Маман дайындаудың хас шебері

Ел дамуының күре тамыры – энергетика саласы. Халықты жарықпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тынымсыз жұмыс жасап жүрген электриктердің еңбегі зор. Оларды даярлаған ұлағатты ұстаздардың еңбегі өлшеусіз.

Энергетиктер мерекесі қарсаңында көп жылдар бойы энергетика саласында электрик, электромонтер, газ-электр дәнекерлеуші мамандар даярлауға сүбелі өз үлесін қосқан Сарайшық ауылында тұратын еңбек ардагері Нұрлан Карашин ағамызға жолығып, мерекесімен құттықтаған едік. Енді энергетика саласына өлшеусіз үлес қосып, жүздеген- мыңдаған сала мамандарын даярлаған Нұрлан Қадырұлының өмір жолына үңілсек. 

Қасиетті Сарайшық жерінде өмірге келген Нұрлан Карашин ағамыз осы өңірімізге белгілі ұстаз, оқытушы Қазмұхаммед Қарашаұлының немересі болып шықты. Нұрлан Қадырұлы 1972 жылы Чкалов орта мектебін ойдағыдай аяқтаған соң ерте еңбекке араласқан. 1973-1975 жылдары әскерге алынып, Отан алдындағы борышын өтеген. 1975 жылдың маусымында алғашқы еңбек жолын СПТУ-91-де автокөлік жүргізушісі болып бастаған.

Ол кісі Сарайшық ауылындағы Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінде (Сарайшық кәсіптік- техникалық училищесі) 1975- 2020 жылдарға дейін ұстаздық еткен. Директор Нұрлан ағамыздың ұстаз болғанын қалап, жолдамамен Талдықорғанға оқуға жіберген екен. 1976 жылы Талдықорған индустриалды-педагогикалық тех¬никумына оқуға түсіп, оны 1979 жылы «мал шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп, ауылға оралады. 1979 жылдың 16 тамызынан бастап Нұрлан аға Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде ұстаздық жолын арнайы пән оқытушысы болып бастаған екен. Кейін 1988 жылы сырттай Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша да аяқтаған. 
– Энергетика өмірлік жолыма айналды. Ол кезде электрик мамандар қат еді. Тек совхозда ғана электрик болды. Біздің училищеде тіпті электрик мамандар болған жоқ. Жалпы сол жылдар ішінде біздің училищеде механизаторлар, шоферлер көп дайындалды. Тек Махамбет ауданы ғана емес, көршілес Индер, Исатай аудандары үшін де мамандар даярлауға атсалыстық. Кейін осы электрик, электромонтер, газ-электр дәнекерлеуші мамандарды даярлауды қолға алдық. Мен 2016 жылға дейін 36 жылдай ауылшаруашылық колледжінде «Жол картасы» бағдарламасы бойынша өзім білім алып жатқан 3-курс студенттерін, жұмыссыз жастарды 3 айлыққа, 3 жылдыққа ауыл шаруашылығындағы электр құралдарын жөндеуші, электромонтер мамандықтарына оқыттым. Сонымен қатар өзім бағдарлама құрастырып, арнайы курс ашып, үш жылдық электромонтер, газ-электрдәнекерлеуші мамандықтарына оқытқанымды да айта кетейін.

Жыл сайын электриктер дайындайтын топта 25-30, дәнекерлеушілерде де 25-30 бала оқып бітіретін. Кейін түлектер арасында мұнай саласына кеткендер де бар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негізінде оқығандар да болды.

Атап айтсам, оқытқан шәкіртім Бекзат Шаймарданов қаладағы «Атырау-Жарық» АҚ филиалында электрик болса, Нариман, Мереке Карашиндер ТШО-да электромонтаждаушы бо-лып еңбек етуде. Сонымен қатар шәкірттерім Жандарбек Бағитов, Абдрахман Мактымкулов Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінде электрик әрі ауылдағы таза су қондырғысында электрик- дәнекерлеуші болып жұмыс жасап жатыр. Мен оқытқан жігіттер әр салада еңбек етіп жүр. Мен өзім оқытқан сала мамандарымен мақтана аламын. Олар мерекелерде қоңырау шалып, құттықтауды ұмытқан емес.

Мен Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінен 2018 жылы зейнеткерлікке шықсам да «мамандар тапшы» деп, оқу орнына қайта оралып, екі жылдай еңбек еттім. Ауылда жарық сөніп қалған үйге барып, дереу қосып беретінбіз.

Қазір бәрі автоматтандырылған. Ауданда үстіміздегі жылдың қыркүйек айында жаңа энергетикалық нысан салынып, пайдалануға берілді. Жоба аясында 90 шақырым электр желісі тарты-лып, 18 дана трансформатор, 2 дана ТДИ-16000/110/10 У1 қосалқы станция орнатылғанын білеміз. Нысан қуаттылығы – 16000 квт. Бұл күнде Махамбеттегі «Мерей» ықшам ауданы мен Жалғансай ауылын тұрақты электр энергиясымен қамту артқан. 

Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктерге тоқтала кетсем артық етпес. Атап айтсам, 1993 жылы кәсіптік- техникалық училищелерде мамандық беру пәндеріне оқыту әдістемесі туралы өткен республикалық аймақтық семинарда 2 зертханалық, 1 теориялық сабақ өткізіп, жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Техникалық қызмет көрсету мен машиналарды жөндеу жүйесі пәні бойынша әдістемелік талдама кітапшам шығып, облыс көлемінде таратылды. 

Әр жылдары облыстық білім жүйесіндегі шығармашылық еңбек және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстар үшін Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2005 жылдың мамырында Астана қаласында өткен «2002-2003 жылдары әзірленген кәсіптік-бастауыш және орта білімнің арнайы пәндер оқулықтары мен оқу әдістемелік кешендерін сынақтан өткізу барысы және сараптама қорытындысы бойынша өткен республикалық семинар- кеңеске қатысып, баяндама жасадым. 2012 жылы республикалық техникалық-кәсіптік білім беруді дамытудың, біліктілік берудің ғылыми-әдістемелік орталығының «Плакаттар жинағы: машиналар мен жабдықтарды жөндеу технологиясы» мамандығы бойынша оқу әдебиеті, оқу-әдістемелік құралдарды сарап¬тамадан өткізуге қатысқаны үшін сертификатқа ие болдым. 

Жалпы мен энергетика саласында 41 жыл, ал ауылшаруашылық колледжінде 45 жылдай еңбек еттім. Өзімнің педагогикалық еңбек жолым «Қазақстанның Алтын кітабына» енді. 2020 жылдың 18 тамызында жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстарым үшін Ы.Алтынсарин төсбелгісімен ма-рапатталдым. Маған төсбелгіні сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов берген еді. Отбасындағы екі ұлым да менің жолымды қуып, энергетиканы таңдады. 

Шаңырақта жолдасым Дариға екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Тұңғышым Нариман мұнай- газ институтын бітірген, ТШО-да инженер-электрик. Кенжем Мереке екі оқу орнын бітірген инженер-энергетик, бүгінде ТШО-да қызметте. Қыздарым Әсел Береке ауылындағы орта мектепте мұғалім болса, Әсем Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетін бітірген, Атырау қаласындағы «Жұлдыз» ықшам ауданындағы мектепте математикадан сабақ береді. Екеуі де тұрмыста. Қолымдағы келін, Нариманның жолдасы Марта да мұғалім, ағылшын тілінің маманы. Қазіргі уақытта ол докторантурада оқып жатыр. Шаңырақта көзқуанышым екі немерем бар,-дейді Нұрлан аға бізбен әңгімесінде. 

Нұрлан Қадырұлы заманауи технологиялардың артықшылықтарын жоққа шығармайды. Соңғы бес жылда жүйе автоматтандырылған, құрылғылар жаңартылған. Алайда бұл адам жауапкершілігін азайтпайды, керісінше жаңашылдыққа тез бейімделуді, білім мен тәжірибені ұштастыруды талап етеді. Талай жас маманға жол көрсетіп, тәжірибесін аямай бөлісті. 

– Халыққа қызмет ету – үлкен мәртебе, биік абырой. Қазіргі уақытта қосалқы станциядағы құрылғылар жұмысын бақылау, апатты жағдай орын алған сәтте тиісті нұсқаулыққа сай әрекет етеді. Қауіп пен жауапкершілік қатар жүретін бұл са¬лада мұқияттылық пен кәсібилік аса маңызды,- деп өз ойын қосты Нұрлан ағамыз. 

Ел Президентінің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы бекер емес. Жұмысшылар – елдің іргесін бекемдеп тұрған еңбек иелері. Күнделікті елеусіз еңбегі ел тіршілігінің басты тетігіне айналғанын ұмытпайық. 


А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА, 
Сарайшық ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT