Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында – жасанды интеллект дәуіріне тоқталды. Бұл – тек жаңа технология емес, бүкіл қоғамның өмірін өзгертетін үлкен бетбұрыс.
Жасанды интеллект қазірдің өзінде өндіріс пен ғылымда, денсаулық сақтау мен білімде кеңінен қолданылып келеді. Демек, алдағы жылдары ол біздің өміріміздің барлық саласына енетіні анық. Мемлекет басшысы осыны ескере отырып, Қазақстан жастарына зор сенім артып отыр. Себебі жаңа дәуірдің басты күші – білімді, ойлы, жаңашыл жастар.
Махамбет ауданында 14-35 жас аралығындағы 8 мыңнан астам жас бар. Бұл – ауданымыздың болашағы , ең қымбат қазынасы. Жыл басынан бері жастардың қатысуымен 90-ға жуық түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға, цифрлық сауаттылыққа, экологияға, спорт пен мәдениетке қатысты шаралар бар. Сонымен қатар аудан жастары волонтерлік қозғалысқа да белсенді араласып, қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Осындай жұмыстардың барлығы Жолдауда айтылған міндеттермен үндесіп жатыр.
Жасанды интеллект дәуірінде табысты болу үшін ең алдымен білімді болу қажет. Президент ғылымға, білім сапасына ерекше мән берді. Бұл – жастарға жасалған үлкен мүмкіндік. Біз ауданымызда IT саласына қызығушылық танытқан жастарды қолдап, түрлі тренингтер өткізіп келеміз. Олардың арасында жаңа технологияны меңгеріп, жаңашыл жобалар ұсынуға дайын жастар өсіп келеді.
Сонымен бірге, жас ұрпақ тек технологияны ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды да қатар ұстануы қажет. Өйткені жаһандану дәуірінде өз мәдениетін, тілін, тарихын құрметтеген ел ғана биікке шығады. Осы бағытта да аудан жастары түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып, дәстүрімізді дәріптеп жүр.
Жолдауда көтерілген басты ой – уақыт талабына сай бейімделу, жаңа белестерге ұмтылу. Біз, аудан жастары, осы міндетті терең түсінеміз. Жаңашылдыққа ұмтылып, білім алып, елдің дамуына үлес қосу – әрқайсымыздың борышымыз. Президент жастарға үлкен сенім артып отыр. Бұл сенімді ақтау үшін біз бірлікпен, еңбекпен, ізденіспен әрекет етуіміз қажет.
Жасанды интеллект дәуірі – жаңа сын-қатерлермен қатар, үлкен мүмкіндіктер кезеңі. Ал осы мүмкіндікті тиімді пайдалану – біздің қолымызда. Сондықтан біз, аудан жастары, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге әрдайым дайынбыз.
А.ҚОНЫСБАЕВ
Махамбет аудандық
Жастар ресурстық орталығының басшысы