Мемлекет басшысының кеңесшісі Махамбет ауданы активімен кездесті

Махамбет ауданына Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев жұмыс сапарымен келіп, аудан активімен кездесу өткізді. Сапар мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында белгіленген міндеттердің өңірде орындалу барысын бағалау және алдағы міндеттерді нақтылау.

Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Д.Шамұратов, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен аудан активі қатысты. Кездесуде аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Аудан басшысының мәлімдеуінше, денсаулық сақтау саласында бірқатар жаңалықтар бар. Аудандық аурухана базасында гемодиализ орталығын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «B.B.NURA» ЖШС-не үш бөлме жалға беріліп, қажетті жабдықтарды орнатуға дайындық басталған. Ауданда бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен «Д» есепте тұрған 12 науқас бар, жаңа орталық олардың ем алу мүмкіндігін айтарлықтай жақсартпақ.

Еңбек ардагері Амангелді Есенғалиев жиында ауыл шаруашылығы, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым мәселелері жөнінде пікір білдірді. Ол Жалғансай ауылында жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып, Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді бірлікпен орындаудың маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдегі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, бірқатар мәселелерді жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану арқылы тиімді шешуге болатынын атап өтті.

— Президент Жолдауы озық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті кеңінен меңгеруге үндейді. Бұл жаңашылдықтар қызмет сапасын арттырып, басқару жүйесін оңтайландыруға жол ашады. Қазақстан халықаралық деңгейде өзінің айқын ұстанымын көрсетіп келеді. Қытай, АҚШ, Ресей басшыларымен өткен кездесулер – еліміздің терезесі тең мемлекет екенін айғақтайды. Бүгінде елді дамытуға стратегиялық тұрғыда ойлайтын азаматтар қажет, — деді кеңесші.

М.Отарбаев соңғы жылдары жүргізілген саяси реформаларға тоқталып, елдің цифрлық экожүйесі қалыптасып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, құжат айналымы мен мемлекеттік қызмет көрсету саласында цифрлық технологиялардың үлесі едәуір артқан.

— Бұрын Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы сынды заңдар жүйесі жұмыс істеген болса, бүгінде олардың жалғасы іспетті Ата Заңымыз отыз жыл бойы елге қалтқысыз қызмет етуде. Махамбет ауданы – жылыжай кешені мен егін шаруашылығы дамыған аймақ. Тұрмыстық мәселелердің болуы заңды, олардың барлығы заң аясында шешілуде. Саяси реформалардың өзегі — Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы, — деді кеңесші.

Кездесуді қорытындылаған Мәлік Нұржанұлы Президент Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды өңірлерде тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT