да Сарайшық училищесінде бірге оқығанын, әскерге бірге аттанғандарын, әуежайдағы қиянкескі қақтығыста  Қонысбай екі аяғынан қатты жарақаттанғанын, кейін еңбек еткен жылдарын тілге тиек етті.  Ақтау қаласынан ат артып келген қарулас досы Амантай Байзоллаұлы да ауылға көше атын берсе деген ұсынысты қолдайтындықтарын жеткізді.

4107a402-2a5b-4467-8060-20f2cfa3ef29

Сөз кезегін алған Қонысбай Мақтымқұловтың туыстары оның ақкөңіл, бауырмал, жаны жайсаң жан екенін тебірене еске алып, жанарларға еріксіз жас үйірді. Кеш  соңында  «Таулы  Қарабақ  ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Өтеғалиев жүрекжарды лебізін білдіріп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында  Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебі  жанынан ескерткіш тақта ашылуына мұрындық болған мектеп директоры М.Әменовті бірлестік атынан «Қазақстан патриоты» төсбелгісімен марапаттады.    

Ешкім де  ұмытылмайды, ештеңе  де ұмыт қалмайды. Қашанда ел қорғаған батырларымыздың даңқы  арта бергей. Айта кету керек, 2020 жылдың мамырында ҚР Президенті  Қ.Тоқаев  Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге қатысқан азаматтарға  «ұрыс  қимылдарына қатысқан  ардагер»  мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. 

 

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521