Жасанды интеллект: білім беру саласында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында білім мен ғылымды жетілдіру бағытында бірқатар маңызды және өзекті міндеттерді атап өтті. 

Қазіргі таңда цифрлық технология – ел дамуының қозғаушы күшіне айналғаны рас. Цифрлық технологияның арқасында көптеген салалар түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Білім беру саласында да онлаин оқыту, қашықтықтан білім алу жүйесі кең қолданысқа енді. Электронды күнделік, виртуальды сыныптар, білім беру платформалары оқушылар мен мұғалімдер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналды. «AI-Sana» және «Qazaq Digital Mektebi» секілді бастамалар — Қазақстанның цифрлық трансформацияға бет бұрғанының нақты айғағы. Бұл жобалар арқылы ауыл мен қала оқушыларына тең цифрлық мүмкіндік беру, қашықтан оқыту жүйесін кеңейту, мұғалімдер мен оқушылардың заманауи технологияларға бейімделуін қамтамасыз ету көзделіп отыр. «Nazar» жобасындағы камераларға оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллектіні енгізу қаланың 64 мектебінде жүзеге асса, биылғы оқу жылында аудан мектептеріне де біртіндеп қосылады деп жоспарлануда.  

Жасанды интеллектпен жұмыс істеуге ерте жастан баулу үшін Президент ең алдымен мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеуді тапсырды.

Осыған орай, 2026 жылдан бастап оқушыларды жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрететін арнайы пәндер енгізілмек. ЖИ интеграциясы «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінен басталады. Бұл бағытта орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолданудың этикалық стандарттары бекітілген. Оқушылар үшін Day of AI онлайн курстары, ал педагогтер үшін үш деңгейлі біліктілікті арттыру курстары әзірленген.

Озық инфрақұрылым мен заманауи технологияларды енгізу өздігінен нәтиже бере алмайды, егер оны іске асыратын кәсіби маман болмаса. Осы ретте, мұғалімдерді жаңа форматта даярлау, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру — басты міндеттердің бірі.  Бұл – тек технологияны тұтынушы емес, оны жасайтын ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған қадам. Президенттің бұл мәселеге де назар аударуы — ұстаз мәртебесін нақты іспен көтерудің көрінісі.

Жалпы алғанда Мемлекет басшысының бұл Жолдауы білім саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты және өзекті құжат. Әсіресе, мектеп инфрақұрылымын жаңарту мен жасанды интеллектіні енгізу — еліміздің болашағына салынған ұзақ мерзімді инвестиция. Жаһандық бәсекеде ел абыройын асқақтатын білімді, саналы әрі заманауи технологияларды меңгерген  ұрпақ тәрбиелеу – бүгіннен басталады.   


В.Қабышева,
аудандық білім бөлімінің басшысы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT