Жасөспірімдер спортына жағдай жасалуда

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың есеп беру кездесулері Ақтоғай ауылдық округінде жалғасты. Кездесу барысында округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таны­стырылды.

Әкімнің айтуынша, ауылдың 2,152 шақырым кірме жолын күрделі жөндеу жұмыстарының 95 пай­ызы орындалған. Сонымен бірге, 2,4 шақырым ауылішілік жолдарға жөндеу жүргізіліп, нысандар мау­сым айында қабылданған.

– Жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңдарының құрылысы өндірістік кестеге сәйкес орындалмағандықтан, мердігер ме­кеме жосықсыз қатысушы тізіміне сот шешімімен енгізілді. Ө.Атамбаев және Бала Ораз елдімекендеріне ауыз су жеткізілді, ал Кеңөріс ауы­лына ауыз су желісін тарту жоспар­лануда. Сонымен қатар, «Атырау- Ортақшыл-Махамбет-Ақтоғай» бағытында сынақ ретінде жола­ушылар тасымалын қамтамасыз ететін автобус жолға шықпақ,- деді Қ.Нұрлыбаев.

Жыл соңына дейін ангар үлгісіндегі жылдам салынатын модульдік ба­лалар спорт залының құрылысы аяқталуы күтілуде. Кездесу бары­сында алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Ғибадат Каныкомов нысанның ішкі жабдықталуына қатысты ұсыныс айтты.

– Орындықтарын, жабдықтарын реттеп, ойыншыларға кедергі бол­майтындай жағдай жасау қажеттігі туралы талабымыз бар. Спорт залға ағаш төсеніш салу жоспарланып отыр екен. Алайда қазіргі талаптарға сай мұндай төсеніштен гөрі пар­кет тиімді. Волейбол Ақтоғайда жақсы дамып келеді. Сондықтан зал тиісті жабдықтармен, оның ішінде допатқышпен қамтамасыз етілуін сұраймыз,-деді ол.

Мұғалім ұсынысын орынды деп бағалаған аудан әкімі:

– Таңдай ауылындағы спорт кешеніне 2 млрд. теңге жұмсалды. Ал бұл жылдам құрастырылатын спорт залының құны 4 млн. теңгеге жуық. Егер толық жабдықтауды қоссақ, шығын бірнеше есеге өседі. Қазіргі уақытта мұндай қаражатты бөлу мүмкін емес. Халық санына қарай әзірге шағын зал салынуда. Келе­шекте сұраныс өссе, заманауи спорт кешенін салу қарастырылады,-деді Қайрат Нұрлыбаев.

Кездесуден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген өтініштерді тыңдап, тиісті бөлім бас­шыларына тапсырмалар жүктеді. Тұрғындардың мәселелері заң ая­сында шешілетіндігі атап өтілді.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT