Әлеуметтік төлемдер оңтайландырылады

Президентіміз Қ.Тоқаев атап өткендей, елдің тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен халықтың әл-ауқатына байланысты. Әлеуметтік әділеттілік орнамай, әділетті Қазақстан құру мүмкін емес. Сондықтан Жолдауда әлеуметтік саясатты жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінді. 

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан төленетін жүзге жуық әлеуметтік төлемдер бар. Бұл орайда Президентіміз: «Жәрдемақы – табыс көзі емес, уақытша көмек. Масылдыққа жол берілмейді» деп нақты айтты. Ендігі жерде Үкіметтің бастамасымен әлеуметтік төлемдер оңтайландырылып, қажетсізі қысқартылып, қаражат ең алдымен шын мұқтаж жандарға бағытталатын болады. 

Ал әлеуметтік төлемдерді оңтайландырудан үнемделген қаржы жаңа мектептер мен балабақшалар салуға, ауруханалар мен емханаларды жөндеуге, халыққа қызмет көрсететін орталықтар ашуға жұмсалады.

Бұған дейін әр облыста әлеуметтік жеңілдіктер әртүрлі төленіп келді. Алдағы уақытта жаңа жүйе бойынша жәрдемақылар бүкіл ел аумағында бірдей мөлшерде белгіленеді. Бұл – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті шешім болмақ. 

Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылдан бастап  халыққа төленетін ең төменгі базалық зейнетақы және жалпы зейнетақы, мүгедектігі бар азаматтарға және көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы, бала туғанда берілетін біржолғы төлемдер көлемі арттты. Бұл – халықтың тұрмысын жеңілдетіп, әлеуметтік әділеттілікті нығайтатын нақты қадам.

Жәрдемақы – уақытша көмек екенін бәріміз түсінуіміз керек. Ал негізгі табыс көзі – еңбек. Сондықтан Президент жаңа жұмыс орындарын ашуды, кәсіпкерлікті дамытуды, жастарды қайта оқытуды тапсырды. 

Әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мемлекет алдындағы – маңызды міндет. Бұл орайда әлеуметтік саланың жаңғыруы – халқымыздың әл-ауқатын арттырумен қатар  ел дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз. 


Ж.Пазулов, 
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
 бөлімінің басшысы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT