Жастар – ел болашағының тірегі

Махамбет ауданында «Жастар премиясы – 2025» атты салтанатты марапаттау кеші жоғары деңгейде өтті. Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға белсенді жастар, еңбек адамдары, сала мамандары мен қоғам өкілдері қатысты.

Мерекелік кештің басты мақсаты – жыл бойы түрлі салада белсенділік танытып, аудан дамуына үлес қосқан жастарды қолдау, олардың еңбегін ел алдында дәріптеу. Салтанатты шарада аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев сөз сөйлеп, жастарды жетістіктерімен құттықтады. Өз сөзінде ол жастардың аудан өміріндегі белсенді рөліне ерекше тоқталып, олардың бастамалары әрдайым қолдауға ие болатынын атап өтті. 

 – Жастар – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – ауданымыздың да-муына қосылған үлес. Жастар саясаты алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Қолдау бар, жоспар бар. Алдағы кезеңде жастарға арналған ғимаратты жөндеу, Жастар ресурстық орталығына жаңа автокөлік алу үшін қаржы бөлініп жатыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін,– деді аудан әкімі. 

2025 жылдың қорытындысымен қоғамдық өмірге белсене араласып, түрлі салада еңбек етіп жүрген бір топ жас аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олар – білім, мәдениет, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік және қоғамдық жұмыстар саласында белсенділігімен көзге түскен жастар. 

«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында өндіріс, ауыл шаруашылығы, техника, қызмет көрсету салаларында еңбек етіп жүрген үздік жас маман¬дар да назардан тыс қалмады. Түрлі номинациялар иелері анықталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Шарада маңдай терімен адал еңбек етіп жүрген тазалық саласының қызметкерлеріне де құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің Алғыс хатымен Анар Амирова, Светлана Өмірбаева, Балия Жалғаспаева марапатталды. Олардың еңбегі тазалық пен тәртіптің нақты үлгісі екені атап өтілді. Сонымен қатар «Үздік жас спортшылар» номинациясы аясында аудан намысын түрлі жарыстарда қорғап жүрген футболшылар еңбегі лайықты бағаланып, 100 мың теңгелік қаржылай байраққа ие болды. 

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен күйге, би мен думанға толы әсерлі сәттерге жалғасты. Сондай-ақ көрермендерге арналған ойындар ұйымдастырылып, шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында жастардың әрбір жетістігі ауданның жарқын болашағы екені атап өтіліп, осындай мазмұнды шаралар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды. 

«Үздік жас жұмысшы мамандары» 
• «Үздік жас электр энергетикасы саласы маманы» – Әділжан ҚҰБАШЕВ, «Атырау Жарық» ЖШС электр жөндеушісі 
• «Үздік жас насос қондырғысының машинисі» – Александр КИМ, «Бақсай» суару- суландыру жүйесінің насос қондырғысының машинисі 
• «Үздік жас газ шаруашылығы қызметкері» – Жұмабек НӘСІМ, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Махамбет газ шаруашылығының шебері 
• «Үздік жас механизатор» – Аманжан ИСЛЯМГАЛИЕВ, эксковатор операторы 
• «Үздік жас орман шебері» – Еркебұлан ТҮСІПҚАЛИЕВ, Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің орман қорғау инженері 
• «Үздік жас техник-механик» – Нұржайық ӨТЕГЕН, «Айдана Агро» шаруа қожалығының техник-механик қызметкері 
• «Үздік жас байланысшы» – Фархат МАХИЕВ, аудандық «Қазақтелеком» мекемесінің инженері 
• «Үздік жас дезинфектор» – Азамат МАҚСОТОВ, Атырау обаға қарсы күрес станциясы республикалық мемлекеттік мекемесінің Махамбет обаға қарсы бөлімшесі мекемесінің дизенфекторы.


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT