"Сыйынар ем, ана деген тәңірге!.."

Жер жаһанды жасантып, жылылық пен нәзіктікті паш ететін, күлімдеген күн көктеммен бірге асыл аналарымыздың, аяулы аруларымыздың, сұлу қыздарымыздың төл мерекесі 8 наурыз да келіп жетті.

Бұл күн көңілдерге көктем шуағындай сезім мен нұр құйылатын, жүректерге қуаныш пен шаттық жиылатын, әсемдік пен әдемілікті сезіну бұйыратын күн. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі аналармен ажарлы екені анық. Өйткені, аналарға деген сый құрмет ешқашан сөнбек емес.

Бақыт құсы балалы үйге қонады. Өйткені, сәбидің сыңғырлаған күлкісінен артық бұл өмірде бақыт жоқ. Ал, көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, төрт баланы өмірге әкеліп, мүгедек ұлын тәрбиелеп отырған Батыр ана – Бағыт Себекбаева.

Махамбет топырағында өмірге келіп, орта мектепті аяқтап, жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітіріп, өмірден өз жолын айқындаған Бағыт 2006 жылы ақжайықтық азамат Талғат Қоспановпен қол ұстасып, жаңа өмірге қадам басады. Жаңадан құрылған жас отауда бір жылдан соң тұңғыш сәби дүниеге келеді. Өкінішке орай ұлдары Нұржол сал ауруы диагнозымен туылады. Жанына қанша батса да жас ана бұл жағдайды Алланың сынағы деп қабылдайды. Бұл сынақтан сүрінбей өту үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Әлі күнге жасап келеді. Нұржолдан соң қыздары Элора мен Аилина, әзірге кенжелері Бекбол өмірге келіп, шаңырақтарын шаттыққа бөлейді.

-Әр отбасы – өзінше бір мемлекет. Жоғары білімім болса да жұмыс жасаған емеспін. Отағасының тапқан табысын ұқсатып, балаларымды тәрбиелеп отырмын. Ата-ана алдымен бала алдындағы міндетін түсінгені дұрыс деп ойлаймын. Баланы дүниеге әкелген соң оның денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Егер ата-ана өз парызын мүлтіксіз орындаса, бала да өскен соң перзенттік парызын біліп жүреді. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз осы», – дейді жас ана.

Биыл 4 сыныпты аяқтайтын Элора анасының қолқанаты көрінеді. Үй шаруасына көмектесіп, ағасы мен артынан ерген екі бауырына қамқор болуды өзінің парызы деп санайды. Сабағына да, дзюдо мен би үйірмесіне де баруға үлгереді. 1 сынып оқитын Аилина қолынан келгенше апатайына ұқсауға тырысып бағады. Ол да би үйірмесінің белсенді мүшесі.

- Елбасының тапсырмасымен көп балалы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға қолдау көрсетіледі деп ақпарат құралдарынан естіп жатырмыз. Жәрдемақы өсетіні, арнайы тұрғын үйлер салынатыны көңілімізге қуаныш ұялатуда. Ерекше баланы бағып-қағу үлкен күшті, ерік-жігерді талап етеді. Ұлыма екі рет ота жасаттық. Күнделікті алатын еміне қалдырмай апарып тұрамын. Өмірдегі бар арманым – осы ұлымның жазылып, адам қатарына қосылып кетуі. Алладан таңның атысы, күннің батысы тілейтінім осы. Шүкіршілік ететінім ешкімге алақан жаймай өз күшімізбен емдетіп келеміз. Аудандық әкімдікке айтар бір ғана базынам бар. Ол әрине, баспана. Төрт баламен өз әке-шешемнің үйінде тұрып жатырмыз.Үй кезегіне тіркелгенімізге 7 жыл болды. Бір баспанаға қолымыз жетсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Бағыт бізбен әңгімесінде.

Б. СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT