Салауатты өмір – жарқын келешектің кепілі

Елдің дамуы мен келешегі әр азаматтың өмірлік ұстанымына байланысты екені анық. Қоғамдағы әрбір өзгеріс – адамдардың күнделікті өмір салты мен көзқарасының жемісі. Сондықтан бүгінгі күні еліміз үшін үш негізгі құндылықты айрықша атап өтуге болады. Олар – салауатты өмір салты, адалдық пен әділдік және қоғамдағы қауіпсіздікті сақтау. Бұл бағыттар қатар дамыса ғана Қазақстанның болашағы жарқын, ұрпағы мықты болмақ.

Салауатты өмір – ұлт саулығының кепілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем бойынша жыл сайын шамамен 8 миллион адам темекі шегудің салдарынан көз жұмады. Оның ішінде бір миллионнан астамы темекі шекпесе де, өзгелердің түтінін жұтып , денсаулығына зиян келтіргеннен қайтыс болады. Қазақстанда да жағдай мәз емес – жыл сайын шамамен 17 мыңға жуық адам темекі мен ішімдіктің кесірінен өмірден өтеді екен. Бұл – жай ғана статистика емес, әр үйдің, әр отбасының қайғысы. 

Сондықтан жастарды жаман әдеттен аулақ болып, спортпен шұғылдануға баулу – қоғам үшін аса маңызды міндет. Соңғы жылдары елімізде спортпен тұрақты айналысатындар саны артып келе жатқаны қуантады. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі 40 пайыздан асты. Бұл – салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы үлкен жетістік. 

Ауданымызда да салауатты өмір салтын ұстанушы тұрғындар саны артып келеді. Жастар түрлі спорттық секцияларға қатысып, ауылдық жер¬лерде спорт алаңдары бой көтеруде. Жақында жүргізілген шағын сауалнама барысында ата-ана Андуева Венера: 

«Салауатты өмір салты – балаларымның болашағына жасаған ең үлкен сыйлығым. Ата- ана қандай өмір салтын ұстанса, бала соны үлгі тұтады. Мен ішімдік ішпей, шылым шекпей, спортпен айналыссам – балам да соған үйренеді», – деп өз пікірін білдірді. 

– Екінші ата-ана Мейрамбекқызы Жаннұр да бұл пікірді қолдап: 

– «Балаға сөзден бұрын іспен үлгі болу керек. Егер ата - ана дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ жүрсе, бала да соны қайталайды. Дені сау ұрпақ – ел болашағы», – деген көзқарасын жеткізді. 

Қауіпсіз орта да өте маңызды. Ауладағы, мектептегі тәртіп, көшедегі бейнебақылау – бәрі баланың алаңсыз өсуіне жағдай жасайды. Ал адалдық – тәрбиенің негізі. Баланы кішкентайынан өтірік айтпай, еңбекқор, әділ болуға үйретсек, ол болашақта жақсы азамат болып қалыптасады. 

Салауатты ұрпақ қалыптастыруда заң талаптарының да рөлі зор. Аудандық полиция бөлімшесінің берген мәліметіне сәйкес, Қазақстан заңнамасына сай кәмелетке толмағандарға темекі мен алкоголь өнімдерін сату – заң бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда сатушыға әкімшілік айыппұл салынады. Егер бұл әрекет қайталанса немесе әдейі жасалса, қатаң шара қолданылып, тіпті лицензиясынан айырылуы мүмкін. Бұл – балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Қауіпсіз қоғам құру – ел дамуының негізгі басымдығы. Елімізде жүзеге асқан «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы бүгінде оң нәтижесін беруде. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда ауыр қылмыс түрлері 25 пайызға төмендеген. Бұл – елдегі тыныштық пен бейбіт өмірді қамтамасыз ету жолындағы оң өзгеріс. 

Жастарды салауатты өмір салтына шақыру- қоғам алдындағы маңызды міндет. Осы орайда “Тәуелсіз өмір” жастар қозғалысының жетекшісі Назымгүл Қайсағалиқызы жастар орталығымен бірлескен жиында есірткінің зияны және лудоманияның жағымсыз салдары жайында кеңінен түсіндіріп, жиынға қатысқан жастардың сауалдарына жауап берген еді. Солардың ішінде ең өзектілерін алар болсақ: 

– Жасөспірімдер арасында есірткіге әуестенудің негізгі себептері қандай? 

– Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – жастар арасында есірткінің таралуы. Өкінішке қарай, мектеп жасындағы оқушылар мен жоғары оқу орнының студенттері де есірткі саудасына қатысып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Мамандардың айтуынша, жастардың есірткіге әуестенудің негізгі себептері әртүрлі күйзеліске түсу, өзіне деген сенімсіздік, айналасындағы ортаның теріс ықпалы. Әсіресе, адамды тура жолдан тайдырған ең басты фактор – дұрыс емес қоршаған орта. Есірткіге әуес болғандардың көбі толық емес отбасынан шыққан, ата-ананың мейірімін сезінбеген, тәрбиеде олқылық кеткен жандар екені анықталуда. Түрмеде жазасын өтеп жатқан жастармен жүргізілген сұхбаттар да осыны дәлелдейді. Көпшілігі: “Әкем тыстап кетті”, “Үйде қолдау болмады” деп бастайды. Бұл олардың бала кезден-ақ жылулық пен қамқорлыққа зәру болғанын көрсетеді. Сондықтан ата-ана ең алдымен баласының сыртқы жағдайына ғана емес, ішкі жан дүниесіне де назар аударуы қажет. “Киімі бүтін, қарны тоқ болса жеткілікті” деген түсінік жеткіліксіз. Баламен сөйлесу, сырласу, оның ойы мен сезімін түсіну – есірткінің алдын алудың ең басты жолы. 

– Лудоманияның адамға тигізетін жағымсыз жақтары? 

– Соңғы екі жыл ішінде бізге ойынқұмарлықпен күресіп жүрген азаматтар жиі келуде. Мәселен, бір жігіт 12 жыл бойы вахтада жұмыс істеп, тапқан барлық табысын құмар ойынға жұмсап жібергенін айтты. Оның айтуынша, жалпы шығыны 12 миллион теңгеге жеткен. Ең бастысы, мұндай әдет көбіне ажырасуға алып келеді. Себебі құмар ойынға тәуелді адамдар бүкіл ақшасын соған салып, үйдегі мүлікті сатып жібереді. Уақыт өте келе олар жақындарына өтірік айтып, туыстары мен достарынан қарыз сұрай бастайды. Нәтижесінде айналасына жеккөрінішті болып көрінеді. Ең сорақысы - құмар ойын салдарынан ауыр қылмыстар да орын алады. Мәселен, өз әкесін өлтіріп қойған жағдай да тіркелген. Сондай-ақ әйелін, балаларын тастап кетіп жатқан адамдар да бар. Лудоманиядан арылу оңай емес. Емделу мерзімі кем дегенде үш ай. Бұл кезеңде адам 90 күн бойы отбасынан жырақ жүреді, ол да психологиялық тұрғыдан өте қиын. Одан кейін де отбасы сақтала ма, жоқ па - ол адамның өзіне және жақындарының қолдауына байланысты,- дейді жастар қозғалысының жетекшісі Н.Қайсағалиқызы. 

Атырау қаласында да қауіпсіздікке қатысты бірқатар іс-шаралар қолға алынып отыр. Қаланың аулалары мен көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық тәртіпті сақтау күшейтілді. Жол қауіпсіздігін арттыруға, мектеп маңындағы балалардың амандығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Бұл шаралардың барлығы – әрбір тұрғынның өмірін қауіпсіз етуге бағытталған игі істер. 

Адалдық пен әділдік – қоғам тұрақтылығының басты кепілі. Жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ іс. Адалдық отбасынан басталады. Әр ата - ана баласына адалдықты үйретсе, ұстаз оқушыға білімді әділ берсе, қызметкер өз жұмысына жауапкершілікпен қараса – қоғамымыз таза, болашағымыз сенімді болмақ. 


А.АСҚАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT