Жастар бар жерде жалын бар

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Редут клубында «Жастар жылы-жаңа леп, жаңа толқын!» тақырыбында семинар-кеңес өткізілген болатын.

Оған аудандағы мәдениет үйі, клуб директорлары, көркемдік жетекшілері қатысты.

Бейбарыс ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы Тәттімбет Дауылбаев мәдени ұшқырлығын таңдау қажеттігін, бұл болашаққа жол ашу деп білетінін айтса, ал Редут клубының меңгерушісі Жанат Жиенкулова атқарылған жұмысымен таныстырды.

«Жастар жылы-жаңа леп, жаңа толқын!» жастар арасында өткізілетін мәдени шаралардың жаңа әдіс-тәсілдері бөлімін «Жас дәурен» мәдениет үйінің директоры М.Жаленова бастады. Ол жастарға арналған рухани тақырыптық кешке тоқталды. Мәншүк қолөнер шеберлік байқауын өткізуді, соңында ескерткіш сыйлықтар тарту етуді, спорттан асық ойынын жаңғыртып, шыңдап келе жатқанын алға тартты.

«Самал» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі П.Қыдырова жастар арасында өтетін патриоттық кештерге тоқталды. ҰОС ардагерлерімен, жастар ұйымы, «Алтын белгі» иегерлері, ЖОО-ның студенттерімен кездесу ұйымдастыратынын да айта кетті.

Ал Бақсай мәдениет үйінің әдіскері Ж.Есенова домбыра, би өнері, қой көтеру, шахмат, шашка сайыстарын ұйымдастырып, жаңадан отау көтерген жастар, түрлі мамандық иелерін шақырғанын ортаға салды.

Сарайшық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Т.Бисенғалиева жастар арасында өтетін фестиваль, байқау, сайыстарға, соның ішінде «Ел ертеңі-жастар» сайысын әңгіме арқауы етті. Оны өнеге, танымдық кеш етіп өткізсе деген ұсыныстар да түсті.

Ақтоғай мәдениет үйінің әдіскері С. Гибатуллина «Ой мен ойын» сауық кешін алға тартты. Алға ауылдық мәдениет үйі басшысы І.Боранбай жақсы семинар болғанын, жобаларға ризашылығын білдіріп, жастардың баяу қимылдайтынын, ауылдағы мектептен шараға бала сұрап алу қиындағанын, сахна баланы тәрбиелейтінін, жобаларды өз мәдениет үйінде өткізсе деген тілегін білдірді.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев пайдалы семинар болғанын, жастар жылының шараларын өткізуді наурыз, сәуір айларына жоспарлағанын айтып өтті.

Үшінші бөлім «Тарихы тұнған туған жерге тағзым!» тарихи кешіне ұласты. Талдыкөл мектеп-балабақшаның тарих пәні мұғалімі Қ.Аманова ауыл тарихынан сыр шертіп, өткен күндерді еске салды. «Сағынышын күткен байғұс Рақима» көрінісі көпті елең еткізді. Ұлы Отан соғысы, зобалаң құрбандарына ескерткіш ашылса деген тілегін қосты.

Армангүл ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT