Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев Бақсай ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қ.Нұрлыбаев аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Әкімнің айтуынша, бұрынғы есептік кездесуде көтерілген бірқатар мәселе өз шешімін тапқан.
– Есмаханға баратын көпір «Табиғат» мекемесі тарапынан жөнделді. Таңдай ауылындағы ескі ғимараттардың бірі толықтай бұзылды. Бақсай ауылдық округіне қарасты елді мекендерге кірме жолдар салу жоспарда тұр. Сонымен қатар, Кеңөріс пен Томан ауылдарына ауыз су желісін жеткізу, Таңдай ауылының жазғы су жүйесін жаңғырту қарастырылған. Қ.Ахмедияров атындағы мектеп апатты деп танылып, министрлікке дейін ұсынылды. Жобалық- сметалық құжаттамасы толық дайын, қаржы сұралды. Егер қаражат бөлінсе, келер жылы жаңа мектептің құрылысы басталады,- деді Қайрат Нұрлыбаев.
Жуырда Таңдай ауылында 160 орындық жаңа спорт кешені пайдалануға берілген. Дәл осындай нысан Ортақшыл ауылында да салынуда.
– 5 ауылдағы ашық спорт алаңдарының құрылысы 95 пайызға аяқталды. Алайда мердігер мекеменің жұмысы талапқа сай болмағандықтан, ол жосықсыз деп танылып, келісімшарт тоқтатылды. Келер жылы бұл жұмыс басқа мердігер арқылы жалғасады,- деді аудан басшысы.
Кездесу барысында тұрғындар жұмыссыздық, санитарлық тазалық, жер телімі, баспана мәселесі және тас жолдардағы үй жануарларынан туындайтын жол-көлік оқиғалары жөнінде сұрақтар қойды.
– Несие алып, кәсіп ашамын дегендерге барлық мүмкіндік бар. Ауданда үш инвестициялық жоба аяқталуға жақын. Бұл жобалар іске қосылғанда ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Таңдай аумағында мұнай іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы бұрғылау басталмақ. Егер нәтижелі болса, бұл жерде жаңа мұнай кәсіпшілігі ашылуы мүмкін,- деп атап өтті аудан әкімі.
Кездесуден соң Қайрат Нұрлыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініш- тілегін тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ

