Жасанды интеллект дәуіріне бейімделу – уақыт талабы

Махамбет ауданына Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаевтың келуі – өңіріміздегі даму қарқынын бағамдауға, Президент Жолдауында айқындалған тапсырмалардың орындалу барысын саралауға мүмкіндік берген маңызды шара болды. Кеңесшінің аудан активімен кездесуде жасаған баяндамасы мен пікірлері ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айқын аңғартты.

Мәлік Нұржанұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, онда белгіленген басым міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асырылуының маңыздылығына тоқталды. Бүгінде еліміз әлемдік технологиялық өзгерістердің бел ортасында тұр. Жасанды интеллект, цифрлық сервис, үлкен деректерді талдау – мұның барлығы даму дағдыларымызды қайта қалыптастыратын құралдар. Кеңесшінің айтуынша, бұл жаңашылдықтар мемлекеттік қызметті оңтайландырып қана қоймай, ауыл халқының өмір сапасына да тікелей ықпал етеді.

Менің пікірімше, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бағытында да цифрлық шешімдерді енгізудің уақыты келді. Егін алқаптарын спутниктік бақылау, малды чиптеу, ауыл кәсіпкерлеріне арналған онлайн сервистер – мұның бәрі жастарға жаңа мүмкіндік ашады. Бүгінгі буын технологияны меңгерсе, ертеңгі күні ауылдан да бәсекеге қабілетті мамандар шығады. Президент Жолдауында айтылғандай, әр буын өзінің жауапкершілігін сезініп, ел дамуына үлес қосуы тиіс.

Жасанды интеллект дәуіріне бейімделу – уақыт талабы. Бұл жолда Үкімет, жергілікті атқарушы органдар және қоғам өкілдері бірлесе жұмыс атқарса, Махамбет ауданы заманауи, цифрленген, жаңа мүмкіндіктерге ашық өңірге айналатынына сенім мол. Мәлік Отарбаевтың сапары бізге осы бағытта серпіліс қажет екенін көрсетіп берді.

Өңірдің бай табиғи әлеуеті, еңбекқор халқы және жаңа технологияларды қабылдауға деген ұмтылысы бар. Енді осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, цифрлық трансформацияны іс жүзінде жүзеге асыру – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Қасым-Хан ҰЗАҚБАЙҰЛЫ,
Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT