«Quizland» интеллектуалды сайысының ІІІ маусым ойыны және «Жыл финалы – 2025» қорытынды сайысы өтті. Ойын- ға аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Жастар ресурстық орталығы қолдау білдірді.
2024 жылдың 22 ақпан күні басталған «Quizland» интеллектуалды сайысы – бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан бірегей жоба. Сол жылы «Жастар премиясы» шарасында «Үздік жоба» ретінде танылды. Жобаны ұйымдастырушылар – ауданның белсенді жастары Қазбек Айтқалиев және Дархан Қабижан.
– Бұл интеллектуалдық сайыс 2024 жылы басталды. Бүгінге дейін шамамен 40-қа жуық команда қатысты. Маусым сайын командалардың саны да, сапасы да артып келе жатыр. Жалпы Махамбет ауданында куиз ойындары Атырау облысына қарасты аудандардың арасында бірінші боп басталған болатын. Егер қызығушылық болса, бұл жобаны әрі қарай дамытып, дәстүрлі түрде өткізу ойда бар, - дейді жоба жетекшісі Қ.Айтқалиев.
Қызықты өткен ойын нәтижесінде Махамбет ауылының «67-километр» командасы маусым чемпионы атағын кезекті рет жеңіп алды. II орынды Индер ауданы Өрлік ауылының, III орынды Ақжайық ауылының командасы иеленді. Ал финалдық 40-ойын нәтижесінде «Алтын көршілер» командасы жеңімпаз атанса, II орынды «Quiz ui», III орынды «67-километр» командасы иеленді.
– Бұл ойынға қатысудағы негізгі мақсатымыз – білімдегі бәсекелестік, қызықты орта, жаңа достарды табу. Интеллектуалды ойын аудан жастарының білімге, зияткерлік дамуға деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етіп келеді. Бүгінгі финал өте жоғарғы деңгейде өтті. Осымен үшінші мәрте маусым чемпионы болғанымызға қуаныштымыз,- деді жеңімпаз команда ойыншысы Бұлан Нұрғалиев.
Сайыс соңында «Үздік команда», «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша және жобаға демеушілік көрсеткен аудан кәсіпкерлері Алғыс хат пен естелік сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда «Өнерпаз» мәдениет үйінің қызметкерлерінен құралған «Сахналықтар» командасы «Үздік команда» атанса, «Алтын көршілер» командасының ойыншысы Алтынбек Сариев «Үздік ойыншы» аталымына ие болды. Демеушілер – «Молшылық» кафесінің қожайындары, ауданның белгілі кәсіпкерлері Евгений Евгеньевич пен Кәмшат Қуанқызы, «Шаурмитта», «Чико-Чикен» желісінің иелері Еркебұлан Жұмабекұлы мен Айзада Сәрсенбайқызы, сондай-ақ «Азель» отбасылық мейрамханасының иелері Асылбек Оразбайұлы мен Азиза Дәуренқызы Алғыс хатпен марапатталды. Ал жеңімпаз командаларға қаржылай сыйақы табысталды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ


