Инфрақұрылымды жаңғырту – басты назарда

Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың ауылдық округтердегі есептік кездесулері жалғасуда. Осы ретте аудан басшысы Махамбет ауылдық округі тұрғындарымен жүздесіп, 2025 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, тұрғындар сұрақтарына жауап берді.

Әкімнің айтуынша, округте инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар жұмыс жүзеге асырылған. «Мерей» мөлтек ауданына жергілікті бюджет есебінен электр желісі жүргізілді. Сонымен қатар бұл аумақтан 1260, сондай-ақ басқа жаңа мөлтек аудандардан 2362 жер телімін беру мәселесі қарастырылуда.

– 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы шілде айында аяқталды. Қазіргі уақытта тұрғын үй аумағын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстарының 80 пайызы орындалды. Ойын алаңдарын орнату және резеңке төсеніш төсеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша да жұмыстар жалғасуда,- деді Қ.Нұрлыбаев.

«Жауқазын» бөбекжай-бақшасын күрделі жөндеу жұмыстарына 190 млн теңге бөлініп, маусым айында басталған жөндеу қазан айында аяқталды. Балабақша тәрбиеленушілерді қайта қабылдауды бастап кеткен. Кездесу ба­рысында тұрғын Нұрым Ерғалиев қоғамдық көлік қатынасы мен санитарлық тазалық мәселесін алға тартты.

– «Атырау-Махамбет» бағытындағы автобус аялдамасын ауыл кіреберісіне орнатса екен. Сонымен қатар контейнер қойылмаған көшелерге қоқыс алаңшасы қажет. Қоқыс төгу үшін алысқа баруға тура келеді,- деді тұрғын.

Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі заң талаптарын түсіндірді.

– Қала мен ауыл арасындағы маршрут ауылішілік тасымал болып есептелмейді. Күрежол бойында рұқсатсыз тоқтап, жолаушы түсіруге бол­майды. Биыл 10 орынға қоқыс контейнері қойылды. Келер жылы қаржы қарастырылса, тұрғындар ұсынысына сай қосымша контейнерлер орнаты­лады,- деді ол.

Тұрғындар кездесуде өндіріс орындарын көбейту, инвестиция тарту және жол сапасын жақсарту туралы пікір білдірді. Аудан әкімі бұл бағытта тиісті жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатқанын айтты.

– Келер жылы «ҚазАвтоЖол» өкілдері көпір маңынан Махамбет ауылына дейінгі жолды жаңартып, жарықшам орнатуды қолға алмақ. 2029 жылдан бастап «Атырау-Орал» тас жолы төрт жолақты болады. Биыл ауданымызда үш инвестициялық жоба іске қосылады. Олардың қатарында құс етін және жұмыртқасын өндіру цехы, жылыжай кешені, бекіре өсіру зауыты бар. Со­нымен бірге қалдықты қайта өңдеу, мал бордақылау және көкөніс сақтау кешендерін салу жоспарымызда,- деді Қайрат Нұрлыбаев.

Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғын үй мәселесіне қатысты әкім кезектің заң шеңберінде жүргізілетінін атап өтті.

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT